Депутат «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды

21 Ақпан, 14:30 3196

Депутат Дәулет Мұқаев ҚР  Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында ұлттық киімге көңіл бөлуді сұрады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Депутат ұлттық киім ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш екенін атап өтті. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киімізді өзіміз емес, өзге елдерде кеңінен ұлықталу үстінде. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп елдің назарына түскен видеосы 5 миллионға жуық қаралым жинап, халықтың ыстық ықыласына бөленген.  

Елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждер мен акциялармен ғана ұлықталуда. Соңғы уақытта жалпы халық арасында «Ұлттық сезім» жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін.  Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды, - деді ол.

«Ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек» - деп Президентіміз де үндеу тастаған еді. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет.

Мәселен, бауырлас қырғыз халқы бастарынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ, оны қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Ол қала берді ұлттық киімдерін сақтау мақсатында, 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Бұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар.  Көршілес өзбек халқы да ала тақиясы мен шапанын күнделікті киеді. Сол секілді шешен халқы да елтірі бөрігімен ерекшеленеді. Біз де өз ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айрылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық, - деді ол.

Депутат үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді.   

Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу.

Үшіншіден, Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру;

Төртіншіден, мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт)  баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: