Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

22 Шілде 2022, 12:19 6011

Жоғары санатты дәрігер, акушер-гинеколог Үміт Әбдібекқызымен сұқбат

Кез келген үйдің бақыты мен шаттығы – бала. Отбасын құрған ерлі-зайыптылар өмірге сәби келгенін асыға күтеді. Ал дені сау бала әкелу ата-ананың денсаулығына тікелей байланысты. Жүктілікті жоспарлаған қаншалықты дұрыс? Жүктілікті қалай жоспарлайды? Ерлі-зайыптылар нені білгені жөн? Осы және өзге де сұрақтарға акушер-гинеколог Үміт Өтеген жауап берді.

– Үміт Әбдібекқызы жүктілікті жоспарлаған қаншалықты дұрыс?

– Дені сау бала қоғамның, жалпы еліміздің болашағы. Дені сау сәбиді өмірге әкелу үшін дүниеге әкелетін ата-анасыныңда денсаулығы маңызды. Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сол үшін міндетті түрде жүктілік жоспарланған дұрыс.

– Жүктілікті қалай жоспарлайды? Ерлі-зайыптылар нені білгені жөн?

–Ең бірінші жаңадан отбасын құрған жастар үшін айтатын болсақ, жалпы денсаулыққа байланысты адамдардың сауаттылығы болуы керек деп ойлаймын. Ол үшін қан тобы, вирустық гепатит, ЖИТС, қиын өтетін инфекциялық ауруларға екі жас анализ тапсырады. Жүкті болмай тұрған кезде әйел адам болсын, ер адам болсын көп нәрселерді білмеуі мүмкін. Жүктілік ешқандай симптомсыз өтуі мүмкін. Яғни неке қиюды жоспарлағаннан кейін жастар бала туу керек демей, жауапкершілікпен қарап, дәрігердің кеңесіне жүгінген дұрыс. Әйел адам гинекологқа, ер кісі уролог дәрігерге қаралуы тиіс.


– Жүктілікті жоспарлаудың негізгі кезеңдеріне тоқталып кетсеңіз.

– Бірінші адам өзін тану керек. Қазір заман дамыған, ақпарат өте көп. Әлеуметтік желіден де қажетті мәліметтерді алуға болады. Жастарымыздың басым бөлігі шетелде оқыған. Көбісі дәрігердің көмегіне жүгінеді, кеңеседі. Егер жастардың бірі темекі шегіп, алкагольді ішімдік ішетін болса, жүктілікті жоспарламас бұрын 3 ай бұрын тоқтатуы қажет. Сол үшін ең бірінші этапта осыны білуі керек. Адамда клетка жаңарып отыруы әр 3 айда болады. Бұл мезгіл өте маңызды. Кейде жас кезінде жүктілік болып, әйелдер 30-дан асқаннан кейін әр түрлі нәрседен қорқа бастайды. Саналы түрде ойланады. Ол кезде басқаша көзқараспен қарайды. Бұрынғы қателіктерін қайталағысы келмейді. Бұл кезде дәрігердің кеңесіне жүгініп, қиындықтан өтіп, егер білмей жасаған қателіктері болса, үшінші немесе төртінші жүктілікке дайындықпен барғандары дұрыс.


– Жүктілікті жоспарлау кезінде қандай мамандардың көмегіне жүгіну керек?

– Жүктілкті жоспарлағанда акушер-гинекологқа барады. Міндетті түрде жылына бір рет ешқандай шағымы жоқ болмаса да, әйел адам баруы керек. Біз генекологиялық тексеруден өткізген кезде әйелдің бүкіл анамнезі, осы уақытқа дейінгі өмір тарихымен танысамыз. Екіншіден жатыр мойынының қынап бөлігін (вагинальді) қараған кезде ауытқу бар-жоғын анықтаймыз. Үшіншіден ол әйелге қажет болған жағдайда скрининг анализ жүргіземіз. Жатыр мойнынан онкоцитологиялық тексеруден өту керек. Ол да жылына бір рет жүргізіледі. Ультрадыбыстық тексеру жасаймыз. Ол кезде жатырда, жатырдың ішкі қабатында, аналық безінде бір ауытқу бар ма? Киста, жатырдың миомасы немесе жатыр ішінде полип болуы мүмкін. Мұның барлығы тексеру барысында анықталды. Әйелді біз қалай дайындаймыз? Анализдерге жібердік. Одан бөлек басқа мамандар не үшін керек деген сұрақ туындайды. Мысалы әйелдің тісінде проблема болуы мүмкін. Бұл дегеніміз инфекцияның орталығы. Мұны міндетті түрде жүктілік болмай тұрып емдегені дұрыс. Немесе қыз балада жас кезінен теміржетіспеушілік (анемия) болуы мүмкін. Бұл анализдерін тапсырған кезіне гемоглобині төмен болып жатады. Темірдің деңгейі қанда төмен болса, ол терапевтке, гематологқа барады. Міндетті түрде созылмалы ауруларын емдеуі керек. Немесе жүрекке байланысты ауру болуы мүмкін. Жүрегі тез соғады немесе бұрыннан диспансерлік тізімде тұрған хроникалық ауруы болуы мүмкін. Әр адам жеке тұлға болғаннан кейін жүктілік әр түрлі өтеді. Біреуде ревматологиялық ауру, екіншісінде кардиологиялық ауру, біреудің бүйрек ауруы болуы мүмкін. Мұны көргеннен кейін акушер-генеколог әйел адамды керекті мамандарға қарай ем алу үшін бағыттайды. Бұл барлығына бірдей керек нәрсе емес. Әр адамға жеке талдау жасалады.


– Жүкті болғанға дейін қандай жағдайда міндетті түрде генетикпен кеңесу қажет?

– Генетикке көп әйел жүктілік болғаннан кейін бірінші триместрде, бірінші биохимиялық скринингтен кейін әр түрлі өзгерістер байқалған кезде консультацияға барып жатады. Бұл дегеніміз өкінішке орай әр түрлі жүктілік кезінде балада хромасомалық, генетикалық түрлі ақаулармен туу қауіпі жоғары немесе төмен деген диагноздар қойылып жатады. Бұл міндетті түрде жүктілік болмай тұрып тексерілуі керек. Егер де бұдан бұрын, отбасы мүшелерінде, жақын бірінші немесе екінші дәрежелі туыстарында әр түрлі хромасомалық ауру бала туған болуы мүмкін. Бұл Даун синдромы, Эдвард синдромы немесе әр түрлі генетикалық мутациялармен туған ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Бұл әкесі жағынан немесе шешесі жағынан болуы мүмкін. Сол үшін жүктілікті жоспарламай тұрған кезде генетиктің кеңесіне сүйенген дұрыс. Генетик барлығын мұқият қарап, медициналық тарихын қарастырады. Мұндай балалардың ақаумен туылу рискін реттеп, кеңес барысында айтып береді.

– Көп уақытта дені сау сәби әкелу анаға байланысты деп жатады. Бірақ болашақ әкенің денсаулығының мықты болуы қаншалықты маңызды?

– Анамен қатар әкенің де денсаулығы өте маңызды. Бізде таяқты әйел жаққа қарай бұрып қоямыз. Әйел адам баланы 9 ай көтереді. Өзі тамақтандырады. Ол екі жақтан пайда болғаннан кейін міндетті түрде ер кісінің де дені сау болуы керек. Бүгінде жастарда өлі туылу (замершая беременность) деген диагноз жиі кездесіп жатады. Немесе өзімен өзі бала түсіп қалды деп жатады. Былай қарасаңыздар жайдан-жай болатын нәрсе емес. Міндетті түрде әйелдің аналық жасуша мен ер адамның аталық жасуша қосылғаннан кейін екеуінің де сапасы мен саны жағынан жеткілікті болуы керек. Мұндай жағдайда егер бір ғана баласында түсік болса, біз ол әйелдерді толық тексеруден өткізбейміз. Егер бұл сан бірінен кейін бірі түсіп қалған жағдайда яғни жағымсыз жүктілік болған кезде міндетті түрде ер адамның да сперма анализін тексереміз. Көбінесе ол кісілерде сперма анализінде өзгерістер болып жатады. Саны болсын, сапасы болсын оларды келесі жүктілікті жоспарламай тұрған кезде тағы да емделіп, жүктілікті жоспарлағаны дұрыс.


– Жүктілікті жоспарлап болғаннан кейін қандай міндетті түрде медициналық тексерістен өту керек?

– Міндетті тексеру гинекологиялық, ультрадыбыстық және қан анализдері мен несеп анализі тексеріледі. Өкінішке орай әйелдердің 80-85% теміржетіспеушілк кездеседі. Жасырын түрдегі анемия да болуы мүмкін.

– Жүктілікті жоспарлап, нәтижесіз болғанда не істеу керек?

– Жүктілікті жоспарлап бізге келгенде қосымша экстаргенитальді ауруы бар әйелдер, қан қысымы болса олар бөлек әңгіме болып табылады. Олар өзінің белгіленген мамандарына барып, ол мәселелерді шешеді. Дәрі ішу керек. Кей кезде мамандар жүкілікке рұқсат бермеуі мүмкін. Мен айтып отырған дені сау деген әйел тапсырған анализдерінде ақаулары өзгерістері бар. Біз ол кісілерге талдау нәтижелеріне қарап қажетті дәрі-дәрмек тағайындаймыз. 3-4 ай уақыт береміз. Бір айдың ішінде ол дәрі-дәрмектен нәтиже ала алмаймыз. Ең аз дегенде 3-4 ішіп, қайтадан қорытынды анализ тапсырамыз. Егер жөнге келіп, жоғары деңгейге көтерілсе, сол кезде жүктілікті жоспарлауға болады.


– Әйел тексеріске келген кезде бірінші кезекте ананың бала күнінде ауырған ауруларын сұрап жатады. Бұл сәбиде де қайталанады деген сөз бе? Қандай жағдайда қайталануы мүмкін?

– Бұл ауру қайталанады деп айта алмаймыз. Сәби кезде көбінесе бұл мәселе қояншық, талма аурулары, неврологиялық аурулармен ауыратын әйел адамдарда болса, бұл жағдай тұқым қуалауы мүмкін. Немесе бұл ауруларда ауырлық дәрежесіне қарай жүкті болуға рұқсат берілмеуі де мүмкін. Өйткені бұлар қолданатын дәрі-дәрмектер балаға өте зиянды болады. Қант диабеті болсын, жүрек ауруы бар әйелдерде жүктілік кезде қан қысымы көтеріліп, аяқ-қолы ісініп асқыну болады. Бұл да өкінішке орай қайталануы мүмкін нәрселер. Варикоз анасынан қызына берілетін жағдайлар орын алып жатады. Сол үшін бұның барлығы жүктілікті жоспарламай тұрған кезде есептеліп келісіліп, төменгі деңгейге жеткізіп, жүкті болғаны дұрыс деп есептеймін.

– Жүкті әйелдер қалай күтінуі керек? Дәрігер ретінде кеңесіңізді айтып кетсеңіз?

– Жүктілікті жоспарлағаннан кейін ең алдымен дәріханада бодсын, нарықта өте көп витаминдер мен минералдар бар. Оны оңды-солды ішуге болмайды. Кей кездері ешқандай анализ тапсырмай, өзінен-өзі ішіп жататын кісілер болады. Бірақ бұл дұрыс емес нәрсе. Кей кездері денсаулығына зиянын келтіріп жатады. Сол үшін жаңағы айтқан дәрігердің кеңесімен талдама тапсырғаннан кейін дәрігердің нұсқауымен міндетті түрде қолдануы керек дәрумендеріміз бұл фолий қышқылы. Фолий қышқылы ең аз дегенде 400 микро грамм дозада жүктілікті жоспарлаудан үш ай бұрын ішіп басталады. Бұл әйелі үшін де, күйеуі үшін де керек. Фолий қышқылын В тобының дәруменіне жатады. Бұл болашақтағы баланың жүйке жүйесінің әр түрлі ақауларының алдын алады. Нерв түтікшелерінң ақаулары, сосын балада кездесетін жырық, ашық таңдай ақаудың алдын фолий қышқылы алады. Алдындағы балаларында хромасомалық патологиялық аурулары болса, фолий қышқылы көмектеседі.


– Жүктілікті қанша жыл аралығында жоспарлау керек?

– Елімізде демографиялық мәселе көтеріліп жатыр. Ол халықтың санын көбейту. Бұл өте күшті қолдау. Көпбалалы аналарға көп мүмкіндіктер мен жеңілдіктер беріледі. Бірақ дұрысы әйел адам ең аз дегенде екі жыл үзіліс жасап, келесі жүктілікті ойланғаны дұрыс.

– Сұқбатыңызға рахмет!


Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан және pixabay.com сайтынан алынды

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: