Депутат жетім балалар баспаналы болуы тиіс деп санайды

Бүгiн, 13:42 152

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке қоғамдағы ең осал топтардың бірі – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда 21 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Бұл жай статистика емес, бұл - біздің балаларымыз, біздің болашағымыз. Және сол болашақтың қандай болатынына біз жауаптымыз. Мемлекет жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға қомақты қаражат, яғни 38,7 млрд теңге бөледі, бірақ бұл қаражаттың тек 7,5 млрд теңгесі оларды отбасыларға орналастыруға жұмсалады.  Бұл 17 660 бала (82%), оның ішінде қамқорлықта (15 668), патронаттық тәрбиеде (1 660), асырап алған отбасыларда (175), отбасылық үлгідегі балалар үйлерінде (157). Бір баланы асырауға жылына шамамен 425 000 теңге көзделген, - дейді депутат.

Бұл ретте бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 31,2 млрд. теңге  4 137 баланы (18%) асырауға жұмсалады, олар  білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 121 ұйымда орналасқан.

Ол жақта 11 854 қызметкер жұмыс істейді, яғни бір балаға 3 қызметкерден. Ал 1 баланы асырауға жылына 7,5 млн. теңге бөлінеді. Балаларды тәрбиелеудегі түпкі мақсат, олардың әлеуметтік санатына қарамастан, қоғамда бәсекеге қабілетті және парасатты азаматты дайындау болуы тиіс. Балалар үйі түлектерінің тағдыры - жүйенің тиімділігінің көрсеткіші. Сонымен қатар, патронат ата-ана ретінде үлкен тәжірибеге ие бола отырып, балалар үйлерінің қызмет жүйесінде анықталған бірқатар мәселелермен бөлісіп, олардың шешу жолдары туралы блгіміз келеді, - дейді мәжілісмен.

Оның сөзінше, біріншіден, бүгінде қазақстандық қоғам әлеуметтік жетімдікті жою, балалар үйлерін жабу қажеттілігі туралы айтып келеді. Елімізде балалар үйінің функцияларын балаларды қолдау орталықтарына трансформациялау үдерісі белсенді жүріп жатыр. Алайда, балалар үйлерінде балаларды отбасында өмір сүруге дайындау жүйесі жоқ, сонымен бірге баланың отбасыға бейімделіп, тұрақты орналасып кетуі барысында сүйемелдеу мен оны бақылау да жоқ. Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 жылда балаларды балалар үйіне қайтару саны 64% -ға өсті. Бұл жағдайдың себептерінің бірі - балаларды асырап алатын (туған) отбасында өмір сүруге дайындаудың бірыңғай стандартының болмауы.

Екінші, балалар үйі түлектерінің қазіргі қоғамға әлеуметтенуі және жайлы интеграция процесі. Жыл сайын 2 мыңға жуық ата-ана өз құқығынан айырылады, олардың психологиялық жарақаттары бар, өмір сүру дағдылары жоқ балалары интернат мекемелеріне орналастырылады. Осының барлығының нәтижесінде қоғам тәуелсіз өмірге бейімделмеген,  қиындықтарға дайын емес, түсінбейтін және қабылдай алмайтын, алаяқтар мен қылмыскерлердің құрбаны болатын адамды алады.

Үшіншіден, балалар үйлері түлектерінің өмір сүруін бақылаудың жоқтығы. Олардың көпшілігі ештеңесіз қалады. Балалар үйінен шыққан кезде түлектер әлеуметтік қызметтердің, еріктілердің көмегінсіз шеше алмайтын көптеген мәселелерге тап болады. Сондықтан, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлікті және тәлімгерлік туралы үлгілік шартты ұйымдастыру тәртібін әзірлеу барысында қолдаудың жүйелілігі мен ұзақ мерзімділігін, нәтижеге бағытталуын көздеу қажет.

Олар үлкен өмірге жіберіліп, барлық мәселелермен жалғыз өздері қалады. Бұл балаларға өз болашағын қалай құруға болатынын ешкім үйретпейді. Біз бұл жағдайды өзгерту үшін нақты шешімдерді ұсынуға міндеттіміз.«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары жетім балалар баспана алуы тиіс деген мәселені бірнеше рет көтерген болатынбыз. Қазір кезекте 62 352 адам тұр, ал тұрғын үй саны 8 444. Бұл дегеніміз, қазіргі қарқынмен осы балалардың біреуі 120 жылдан кейін ғана баспана ала алады.Жоғарыда айтылғандардың негізінде, аталған мәселелердің әрбір тармағын шешу бойынша қандай шаралар қабылдануда екендігі туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз, - деді депутат.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: