Демеу Жадраев әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады

Демеу Жадраев әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадраев грек-рим күресінен Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көріне алмады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстандық балуан 77 келі салмақ дәрежесінде финалдық кезеңге дейін жетіп, қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Алайда шешуші кездесуде венгриялық Роберт Фричке 5:6 есебімен есе жіберді.

Осылайша, Жадраев әлем біріншілігін бесінші орынмен тәмамдады.

Айдос Сұлтанғали 60 келі салмақ дәрежесінің жартылай финалында Амиран Шавадземен (Грузия) кездесті. Сұлтанғали белдесу барысында 1:2 есебімен ұтылып жатқан еді. Дегенмен белдесудің соңына қарай екі тиімді әдіс қолданып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 8:2. 

Өкінішке қарай, 72 келіде белдескен Мерей Мәулетханов финалға шығар жолда француз балуанына жол берді. Енді ол әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күреседі.