Мәжілісте «Жол жүру туралы» заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Заң жобасын талықлау барысында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ұсыныс білдірді.
Заң жобасының ауылға деген ықпалы алаңдатады. Соңғы кездері халық малды мопедпен, мотоциклмен бағатын болды. Неге? Себебі мопедтің де, мотоциклдің де бағасы арзан, қолжетімді. Қазақтар баланы 5 жасынан бастап атқа мінгізеді. 10-15 жасында атпен мал бағып жүрген балалар бар. Мотоцикл мен мопедтен төнетін қауіпті аттан да алуға болады. Бірақ аттан «права» сұрамаймыз ғой. Сондықтан ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мопедпен, мотоциклмен тас жолда жүру үшін ерекше шарттар жасау керек шығар?! - деді мәжілісмен.
Депутаттың бұл ұсынысына ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха жауап берді.
Біріншіден, ауылдық жерлердің тас жолы жоқ аймағында шаруалар мопедті онша қолдана бермейді. Шаруалар көбінесе мотоцикл қолданып жатады. Екіншіден, тіркеу жұмыстары көп шығын әкелмейді. Сондықтан мен бұл жерде мәселе көріп тұрған жоқпын, - деді ол.