Депутат 1 млн қаптың өзімен Петропавл қаласын 18 метр биіктікте қоршауға болатынын айтты

2 Мамыр, 16:19 710

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса елімізде болып жатқан су тасқынына қатысты статистика күмән келтіретінін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Халық статистикалық көрсеткіштерге сенбейді. Бүгінде елімізде болып жатқан су тасқынынан 7 жастағы баладан 70-тегі қарияға дейін тыраштанып еңбектеніп жүр. Осы еңбекке статистикалық көрсеткіште көлеңке түсуде. Мысалы, Атырауда 3,5 млн қап, Петропавлда 3,5 млн қап, Оралда 3 млн қап төселді деп көрсетілген. Бір оқырман есептеп көрсетіпті, 1 млн қаптың өзімен 18 метр биіктікте Петропавл қаласын түгел қоршап тастауға болады екен. Мысалы, төтенше жағдайлар министрлігі 1,6 млн дейді, оның тоннасы тағы бар. Тал, гүл егуде де осындай жағдай. Таразда 1 млн гүл егіп, 40 мың тал ектік десе, Талғарда 100 мың қызғалдақ ектік дейді. Бұл недеген сұмдық?! Астанада жыл сайын 100 мыңдаған тал егілді деп есеп береді. Бірақ Астананың айналасынан қаптаған қалың орманды көріп тұрған жоқпыз. Статистиканың ең маңызы неде? Халық санын айқындауда. 2009 жылы Ұлттық статистика агенттігінің төрайымы қазақтың саны 67 % деп көрсеткені үшін сотталды. Билік 63 %-ға түсірді. Төрайымы 4 жыл қашып жүрді, ақыр соңында ұсталып 7 жылға сотталды. Жалпы статистикалық мәліметтердің шыңдығын анықтаудың қандай тәсілдері бар? Халықтың сенімсіздігін жою үшін қандай шаралар жасап жатырсыздар?, - дейді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына Ұлттық статистика бюросының  басшысы Мақсат Тұрлыбаев «Су тасқыны болған аймақтар бойынша айтылған ақпаратты төтенше жағдайлар министрлігі көрсеткен. Ол Ұлттық статистика бюросының ақпараты емес. Ол жедел ақпарат болып саналады. Бірақ ол ақпараттар біраз уақыттан кейін нақтыланады», - деп жауап берді. 

Айта кетейік, Мәжіліс мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Миражан Махан
Бөлісу: