Депутат Нұргүл Тау елімізде электронды темекіні сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды

10 Мамыр 2023, 12:51 1872

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау оқушылар мен жастар арасында «вейп» атымен танымал электронды темекілердің жаппай таралуына қатысты ата-аналар тарапынан түскен өтінішқа қатысты премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша қазіргі уақытта электрондық темекіге тәуелділік індетіне шалдығушылардың  қарасы  прогресивті жылдамдықпен артып келеді.

Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуы бойынша электронды темекі құрамында никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді, – деді депутат.

Елімізде электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану жағдайы жоғары. Ол барлық сауда орындарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді бағада сатылады. Бағасы орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды.

Электронды темекілер сырт пішінімен, хош иістермен балалар мен жастарды еліктіруде. Тәуелділік балалар мен жастарды құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға итермелейтін факторлардың бірі. Осының салдарынан оқу орындарында оқушылар, студенттер арасында буллинг белең алуда. Осы мәселелерді қарауға және елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз, – деді мәжілісмен Нұргүл Тау.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: