Алматыда Абай атындағы Опера және балет театры алдында мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевтың жаназасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Атпал азаматпен қоштасуға әріптестері,өнер қайраткерлері, халық қалаулылары,қала жұртшылығы мен туған-туыстары келді. Жиында марқұмның еңбегі жайлы жылы лебіздер көп айтылды.
Бірнеше күн бұрын ғана бас қосқан едік.Қасында оьырдым. Ұдайы қоңырау шалып,аман-саулық сұрасып тұрдық. Денсаулығына шағымданған емес. Біз жай ғана әріптес емес едік. Құрдас та едік. Өте өкінішті жағдай. Мен облыс әкімі болғанымда ол министр болатын. Облыстың әлеуметтік мәселелерін талқылаған кезде, Бердібек Сапарбаев: «Бұл облыс балабақшамен ең аз қамтылған. Не істейміз? Бірге шешейік»,— деп ұсыныс айтты. Ұдайы кеңес беріп, қол ұшын созатын. Әкім болған кездерінде ақылдасып тұратынмын.Ол маған келетін, мен де оған жиі барып тұратынмын. Отбасын да жақсы білетінмін. Ірі басшы ретінде ғана емес, адам ретінде де жақсы танимын.Өте салиқалы жан еді. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін көп еңбек сіңірді. 1992 жылдан білемін. Ең қиын кездер еді. Барлық зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап қалған. Жаңа Қазақстан үшін де аянып қалған жоқ. Барлық қиындықты еңсеріп,түрлі баспалдақтан өткен адамдардың болғаны қандай жақсы. Мұндай тұлғаларды тірі кезінде құрметтеп, бағалай білген жөн. Иманды болсын! - дейді әріптесі Амандық Баталов.
Өнер қайраткерлері Сапарбаевтың сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болғанын еске алды.
Бердібек Мәшбекұлы туралы айтқанда, оның өнерге өте жақын болғанын баса айтқым келеді.1995 жылы «Лениншіл жас» газетіне сұхбат алғанымда журналист болуды армандағанын айтқан еді. Қазақ әдебиетін, батырлар жырын сүйетін. Өнерді өнер адамдарынан бір мысқал кем түсінбейтін. Мүсін, сурет өнері, поэзия болсын, проза болсын, танып-түсінуге қабілетті еді.Ақыл ойының кеңдігіне қайран қалатынмын, - дейді сазгер Қалдыбек Құрманәлі.
Бердібек Сапарбаев Көктөбенің баурайындағы Алматының Кеңсай зиратына жерленді.