09.02.2026
09:06
4379
Декреттегі әке: жаңа үрдіс пе, әлде дәстүрге қайшы қадам ба?

Декреттегі әке: жаңа үрдіс пе, әлде дәстүрге қайшы қадам ба?

Соңғы жылдары декреттік демалысқа шыққан әкелердің қатары көбейіп келеді. Бұл үрдіс қоғамда әртүрлі пікір тудырып отыр. Бірі мұны заман талабы десе, енді бірі дәстүрлі отбасы моделіне қайшы қадам деп санайды. Әкелердің декретке шығуы қаншалықты дұрыс? Бұл өзгеріске заң, психология және қоғам қалай қарайды? Осы сауалдарға жауап алу үшін мамандардың пікірін білдік.

Мұндай қадам кейбір отбасылар үшін мәжбүрлі шешім болса, енді біреулер үшін саналы таңдау. Заңнама әкелерге де бұл мүмкіндікті толық береді.

Заң не дейді?

Еліміздің еңбек және әлеуметтік заңнамасына сәйкес, бала күтімі бойынша демалыс тек аналарға ғана емес, әкелерге де беріледі.

Әлеуметтік кодекстің 1-бабының 26-тармақшасына сай, сәби дүниеге келген сәттен бастап оның 1,5 жасқа толғанына дейін ата-ананың бірі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Ал Еңбек кодексінің 100-бабында бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс ата-ананың таңдауы бойынша анасына немесе әкесіне берілетіні нақты көрсетілген. Бұл кезеңде қызметкердің жұмыс орны мен лауазымы толық сақталады.

El.kz/ Артем Чурсинов 

Егер әке декреттік демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа оралғысы келсе, ол жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын ескертуі тиіс. Алайда бұл жағдайда бала 1,5 жасқа толғанға дейін тағайындалған әлеуметтік төлем тоқтатылады. Сондай-ақ төлем алып отырған азамат мемлекеттік корпорацияға жұмысқа шыққанын хабарлауға міндетті.

Енді жұмыс істемейтін әкелердің бала күтімімен отырған уақыты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептелетін болды. Жақында бұл норма Мәжіліс қабылдаған заң аясында енгізіліп, Әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер жасалды. Аталған қадам Конституциялық соттың нормативтік қаулысын орындау мақсатында қабылданған.

Статистика қандай?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы бала күтімі бойынша декретке 583 ер адам шыққан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 477 адамды құраса, 2025 жылдың басында 341 ер азамат бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алған. 

Әке психологиясы ескерілуі керек

Психолог Анаргүл Мәулиқызы әкелердің декретке шығуын тек материалдық тұрғыдан ғана емес, психологиялық қырынан да қарастыру қажет екенін айтады.

Қоғамда әйел мен ер адамның психологиялық рөлі әртүрлі. Әйел адам эмоционалдық тұрғыдан икемді, бірнеше рөлді қатар атқара алады. Ал ер адамның өзін әлеуметтік ортада дәлелдеуі өте маңызды. Егер ер азамат ұзақ уақыт бойы тек үйде отырып, бала күтімімен ғана айналысса, бұл ашушаңдыққа, тұйықтыққа, өзіне деген сенімсіздікке алып келуі мүмкін, – дейді маман.

Психологтың айтуынша, ер адамның баламен тығыз қарым-қатынас орнатуы – үлкен мүмкіндік. Алайда бұл шешім отбасы үшін ортақ әрі саналы түрде қабылдануы тиіс. Егер әке декрет кезінде психологиялық қысымға ұшыраса, оның әсері баланың тәрбиесіне де кері ықпал етуі мүмкін.

El.kz Артем Чурсинов 

Ер адам өз табиғатына қарсы өмір сүрмеуі керек. Ол үшін сыртқы әлеммен байланыс, даму, өзін табыс арқылы көрсету маңызды. Сондықтан декретке шығу ұзақ мерзімге созылмағаны жөн, – дейді Анаргүл Мәулиқызы.

Әлеуметтанушы көзқарасы: қоғам әлі дайын емес

Әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың пікірінше, әкелердің декретке шығуы – қазақстандық қоғам үшін әлі де тосын құбылыс.

Бұл – бізге сырттан келген, батыстық үлгі. Дәстүрлі қоғамда әке – табыс табушы, отбасының асыраушысы ретінде қалыптасқан. Сондықтан бала күтіміне күнделікті араласу әлі де көпшілікке жат көрінеді. Негізгі себеп – материалдық фактор, – дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы экономикалық жағдай мүмкіндік берсе, әке мен ананың бала тәрбиесіне теңдей араласуы тиімді болатынын да жоққа шығармайды.

Егер отбасының жағдайы көтерсе, балаға әкенің де, ананың да қатар көңіл бөлуі – ең дұрыс модель, – дейді әлеуметтанушы.

Декреттегі әке: «Аналарға деген құрметім артты»

Орал қаласының тұрғыны Ержан Имамадин декретке шығу туралы шешімді отбасылық жағдайға байланысты қабылдағанын айтады.

инстаграм/yerzhqn

Әйелімнің жалақысы жоғары, өзі дәрігер. Ал менің табысым аздау болды. Сондықтан декретке мен шығамын деп келістік. Алғашқы айлар оңай болған жоқ. Түнде бала жиі оянады, ұйқыңды қимай тұрасың. Күн сайын бірдей тіршілік. Бірақ ең үлкен қуаныш – көз алдыңда балаңның қалай өсіп, дамып жатқанын көзбен көру, – дейді ол.

Ержанның айтуынша, осы тәжірибеден кейін аналарға деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.

Бала күтімі оңай емес екен. Аналарға деген құрметім мың есе артты. Батыс елдерінде бұл қалыпты жағдай. Егер ерлі-зайыптылар бір шешімге келсе, әкенің декретке шығуынан қорқатын ештеңе жоқ, – дейді декреттегі әке.

Бір кездері белгілі спортшы Серік Сәпиев те декреттік демалысқа шыққан. Оның айтуынша, бұл шешім отбасылық жағдайға байланысты қабылданған.

Әкем ұзақ жыл ауырды. 35 жыл шахтада жұмыс істегеннен кейін денсаулығы сыр берді. Соңғы жылы ата-анамның жанында болу үшін төрт айға декреттік демалыс алдым, – деген болатын кезінде Сәпиев.

Әкелердің декретке шығуы – Қазақстан қоғамында енді ғана қалыптасып келе жатқан үрдіс. Заң мүмкіндік берді, статистика өсіп келеді. Алайда бұл шешім тек экономикалық емес, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да таразылауды талап етеді. Ең бастысы – отбасы ішіндегі келісім мен баланың мүддесі.