Дауылдан зардап шеккен сәбиді емізген полиция қызметкері көпшілікті сүйсіндірді

3 Қараша 2023, 11:15 8308

33 жастағы полиция қызметкері Аризбет Дионисио Амбросио «Отис» дауылынан кейін Мексиканың Акапулько қаласындағы құтқару жұмыстарына қатысып жатқан. Бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүлдіршіннің жылаған дауысын естіген Амбросио көмекке келген.

Төрт айлық сәбидің анасы баласы екі күннен бері нәр тартпағандықтан да жылап жатқанын айтқан.

Өзімнің де емізулі балам бар екенін, қаласа, оның баласын да емізіп бере алатынымды айттым, - деді полиция қызметкері N+ телеарнасына берген сұхбатында.

Амбросио қорғаныс киімін шешіп, ашқұрсақ жатқан сәбиді емізген. Тәртіп сақшысы екі баланың анасы екен.

Полиция қызметкерінің бұл суреті әлеуметтік желіде тез тарап, көпшілік әйелдің әрекетіне сүйсінді.

Осыдан бірер күн бұрын Акапулько қаласында «Отус» дауылы жүріп, салдарынан 45 адам көз жұмса, тағы 47 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: