Қазақстанда сатылып жатқан жаңа буындағы автокөліктер, соның ішінде қытайлық брендтер азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Бұл мәселені депутат Үкіметке жолдаған сауалында көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде электрондық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмей, бақылаусыз қалып отыр. Лицензиясыз және сертификатсыз сатылатын техникалық құралдар азаматтарды заңсыз бақылауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз:
GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылар нарықта қолжетімді, – делінген депутаттық сауалда.
Алайда ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – жаңа буындағы автокөліктердің цифрлық мүмкіндіктері. Депутат атап өткендей, бүгінде сұранысқа ие қытай автомобильдері шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді.
Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі, – деп көрсетілген сауалда.
Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар қазақстандық азаматтардың қозғалысын және басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Оның айтуынша, мұндай көліктердің кейбір функцияларының қашықтан шектелуі немесе толық ажыратылуы тіркелген.
Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар, – дейді депутат.
Сауалда мәселенің тек құрылғының сыртқы пішініне емес, оның бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсіліне тікелей байланысты екені баса айтылған.
Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника қатаң бақылауға алынған санатқа жатады. Оларға міндетті сертификаттау мен лицензиялау талаптары қойылады, – дедіол.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен бірқатар нақты шара қабылдауды сұрап отыр. Атап айтқанда:
Еліміздің аумағында сатылатын және пайдаланылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды ұсынамыз, – деп нақтылады ол.
Сонымен қатар жасырын бақылауға арналған құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеу қажеттігі де көтерілді.
Депутаттың пікірінше, қазіргі жағдайда кез келген азамат жасырын бақылауға ұшырауы мүмкін, ал оны қорғайтын механизмдер әлі де толық жетілмеген.
Бұған дейін автолизинг неліктен тоқтап қалғаны туралы жазғанбыз.