Депутат – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі»

29 Маусым 2022, 17:27 6851

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының депутаттары аудандағы су, жол, жарық мәселелерін шешуге жүйелі кірісті.

Халық биліктің қайнар көзі. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару арқылы тұрғындар өздері дауыс беріп, қалаған адамын сайлайды. Депутатты халық таңдайды. Ол халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы Жолдауында халықтың жергілікті билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттың ықпалын күшейтуді тапсырды.

Депутат – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Қай жерде не мәселе бар, оның шешілу жолдарына ұсыныс беруші. Олар мемлекеттік бағдарламаларды насихаттайды, аудандық комиссияның құрамында жұмыс жасайды. Ұзын сөздің қысқасы, депутат атқарушы органмен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шешуге бірлесе атсалысатын тұлға. Біз Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы депутаттары Оралбай Молдабаев, Нұргүл Орынбасаровадан Жаңаарқа ауданы мен ауданға қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігін, ауылдың даму жаңашылдықтарын сұрап білдік.

Оралбай Молдабаев 2016 жылдан бастап қалпына келтіру поездінің басшысы болып қызмет атқарады. VII-шақырылым депутаты. «Amanat» партиясының мүшесі.

–Оралбай Нәсенұлы, сіз өткен жылы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің түрлі деңгейдегі мәслихаттарын сайлау мерзімінде, яғни партиялық тізім бойынша VII-шақырылым депутаты болып бес жылға сайландыңыз. Депутат ретінде қандай келелі мәселенің күрмеуін шештіңіз?

–Рақмет. Осы Жаңаарқа жерінде туып өсіп, ер жеттік, туған жерден табан аудармай, темір жол саласында еңбек етіп келемін. Өзіңіз айтқандай өткен жылы Жаңаарқа аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым. Өз шама-шарқымызша алған мандатымызға адалынан, туып өскен жеріміздің өркендеп дамуына қоғамдағы көтерілген мәселелердің шешілуіне тиянақты жұмыс жүргіземіз.

–Сіз мәслихат ішіндегі бюджет және аймақтық саясат жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы екенсіз. Алғашқы депутат болған сізге қиынға соққан жоқ па? Комиссияның жұмыс барысы қалай?

– Әрине, “көрмеген жердің ой-шұңқыры көп,”- дейді ғой. Әр жұмыстың өзіндік қиыншылығы мен қызығы болатыны сөзсіз. Осы сайланған әріптестерімнің жартысы өткен шақырылымда сайланып қызмет атқарған депутаттар, одан бөлек мәслихат аппараты толыққанды жұмыс істеп отыр. Заңгер, экономист өз ісінің мамандары, әбден тәжірбие жинақтаған қызметкерлер көмектерін аяп жатқан жоқ, ешқандай ауыртпалық жоқ. Комиссияның негізгі жұмысы – мемлекеттен бөлінген бюджет қаражаттарын дұрыс бағыттап, сапалы жұмыс жүргізу. Бұл негізде бірінші халықтың талап-тілектері, өтініштері, жасалған ұсыныстары ескеріліп, депутаттардың талқысына түседі. Қанша қаржы қайда жұмсалады, қажеттілігі қандай деген талқылаулардан өтеді.

– Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару заңында депутаттар ел алдында жылына бір рет есеп береді делінген. Халықпен жиі кездесу жүргізіле ме? Аудан тұрғындары қандай түйіткілді мәселе көтеріп отыр?

– Аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов, аудан әкімі Юржан Бекқожинмен келісе отырып, өткен жылдың қазан айында кесте бекітіліп, аудандық мәслихаттың депутаттары екі-үштен бірігіп мәслихат аппаратынан бір мемлекеттік қызметкер бар ауылдарды аралап халықпен кездесулер өткіздік. Ел ішінде мәселе көп. Мысалы: жайылымдық жерлердің тапшылығы, ұялы байланыс, интернеттің өз мәнінде жұмыс істемеуі, ауылға кіреберіс ішкі жолдардың жағдайы, электр шамдарының жағдайы, адамдардың жеке басының шаруалары. Осы көтерілген мәселелердің бәрін қағазға түсіріп депутаттар қорытынды жасаймыз. Олардың шешілу жолдарын іздейміз, кент, ауыл әкімдері, аудандық бөлім басшыларына, аудан әкіміне ұсыныстар айтылады, облысқа, тіпті республикалық деңгейде хаттар жолданды, айтылған мәселелердің шешілу жолдары осылай қарастырылады. Әрине барып келе салып шаруаны шешіп тастаймыз демейміз, бірақ жұмыс жүргіземіз. Уақыт алады, бірақ айтылған өтініш аяқсыз қалмайды.

– Бүгінде Жаңаарқа бойынша көтерілген сұрақтар шешімін тапты ма?

– Ералиев ауылдық округіндегі демеушілер көзінен салынған халық тұтынуы керек монша не жұмыс істемейді, не толыққанды құжаты жоқ екен. Ауыл тұрғындары осы моншаның қызығын көрсек, жуынып-шайынып отырсақ деген өтінішін білдірген. Бүгінгі күнде құжаттары толық жасалу үстінде, ауыл әкіміне тапсырма берілген, аудандық құжаттарды реттеу бөлімдеріне ұсыныстар айтылған. Шамалы уақытта құжаттары рәсімделіп, ауыл әкімінің баланс есебіне беру жағы қарастырылып жатыр. Ауыл әкімі қарамағына алғаннан кейін ауыл ішінде сол нысанға ие болам деген азаматтар болса иелік етіп, халыққа қызмет көрсететін болады. Оның ауылы алыс емес. Тек қана құжаттандыру жолдары бес-алты ай уақыт алады. Ел оны дұрыс түсіне білу керек. Бұл жұмыс мәслихаттың толықтай бақылауында.

Түгіскен ауылдық округінің тұрғындары көтерген ең түйткілді жағдай үйлері теміржол мекемесінің есебінде екен. Көп жылдан бері осы үйлерде тұрып келе жатыр, меншік иесі емес, құжаттары жоқ он бір үй бар екен. Осы үй иелерінің құжаттарын жекешелендіріп аттарына түсіріп беруге жұмыс жүргіздік. Тұрғындардың үйлері аттарына түсіп ел қуанышты, өздерінің жеке меншік құқығы бар үй иесі болды. Адамның басты мәселесі баспана ғой. Бұл үлкен шаруа. Осы теміржол саласының маманы болғаным жұмыстың тез шешілуіне көмек болды. Бұл саланың басшыларын, мекемелерін бәрін жақсы білемін. Теміржолшы депутат болып не істейді дегендер де болатын шығар. Қоғамда әр түрлі осындай мәселелер бола береді ғой. Осындай азғантай істерге көмегіміз тиіп жатса халық алдында аманатқа адалдығымыз деп біліңіздер.

– Пікіріңіз орынды. Ал, бюджеттің бөліну тұрғысынан мәселе бар ма?

– Көп сұрақтың жауабы да болады. Ақтау ауылдық округінде халықпен кездескенде ауыл шамының әлсіздігі, шамдардың сығырайып жанатындығы мәселе болып көтерілді. Тоқ таратушы КТП жоқтығы айтылған еді. Биылғы жылдың алғашқы бюджеті нақтыланған кезде Ақтау ауылының тоқ таратқыш КТП алуға бюджеттен қаражат бөлдірдік. Қазір мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақын арада бұл мәселе толықтай шешімін табады. Ақтау ауылында қуанатын кез алыс емес.

– Оралбай Насенұлы, Жаңаарқа ауданында жаңа ықшам аудан бой көтеріпті. Осыған байланысты халықта, қоғамда туындап отырған мәселе бар ма?

– Аудан өсіп келеді «Елге-ел қосылса құт» дейді ғой. Осы аудан ішінде жүретін қоғамдық көлік керек. Бұл жұмыс бюджеттік қаржыдан жүзеге асырылмайды, кәсіптік негізде атқарылатын жұмыс. Бұған мемлекеттен берілетін көмектер, жеңілдіктер, субсидиялар бар, оған бір кәсіпкер шығу керек. Мемлекеттік көмекті пайдаланып қоғамдық тасымалды ұйымдастырса дейміз. Бұл жөнінде Жаңаарқа кент әкіміне, Жаңаарқа аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысына ұсыныстар жасап отырмыз.

Нұргүл Орынбасарова 2006-2010 жылдар аралығында Жаңаарқа ауданы бойынша кәсіпкерлер қауымдастығының төрайымы. Бүгінде жеке кәсіпкер. VI-VII шақырылым депутаты. «Amanat» партиясының мүшесі.

– Нұргүл Оқасқызы, Жаңаарқа ауданындағы өзекті мәселелерге тоқталсаңыз.

– Рақмет, өткен екі жылымыз елді шектеп тастады, адамдар аурумен арпаласып кеттік қой. Төтенше жағдай енгізілді. Енді қалыпқа түсіп келе жатырмыз. Халық болғаннан кейін проблемалар болу заңдылық. Өзіңіз де осы ортада жүрсіз, біздің аудан жақсы дамып келе жатыр, бұл үшін бірінші халыққа рақмет айтуымыз керек. Заман ағымына ілесіп, жатпай-тұрмай еңбектеніп, малын бағып, құрылысын жүргізіп, кәсіптерін ашып, дамып келе жатыр. Аудандағы қазіргі өзекті жағдай электр жарығы болып тұр. Бұл жағдайда алдағы уақытта бір қалыпқа келеді.

– Ауылдарда қандай маңызды мәселе бар? Қалай шешімін табуы керек?

– Қараағаш ауылдық округінде интернет желісінің толықтай тартылмауын алға тартқан болатын. Санаулы он бес үйге кабель жетіспейді деген желеумен интернет тартылмаған. Ақылдаса отырып жоғарыда отырған басшылықтарға депутаттық сауал жолдадық. Бүгінгі күні ауылда толық интернет істеп тұр, жылдамдығы да жақсы. Қараағаш АТС орталығына генератор, аккуммулятор жаңадан әкеліп қояды, бұл мәселені де қозғаған болатынбыз.

Ералиев ауылына барғанда жастар жылыжайда көкөністер өсірсек деп ойларын бөліскен еді. Оған бірінші жер, су қажет екені белгілі, оны ауыл әкімі шешіп берді. Мемлекеттік қандай көмек болатынын қарастыру шарт. Егілген дән өнім беріп жатса халыққа қол жетімді, табиғи таза өнім болмақ.

– Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев Жолдауында елді мекендерді көгалдандыру негізінде алдағы бес жылда 1,5 миллион көшет егуді көздеген еді. Жаңаарқа аударында бұл тапсырмалар қалай жүзеге асып жатыр?

– Елді мекендерді аббатандыру негізінде Жаңаарқаға бюджеттен қаражат қарастырылады, оны күтіп-баптауға, суаруға да қаржы бөлініп отыр. Ал ауылдық округтердің өз бюджеті өздерінде, арнайы есеп шоттарына түскен қаржының жұмсалу бағыты осы көгалдандыру болуға тиісті. Одан бөлек аудан басындағы саябақтар да бюджет қаржысы негізінде көгалдандырылады. Сондай-ақ, демеушілермен жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазір жаппай қылқан жапырақты ағаштар егілуде, олар тамырын тереңге тартып, табиғатымызға бейімделіп өсіп кету үшін жас баланы тәрбилегендей мәпелеп, күтіп отыру керек. Бұл жерде егілген ағаштың санына емес, сапасына қарау керек.

– Жыл басынан бері қымбатшылық сезіліп, оның үстіне көршілердегі геосаяси жағдайлар әсер етіп жатыр. Жаңаарқа ауданы әкімінің жанынан құрылған азық-түлік, азық-түлік емес тауарларға инфляциялық процестерді тежеу жұмыс тобы қалай жұмыс атқарып жатыр? Аудандағы баға бағамы қалай?

– Иә, жұмыс тобы құрылды. Аптасына екі рет барлық дүкендерге мониторинг жүргіземіз. Баға негізсіз көтеріліп кеткен жоқ. Қадағаланып отыр. Облыстан, қаладан көтерме бағалармен сатып алу бойынша аудандағы біздің үлкен сауда дүкендері 10-15 пайыз үстемемен сатады. Сол бағамен аудан және ауылдық жерлердегі дүкендерге таратылды. Біз жалпылама қаладан әкелінген тауарларға бағаның қосылуын шектен тыс асырмауын қадағалаймыз. Өткен аптада қант қымбаттайды деген желеумен ел дүрлікті. Оған алаңдайтын негіз жоқ, мемлекет тарапынан бұған толық түсініктеме берілді. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметіне сәйкес ауданда қант қоры жеткілікті. Негізсіз баға өсімі байқалмайды.

– "Депутат - халық пен билік арасындағы алтын көпір" – дейді. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» жобасы бойынша тұрғындар әлеуметтік желі арқылы да өтініштерін жеткізіп жатады. Халық пен билік арасындағы байланыс қандай?

– Депутаттар тарапынан жасалған іс-шараларды үнемі хабарлап отырамыз. Ауылдарды аралап халық ортасында боламыз, айтылған ұсыныс-өтініштерді атқарушы органға жеткіземіз. Келісіп жұмыстар жасалып жатыр. Оның үстіне әлеуметтік желі арқылы халық ашық пікірін білдіреді. Айтылған, жазылған мәселелер дер кезінде назарға алынады. Аудан әкімінің бақылауында. Кей жағдайларда берген ақпараттары шындыққа жанаспайды. Ол адамдардың түсінігіне байланысты.

– Депутат ретінде қандай шаруаны қолға алдыңыз? Нәтиже бар ма?

– Қазір экологиядан ба, әлде басқа да жағдайлардан ба мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Осы балаларды ауруханаға, мерекелік іс-шараларға алып барып жүретін инвотакси керек. Бұндай инвотаксиді мекеменің сатып алуға бюджеттік құқығы болмай отыр. Жеке кәсіпкер шығып қызмет атқарам десе, бюджеттен қаржысын төлеуге болады. Қаражатты жыл сайын аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қарастырады. Бірақ мемлекеттік сатып алу сайтына шығып қызмет көрсетемін деген кәсіпкер болмай отыр. Осы инвотаксиды мекеменің баланс есебіне алып, балаларға қызмет жасатсақ деген ойымыз бар.

– Сұқбаттарыңызға рақмет! 

 


Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: