Денсаулық сақтау министрі Қызылордадағы Жедел жәрдем станциясына барды

30 Қыркүйек 2022, 17:47 1714

Шұғыл медицина орталығы өңірдің 780 235 тұрғынына қызмет көрсетеді

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шұғыл медицина орталығы өңірдің 780 235 тұрғынына қызмет көрсетеді, бұл ретте осы қызметпен қамту аймағы облыс бойынша 70,7%-ды, 229 елді мекеннің 162-сін құрайды.

Халыққа кезек күттірмейтін көмекті 95 бірлік санитариялық автокөлікпен жарақталған тәулік бойы жұмыс істейтін 47 бригада көрсетеді.

Станцияда қазір 900-ден астам қызметкер, оның ішінде 75 дәрігер және 524 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Министр шақыртулардың статистикасымен  және жіктемесімен, диспетчерлердің жұмысымен, өңірдің шұғыл медициналық көмек көрсетуінің нәтижелілігімен егжей-тегжейлі танысты.

Орталықтың басшылығына «Бірінші кезекте мені ауылдық аудандар тұрғындарының жағдайы, олардың жедел жәрдемнің келу уақытына қаншалықты көңілі толатындығы алаңдатады, бізге ауыл халқын қамтуға байланысты көптеген шағымдар түседі. Оны қалай шешеміз?»,- деген сұрақ қойды Ажар Ғиният.

Сонмен қатар, ол тиісті нормативтік құқықтық актілерге енгізу үшін шұғыл қызметтің жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстарды қалыптастыру және Денсаулық сақтау министрлігіне  кіргізуге шақырды.

Министр қанайналым жүйесі, жоғарғы тыныс алу жолдарының аурулары кезіндегі сын-қатерлердің өсу үрдісін атай отырып, пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем қызметкерлерін тұрақты оқыту және біліктілігін арттыру мәселесіне назар аударды.

Бөлісу: