Депутат жолаушыларды әуе компанияларынан кешіккені үшін 1,5 миллион өтемақы өндіріп алуға шақырды

8 Тамыз 2023, 16:15 1550

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев жолаушыларды кешіккен ұшақтардан өтемақы өндіріп алуға шақырды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі. 

Жазда қозғалыс көбейеді. Елдің ішіне де, сыртына да саяхат, демалыс, балалардың каникулы деп тыным таппаймыз. Қозғалыс көбейген соң жолаушылар тасымалында қиындық туындап, желіден үнемі реніш пен ашуға толы жазбалар оқып тұрамыз. Ұшақтың кешігуі, пойыздың кестеден қалып қоюы секілді оқиғалардың аптасына әлденешеуі белгілі боп жатады. Менің де айтпақшы осы жөнінде, - дейді Самат Мұсабаев.

Ол әріптесі Еділ Жаңбыршин екеуі Астанадан Ақтау қаласына ұшқан сапары туралы айтқан.

Астана әуежайына біз уақтылы келгенімізбен, Air Astana-ның ұшағы уақтылы ұша қоймады. Уақтылы дегенде жарты сағат, бір сағат дегенге етіміз әбден үйренді ғой. Енді бұлар екі сағат, үш сағаттап ұшпауды шығарыпты. Біздің ұшағымыз бақандай 3,5сағатқа кешігіп ұшты.Отандық әуе компанияларының осы жауапсыздығына зығырданым қайнап жүретін. Былтыр Мәжіліске келген көп заңның бірі – дәл осы тақырыпқа қатысты «Көлік туралы заң» болды, - дейді депутат.

Ол алдарына келген заңға «тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3% өтемақы ретінде қайтаруы тиіс» деген түзетуді Жаңбыршин екеуі ұсынған.  

Яғни, ұшақ, пойыз немесе автобус бір сағат кешіксе 3%, екі сағатқа 6%, осылайша қосыла береді. Тіпті, бұлай жалғаса берсе жолаушы билет құнын толық қайтарып алуы да мүмкін. Бұл, әрине, тасымалдаушыларға ұнаған жоқ. Алайда, халыққа керек түзету, ел үнемі шағымданатын нәрсе болған соң сөзімізден танбай, айтқаннан қайтпай отырып алдық. Ақыры, Мәжіліс заңға толықтыру енгізді, Сенат мақұлдады, қаңтар айында Президент қол қойды. Сүйтіп, осы жылдың басынан бері бұл заң күшіне енген.  Air Astanaның ұшағы төрт сағатқа жуық кешігіп ұшты. Еділ ағам екеуміз елге аман есен жеттік. Үйге келдім де, «өзіміз ерекше еңбек сіңірген заң еді, қалай жұмыс істеп тұрғанын көрейінші» деген оймен, компанияның ресми сайтына кіріп, шағым қалдырдым, - дейді мәжілісмен.

Ол үш сағаттан астам уақыт кешіккені үшін билет құнының 10% сомасын қайтарып алған.

Бұл үшін не істеу керек? Реті былай:

1) Компанияның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірі, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және электрон поштаңызды жазасыз. Яғни, шағым қалдырасыз.

2) support@help.airastana.com - тұтынушылардың қолдау бөлімінен жауап келеді, "сіздің шағымыңыз тіркелді" деген жауап болады және қосымша анкета жолданады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз.

3) «Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді» деген хабарлама келеді.

Өз басымнан кешкен оқиға. Өзіміз енгізген ұсыныстың, қабылдаған заңның жұмыс істеп тұрғанын көріп, қуандым. Бірақ Жаңбыршин екеуіміз ұшқан рейспен Ақтауға 180 жолаушы келді. Солардың арасынан компанияға шағым түсіріп, өтемақы талап еткен жалғыз мен болармын. Егер сол 180 адамның әрқайсысы шағым жасап, кем дегенде 8 - 9 мың теңгеден өтемақы алатын болса, сол күні Air Astana кешіккен бір рейс үшін шамамен 1 440 000 теңгедей өтемақы төлеген болар еді...Әр рейс үшін бір жарым миллион төлеп отыру кімге ұнайды? Келесіде кешікпеуді үйренер еді, - дейді Самат Мұсабаев.  

Алмас Абылай
Бөлісу: