Депутаттар отандық өнімді қолдайтын заңды қайта қарастырмақ

30 Тамыз 2023, 19:36 915

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Астана электротехникалық зауытының еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Анас Баққожаев кездесу барысында жиынға қатысушыларға Мәжіліс депутаттарының бірінші сессиясында атқарған жұмысы жайлы толық мәлімет берді. Әлеуметтік маңызы бар қабылданған заңдар жайлы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Еңбек ұжымының мәселелерін тыңдап, ұсыныстарын жинақтады.

Жұмысшылар Қазақстанда трансформаторлар шығаратын мұндай зауыттар соңғы уақытта дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, мемлекеттік сатып алулар заңы аясында шетелдік емес, отандық өнімнің неғұрлым көбірек сатылу тетіктері қарастырылса деген тілек білдірді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру өте маңызды. Бұл халық пен билік арасын жақындатады. Жалпы ұлт, халық болып мемлекет алдына қойған мақсаттарға жетуге арқау болады. Күзде басталатын сессияда Мәжіліс мемлекеттік сатып алулар заңын талқылайды. Сол кезде отандық трансформаторлардың өтуін қамтамасыз ету жолдарын қарастырамыз, - деді Анас Баққожаев. 

Берік Арманов
Бөлісу: