Денсаулық сақтау министрі Шымкент қаласының бас дәрігерімен кеңес өткізді

18 Ақпан 2023, 17:55 1690

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласының медициналық ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді, онда халыққа медициналық көмек көрсетудің проблемалық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Кеңестің жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, СЭБК, МФБК аумақтық департаменттерінің, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшылары қатысты.

Кездесуде жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмекті ұйымдастыруға қатысты бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді.  Сонымен, оңтүстік өңірде анықталған қауіп факторларының қатарында бір жылға дейінгі балаларды проактивті бақылаумен жеткіліксіз қамту және балаларды профилактикалық тексеруді тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ педиатриялық бейіндегі кадрлардың, акушер-гинекологтардың, сондай-ақ педиатриялық учаскедегі патронаждық мейіргерлердің тапшылығы аталды, бұл жаңа туған нәрестелердің патронаждарының сапасына әсер етеді.

ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (МКҰД) директорының орынбасары Гүлнар Жангарашева жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету кезінде медициналық ұйымдардың толық емес өзара іс-қимылы және сабақтастығының жеткіліксіздігі, акушерліктегі қиын жағдайлар кезінде хабарландыру схемаларының әлсіз пысықталуы, фертилдік жастағы әйелдерді динамикалық байқаудың төмен сапасы, әйелдерді контрацепциямен қамту пайызы, ауыр акушерлік асқынулардың уақтылы диагностикасы, стационарға кеш жатқызу сияқты кемшіліктерге назар аударды.

Кеңес барысында жүрек ауруы бар пациенттерге мамандандырылған көмек көрсету мәселелері жеке айтылды.

Онкологиялық ауруларды анықтауға келетін болсақ, аурудың нөлдік және алғашқы кезеңдерінде жағдайлардың үлесі – 27,0%-ды құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2,1%-ға төмен. Осының аясында қатерлі ісіктердің кеш сатыларының үлес салмағы 2021 жылғы деңгейге дейін өсті. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста динамикалық бақылаудағы онкологиялық пациенттер контингенті 7,3%-ға ұлғайып, 7 215 адамды құрады.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің деректері бойынша Шымкент қаласының медициналық мекемелері ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың қанағаттану деңгейі 70,2%-ды құрады. Сонымен қатар, МФБК мониторингінің қорытындысы бойынша халықтың шағымдарының 76%-ы негізделген, бұл көрсеткіш өңірлердің арасында ең жоғары болып табылады.

МФБК төрағасының орынбасары М. А. Лаура Ахметнияздың айтуынша қаланың медициналық ұйымдарында жоспардан тыс 148, оның ішінде өтініштердің негізінде – 121 және мемлекеттік органдар хаттарының негізінде – 22 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша медициналық ұйымдардың басшыларына 115 жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Бұл ретте 192, оның ішінде өрескел – 48, елеулі – 129, шамалы – 15 бұзушылық анықталды.    

«Әрбір емхана, әрбір кабинет өз мақсаттарын білуі тиіс, әрбір пациент барлық медициналық көмекті алуы тиіс. Біздің тарапымыздан жаңа объектілердің құрылысы, қаржыландыруды арттыру жүріп жатыр. Бүгінгі таңда бағдарламалық құжаттар шеңберінде денсаулық сақтауды қаржыландыру ұлғаюда, инфрақұрылым жаңартылуда, пациентке бағдарланған модель құру үшін бұйрықтар мен стандарттар қайта қаралуда. Әрбір бас дәрігерден бейінді ведомстводан ұсынымдар мен ескертулерді жұмысқа қабылдауды және бірінші жарты жылдықта нәтижелерін көрсетуді сұраймын. Бүгінгі таңда сіз сапалы медициналық көмек көрсету бойынша ең артта қалған аймақ атандыңыз. Департаменттермен, комитеттермен және Қормен барлық проблемалық мәселелерді жеке пысықтауды тапсырамын», - деп атап өтті Ажар Ғиният қаланың бас дәрігерлеріне.

EL.KZ
Бөлісу: