Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге коронавирустың омикрон штаммының кіші нұсқаларынан туындаған COVID-19-дың жаңа толқыны туралы хабарлады. Ол Еуропа елдерін вакцинация мен бетперде тағуға қатысты жедел шаралар қабылдауға шақырды, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы алты аптада Еуропа өңірінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа жағдайларының саны үш есе өсті, ал өткен аптада 3 миллионға жуық жаңа жағдай тіркелді, бұл әлемдегі барлық жаңа инфекциялардың жартысына жуығын құрайды. Клюге суық ауа райы жақындаған сайын COVID қарқынды таралатындығына да алаңдаушылық білдірді.
– Бүгін ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы инфекцияның алдағы толқындарына дайындалуға көмектесу үшін коронавирус және басқа да тыныс алу вирустарымен күресудің күзгі-қысқы стратегиясын жариялады. Әрекет ету үшін күздің келуін күтсек, тым кеш болады, – деді бюро директоры.
Стратегия, атап айтқанда, халықты вакцинациямен қамтуды ұлғайтуды, үй-жайларда және қоғамдық көлікте бетперде тағуға ынталандыруды, жабық үй-жайлардың желдетілуін күшейтуді көздейді.