Депутаттар өңірлердегі әлеуметтік қызмет көрсету мәселелерін бақылауға алды

4 Шілде, 15:43 563

Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Оралда әлеуметтік қызмет алушылармен, атап айтқанда ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарымен, көп балалы отбасылармен және жалғыз басты аналармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлердегі әлеуметтік қызметтерді алушылар өздеріне заң жүзінде тиесілі мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті хабардар емес. Орал тұрғындары депутатпен кездесуде мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы ақпараттандыруының төмендігіне шағымданды. Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялар қызметінің ашық болмауы да сұрақ туғызады.

Ажар Сағандықова Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Ол мемлекеттік органдарға өз жұмысындағы ұстанымдары мен тәсілдерін өзгертуді ұсынды.

Алайда мен мемлекеттік органдарда бұған қаражат жоқ деген жауап алдым. Менің ойымша, бұған көп қаржы қажет емес. Тек талдау жүргізіп, тапсырыс деңгейінде мұндай комиссиялардың жұмыс істеу ережелерін өзгертіп, халықпен көбірек араласу қажет. Партияның облыстық филиалымен бірлесе отырып, бұл жағдайды қадағалайтын боламыз, – деді А.Сағандықова.

Сондай-ақ депутат Қазақстанда цифрландыру белсенді дамып келе жатқандықтан халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтары электрондық қызметтерді алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.

Қызметтерді үйден шықпай-ақ электронды түрде жасау мүмкін болса да азаматтарға көптеген мекеменің есігін қағуға тура келеді. Егер ана төртінші баланы дүниеге әкелсе, оның мәртебесі автоматты түрде көп балалыға ауысуы керек. Бізге қазір осы цифрлық платформалардың барлығын біріктіретін жаңа платформа әзірленіп жатқанын айтты, бірақ өңірлерде оның әлі жұмыс істей қоймағанын көреміз. Біз бұл мәселені қадағалаймыз, – деді депутат.

Сапар аясында мәжілісмен облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен де кездесті.  Отырыста су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы есептеу жөніндегі комиссияның жұмысы, киіктердің мәселесі және өңірдегі басқа да өзекті түйткілдер талқыланды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: