Депутат биылғы жолдаудың басты ерекшелігін айтты

7 Қыркүйек 2023, 11:10 1675

Парламент депутаты Мақсат Толықбай биылғы президент жолдауының басты ерекшелігі – жоспарлау жүйесінің өзгергендігінде дейді.

Бұған дейін «Қазақстан-2030» деген старатегия болды. 10 жылға арналған жобалар да бар. Ол кезде стартегиялық жоспардың орындалу мерзімі көрсетілмейтін. Осы жолы нақты 3 жыл деп айтты. Осы жолдау – мақсаты, уақыты нақты көрсетілген стратегиялық құжат, - деді ол.

Президент аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітілуі тиіс екенін айтып: "Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуы тиіс, деген еді.

Депутат жолдаудың негізгі идеясына тоқталды.

Президент өңдеу, өнеркәсіп деген сөзді жиі айтты. Заман өзгерді, біз бірдеңе өндіруіміз керек. Кезінде елімізде талай зауыттар ашылды. Ұшақ шығаратын зауыттар ашылып, бір ұшақ шығармаған күйі жабылды. Шынымен тәуелсіз, аяғынан нық тұрған мемлекет болу үшін ішкі ресурс, шикізат, кадр, өндіріс бәрі өзімізде болуы керек. Әр кәсіпкердің құқығы қорғалатын ұлттық экономика құруымыз керек, - деді ол.

Мақсат Толықбай қоғамда көп айтылған күрмеуі қиын мәселе – су жетіспеушілігінің көтерілуінің маңызына тоқталды.

Қоғамда көп айтылып жүрген мәселенің бірі – су шаруашылығы. Су ресурстарын құру жиі көтеріліп жүр. Өйткені бұл әлемдегі үлкен глобалды проблемаға айналды. Ғалымдардың айтуынша, 40 жылдан кейінгі бүкіл әлемдегі соғыстар суға таластан болады дейді. Қазақстан үшін де су газ, мұнайдан құны кем емес. Қазір дүкенге барсаңыз, елімізде 1 литр су 1 литр бензиннен қымбат. Одан кейін біздегі ірі өзендердің бәрі бастауын қайдан алады? Көрші мемлекеттерден алады, трансшекаралық өзендер. Сырдария тобықтан келеді. Жамбыл облысындағы Талас өзенінде жылда шу болады. Ертістің, Балхаштың жағдайы да жылайтындай, - деді ол.

Мемлекет басшысы еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын жолдауда айтқан болатын.

Оның атап өтуінше, Су ресурстары және ирригация министрлігінің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады.

Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын, - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ депутаттың сөзінше, партия деңгейінде көтерілген мәселелер Презиеднттің назарына іліккен.

«Жер Аманаты» комиссиясының аясында біз қаншама жерлерді қайтардық. «Қарызсыз қоғам» деген жобамыз бар. Өңір-өңірді аралап, қаржылық сауаттылыққа үйретіп жатырмыз. Мемлекет басшысы осы «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» деп аталатын жобасы жақсы екен, Үкіметке қолға алыңдар деп тапсырма берді», - деді ол.

Сондай-ақ депутат жолдаудағы Президент берген тапсырмалардың орындалу-орындалмауы жергілікті өкілетті органдар мен Үкіметке байланысты екенін айтты.

Бақылап, қадағалайтын кім? Жергілікті жердегі Мәслихат депуттары. Парламент мінберінде біз бақылауымыз керек. Біз өңірлерді аралаған кезде шахтерлар бізге «жұмыс ауыр, зейнетке шығу жасын төмендетсе» деп өтініш-тілектерін білдірді. «Дәл қазір төмендету мүмкін болмаса, ең болмағанда, өтемақы төленсе» деп айтқан үндеулері Президентке жеткеніне қуаныштымыз. Біз «Аманат» партиясының бағдарламасына қостық. Кешегі жолдауда зиянды өндіріс ошағында жұмыс істейтіндерге жалақысына қосымша өтемақы қосу мәселесі көтерілді, - деді Толықбай.

Айта кетейік, Үкімет жыл соңына дейін 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауы керек.

Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау тетігі әзірленді. Саланың дамуына қосқан үлесі мен денсаулыққа зиян келтіру дәрежесін ескере отырып, мұндай қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді, - деді Президент.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: