Денсаулық сақтау басқармасы: Бейнеудегі жаппай улануға байланысты жағдай бақылауда

26 Ақпан, 01:00 725

Бейнеу ауданында 19 ақпан күні қоғамдық тамақтану орталығында ас ішкен 36 адам уланып, 28 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем тағайындалған. 

Дәрігерлер айтуынша, ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. 

Уланғандар «Али-Ман» атты  дәмханада тамақтанғаны  белгілі болды. 22 ақпаннан бастап мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. 

Науқастарды облыс орталығына тасымалдау үшін тиісті көрсеткіш жоқ. Облыстың бас инфекционист-дәрігерімен телемедицина арқылы консилиум ұйымдастырылып, тиісті ем-дом тағайындалды. Бейнеу аудандық көпсалалы ауруханасы дәрі-дәрмектердің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген және тағы 20 төсек орын дайындалады. Амбулаториялық ем алатын науқастарға қажетті бактерияға қарсы және симптоматикалық ем тағайындалды, дәрігерлердің жіті бақылауында. Эпидемиялық шаралар жалғасып жатыр. Ақпарат сағат сайын жаңартылып отырады, - деп хабарлады Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Жаппай тамақтан улану фактісі бойынша Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеу жүргізуде.

Перизат Саденова
Бөлісу: