08.01.2026
09:19
4275
Депрессияға түскенде демалыс алу керек пе? Мамандар не дейді

Депрессияға түскенде демалыс алу керек пе? Мамандар не дейді

Депрессия – адамның көңіл күйіне ғана емес, еңбекке қабілеттілігіне де тікелей әсер ететін психикалық жағдай. Мұндай кезеңде жұмысын жалғастыру керек пе, әлде медициналық демалыс алған дұрыс па деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Қазақстанда депрессия диагнозымен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеуге заң жүзінде мүмкіндік бар. Алайда бұл үдеріс бірқатар құқықтық және практикалық ерекшеліктерді қамтиды. Осы мәселеге қатысты психиатр-психотерапевт Арай Әлғожина мен отбасылық және балалар психологы Анар Есен өз пікірлерін білдірді.

Заңнама не дейді?

Депрессия – адамның еңбекке қабілеттілігіне тікелей әсер ететін жағдай. Психиатр, психотерапевт Арай Әлғожинаның айтуынша, Қазақстанда депрессия кезінде медициналық демалыс рәсімдеуге заң жүзінде мүмкіндік бар, бірақ бұл үдерістің өз ерекшеліктері бар.

Қолданыстағы заңдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес, депрессия диагнозы кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеуге болады, – дейді маман.

Оның айтуынша, мұндай құжатты тек уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасына лицензиясы бар медициналық ұйымдар, көбіне мемлекеттік поликлиникалар береді. №224 бұйрыққа сәйкес, жеңіл депрессия мен мазасыздық-депрессиялық жағдайлар алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерлерінің құзыретіне кіреді.

Қандай кедергілер бар?

Алайда тәжірибеде бірқатар қиындық бар екенін психотерапевт маман жасырмады.

Медициналық ақпараттық жүйелерде психиатриялық диагноздарды психиатр емес дәрігерлердің тіркеуіне техникалық шектеулер қойылған жағдайлар жиі кездеседі, – дейді ол.

Сонымен қатар науқастардың көпшілігі жекеменшік психиатрларға жүгінеді.

Арай Әлғожинаның жеке мұрағатынан

Ал жеке практикадағы мамандардың басым бөлігінде еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жүргізуге лицензия болмайды, – деп түсіндіреді психиатр.

Осы себепті дәрігерлер тәжірибеде демалысты «депрессия» диагнозымен емес, оның функционалдық көріністері арқылы рәсімдейді.

Астения, эмоционалдық қажу, күйіп кету синдромы, ұйқының бұзылуы сияқты диагноздар толықтай заңды негіз болып саналады, – дейді маман.

Демалыс қанша уақытқа беріледі?

Арай Әлғожинаның айтуынша, медициналық демалыстың мерзімі нақты көрсетілмеген.

Дәрігер бастапқыда үш күнге еңбекке жарамсыздық парағын береді, кейін оны алты күнге дейін жеке өзі ұзарта алады. Алты күннен асқан жағдайда шешім бөлім меңгерушісімен бірлесіп қабылданады, – дейді ол.

Жиырма күннен артық мерзім тек дәрігерлік-кеңес комиссияның қорытындысымен беріледі.

Жалпы алғанда, еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі 60 күннен аспауы тиіс, – деп нақтылайды маман.

Алайда жеңіл депрессия кезінде ұзақ мерзімді демалыс сирек рәсімделетінін де атап өтеді. Ал отбасылық және балалар психологы Анар Есеннің айтуынша, мұндай кезеңде еңбек демалысы тек орынды ғана емес, кей жағдайда аса қажет.

Депрессияға түскен адамның еңбек демалысына шығуы қажет. Себебі депрессия – үнсіз өрт. Адам сырт көзге жақсы көрінуі мүмкін, бірақ ішкі жан дүниесінде үлкен күйзеліс жүріп жатады, – дейді психолог.

Оның айтуынша, депрессия кезінде жүйке жүйесі қатты қажиды, ұйқы бұзылады, зейін мен концентрация төмендейді. Бұл еңбек өнімділігіне де тікелей әсер етеді.

Қызметкердің күш-қуаты азайып, қарапайым нұсқаулардың өзін орындау қиындайды. Мұндай жағдайда жұмыс сапасының төмендеуі – заңдылық, – дейді Анар Есен.

Жұмысты жалғастыра беру қауіпті ме?

Психолог депрессия жағдайында үздіксіз жұмыс істеу жағдайды асқындырып жіберуі мүмкін екенін ескертеді.

Депрессия адамды өз болмысынан ажырататындай күшке ие. Адам өзіне деген сенімін жоғалтады, бұрын оңай атқарған істері қиынға соғады, – дейді ол.

Маманның айтуынша, үнемі әлсіздік, шаршау, жылау, құлықсыздық, үмітсіздік күйінде жұмыс істеу депрессияны тереңдетіп, оның созылмалы түрге өтуіне әкелуі мүмкін.

әлеуметтік желіден алынды 

Мұның соңы күйіп кетуге, ұзақ уақыт еңбекке жарамсыздыққа, тіпті жұмыстан толық айырылуға дейін апарады, – дейді психолог.

Демалыс депрессияны емдей ме?

Егер демалыс тек үйде жатып қалумен шектелсе, ол демалыс емес, – дейді психолог маман Анар Есен.

Оның айтуынша, демалыс психотерапияны алмастырмайды.

Депрессияның бастапқы кезеңінде демалыс көбірек қажет, ал келесі кезеңдерде демалыс пен терапия тең жүруі тиіс. Асқынған формада терапия мен медикаментозды емнің үлесі басым болады, – деді ол.

Сондай-ақ маман еңбек демалысын бір ғана форматпен шектемеу керек екенін айтады.

Еңбек демалысы адамға ресурстарын қалпына келтіруге көмектеседі. Бірақ депрессияның кейбір кезеңдерінде әлеуметтік оқшаулану керісінше зиян болуы мүмкін, – дейді ол.

Ал психотерапевт маман Арай Әлғожина депрессия кезінде демалыс түрін дұрыс таңдау маңызды екенін айтады.

Демалыс ынталандырушы емес, қалпына келтіруші болуы керек, – дейді психотерапевт.

Маманның айтуынша, ең тиімді тәсілдер – ұйқы режимін қалыпқа келтіру, сыртқы жүктемені азайту, жеңіл физикалық белсенділік, эмоциялық және әлеуметтік триггерлерді шектеу.

Өзіңді күштеп сергітуге тырысу немесе тым белсенді демалыс керісінше жағдайды ушықтыруы мүмкін, – деді психотерапевт.

Жеңіл депрессия жағдайында міндетті түрде дәрі-дәрмек тағайындалмайды.

Бұл кезеңде негізгі назар демалысқа, өмір салтын өзгертуге және ұйқыны қалыпқа келтіруге аударылады, – дейді Арай Әлғожина.

Қажет болған жағдайда жекелеген симптомдарға қарсы қысқа мерзімді ем немесе психологиялық көмек ұсынылады.

Поликлиникадағы психологқа тегін жүгінуге болады, – деді маман.

Психиатр ұзақ уақыт бойы шаршау, екі аптадан аса көңіл күйдің төмендеуі, тұрақты ұйқы бұзылысы, мазасыздық немесе зейіннің әлсіреуі байқалса, дәрігерге баруды кейінге қалдырмауға кеңес береді.

Бұл белгілер міндетті түрде депрессияны білдірмеуі мүмкін, бірақ ерте диагностика мен дер кезінде басталған көмек аурудың асқынуына жол бермейді, – дейді Арай Әлғожина.

Жұмыс беруші қандай қолдау көрсетуі тиіс?

Психолог маман Анар Есен жұмыс берушілердің рөліне де назар аударды.

Еңбек демалысынан бөлек психологиялық қолдау өте маңызды. Жұмсақ қарым-қатынас, жылы сөз, тегін маман көмегін ұсыну, спорт немесе демалыс бағдарламалары – мұның бәрі қызметкерге үлкен демеу, – дейді ол.

Анар Есеннің жеке мұрағатынан 

Психологтың айтуынша, адамға жалғыз еместігін сездірудің өзі – маңызды қолдау.

«Шыда, берілме» деген көзқарас қаншалықты қауіпті?

Психолог қазақ қоғамында кең тараған бұл ұстанымның қауіпті екенін айтады.

Депрессияны елемегеннен ол жоқ болып кетпейді. Керісінше, созылмалы түрге өтеді. Бұл өмір сапасының, денсаулықтың, қарым-қатынастың, еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеледі, – дейді Анар Есен.

Оның айтуынша, депрессия – уақыт өте күшеймесе, өздігінен жоғалып кетпейтін үнсіз дерт.

Мамандардың айтуынша, депрессия елемеуге болатын немесе «шыдап жүре беретін» жағдай емес. Ол адамның психологиялық ғана емес, физикалық ресурстарын да сарқып, еңбек өнімділігін төмендетеді. Сондықтан депрессия кезінде медициналық демалыс алу – әлсіздіктің белгісі емес, денсаулықты сақтауға бағытталған саналы шешім.

Психиатрлар демалыстың заңды түрде рәсімделетінін, бірақ оның нақты тәртібі мен шектеулері бар екенін атап өтсе, психологтар мұндай кезеңде демалыс пен кәсіби көмектің қатар жүруі маңызды екенін айтады. Жұмыс беруші тарапынан түсіністік пен қолдау, ал адамның өзі үшін дер кезінде маманға жүгіну – депрессияның асқынуына жол бермейтін негізгі факторлар.

Ең бастысы, депрессияны жоққа шығармай, оны уақытында мойындап, көмек алу – өмір сапасын сақтаудың ең тиімді жолы.