Депутат Жошы ұлысының 800 жылдығын насихаттауды ұсынды

11 Қаңтар, 16:14 2167

Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстан тарихы туралы мектеп оқулықтарын жаңа көп томдық негізінде жазуды ұсынды, хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол өз халқының тарихын білмеу қасірет деп біледі. «Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Бұл кезде халық өз тарихын бұрмаланған түсініктен қате танымда қалыптастыра бастайды» деп пікір білдірді.

Сенатор Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік болып отырғанын айтты.

Оқи отырыңыз: 

Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы да деректер енгізу керек. Мәселен 6-7 сыныпқа арналған оқулықта Моғолстан мемлекетіне 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі, – деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі еліміздің жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына Қазақстан тарихының кейінгі нұсқасын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады.

Осыған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысы туралы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастырғанын, тіпті ЮНЕСКО-да іс-шара өткізгеніне назар аударды. Сенатор биылғы жылы аяқталатын Қазақстан тарихы бойынша көп томдық ұлы Жошы хан туралы да тың деректер береді деген үмітін білдірді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: