Депутаттар Бітімгерлік операциялар орталығының қызметімен танысты

10 Желтоқсан 2023, 06:31 1058

Іс-шараға қатысқан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Парламент депутаттарымен бірге орталық нысандарында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол меймандарды конференц-зал мен оқу корпусына апарып, Бітімгерлік операциялар орталығы (KAZCENT) қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.

Онда әскери, полиция және азаматтық персоналды БҰҰ миссияларына қатысуға бітімгерлік және тілдік дайындау жүзеге асырылады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин өткізген брифинг барысында депутаттар бітімгерлік қызметті одан әрі дамыту және кеңейту туралы сұрақтарға жауап ала алды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Қорғаныс министрі біздің алдымызға БҰҰ аясындағы миссияларға қатысатын қазақстандық бітімгерлік контингенттің әлеуетін арттыру міндетін қойды. Осыған орай біз өз дағдыларымызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Оқыту процесіне барынша мұқият қараймыз. Контингент сапалы және жан-жақты дайындықтан өтті. Барлық қажетті мүлікпен, қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етілді, - деп нақтылады полковник

Б. Нығметуллин. - Қазір біз БҰҰ бағалау тобын күтіп отырмыз. Тексеруден кейін бітімгерлік операциялар барысында тапсырмаларды орындауға жүз пайыз дайын боламыз деп ойлаймын.

"Бітімгер" оқу орталығына барған кезде депутаттар БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу үшін ұлттық контингентті дайындау ерекшеліктерімен танысты, әскери қызметшілерді қару-жарақпен, әскери техникамен және мүлікпен жарақтандыруды тексерді.

Полигонда бітімгерлер бітімгерлік базасын күзетуді қамтамасыз ету, блок-бекетті ұйымдастыру және патрульдеу жөніндегі міндеттердің орындалуын көрсетті. Базаны минометпен ату, зардап шегушіні жаралау және эвакуациялау кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, арнайы инженерлік робототехниканы қолдана отырып, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны залалсыздандыру кезіндегі жағдайлар модельденіп, жеке құрамның іс-әрекеттері пысықталды.

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанна Асанова KAZCENT нысандары және бітімгерлік контингентін дайындау үшін жасалған мүмкіндіктер туралы өз пікірімен бөлісті.

Бітімгерлік қызмет - елдер арасында диалог құру, дипломатиялық байланыстарды нығайту және тұтастай алғанда бейбітшілік үшін маңызды элемент. Бүгін біз бітімгерлеріміздің жауынгерлік, күш-қуат тұрғысынан дамығанын және шет тілін жақсы меңгергенін көрдік. Бітімгерлік операциялар орталығының базасында әскери қызметшілердің қажетті білім алуы үшін барлық  жағдайлар жасалған, – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігімен қазақстандық әскерилердің БҰҰ бітімгерлік миссиясын Голан биіктіктерінде өткеру мәселесі пысықталып жатыр.

Сапар KAZCENT мұражайын аралаумен аяқталды. Онда депутаттар Қазақстандағы бітімгерліктің даму тарихы туралы баяндайтын экспозициялармен танысты.

Перизат Саденова
Бөлісу: