Депутат Орталық Азия көшбасшы әйелдерінің форумына қатысты

15 Қараша 2023, 20:47 771

Бельгияда БҰҰ – ЕО-ның Еуропалық Одақ мекемелеріндегі Орталық Азия көшбасшы әйелдерінің диалогына арналған тәжірибе алмасу форумы өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Оған ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина да қатысты.

Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина форумда сөйлеген сөзінде әйелдердің экономикалық әлеуетін дамыту, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың басымдықтары туралы айтты. Депутат Орталық Азия әйелдерінің диалог тұғырнамасының маңыздылығына тоқталды және осы алаңның Қазақстандағы жұмысының нәтижелерін атап өтті.

Қазақстанның демографиялық құрылымында әйелдер халықтың 51%-ын құрайды. Еңбек нарығындағы әйелдердің үлесі шамамен 48% болып отыр. Бүгінде біздің республикамызда білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласындағы жалдамалы қызметкерлердің 70%-дан астамы әйелдер. Жалпы, гендерлік теңдік саласындағы халықаралық рейтингтерде біздің еліміз ілгерілеудің оң үрдісіне ие. Сондай-ақ, еліміздің Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекет қатысатын компаниялардағы басшылық лауазымдарға әйелдердің 30% өкілдігін енгізу әйелдерді саяси ілгерілету бағытындағы маңызды қадам болды, - деді Ольга Перепечина.

Сенатор сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың гендерлік саясатты іске асыру мәселелеріне баса назар аударып отырғанын атап өтті. Сенатор Отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат тұжырымдамасы 2016 жылы қабылданғанын, ал 2021 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша маңыз берілгенін хабарлады.

Биылғы жылдың маусым айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Орнықты даму саласындағы мақсаттар мен міндеттерді мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Комиссияны Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев басқарады. Парламент орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселесін өз бақылауына алды, оған гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған 5-ші мақсат кіреді, - деп атап өтті депутат.

Шараға қатысушылар форум барысында әйелдердің экономикалық әлеуетінің өсуі, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, гендерлік теңдік саласындағы заңнаманы жетілдіру, климаттың өзгеруі, сондай-ақ ЕО-мен парламенттік ынтымақтастық және т.б. тақырыптарды талқылауды жоспарлады.

Перизат Саденова
Бөлісу: