«Даун синдромы кедергі емес»: Ерекше бала Санжардың үлкен арманы
«Даун синдромы кедергі емес»: Ерекше бала Санжардың үлкен арманы
Бұл – Санжар. Жасы – 13-те. Астана қаласында тұрады. Даун синдромы диагнозы қойылған. Ерекше бала. Санжар, расымен де ерекше. Ол ашық теңізде де, бассейнде де еркін жүзеді. Жүзудің төрт тәсілін меңгерген. Оған қоса, доп тебетіні тағы бар.
Авторы: Артем Чурсинов
Санжар кешке жақын әкесімен бірге күнтәртібін құрады. Ертең қайда баратынын, не істейтінін белгілейді. Сөйлей алмайды, сондықтан оның ойын әкесі жеткізеді. Мысалы, бізге таңертең 7:00-9:00 арасында жаттығуға баратынын, одан кейін мектепке асығатынын айтты. Ол – №96 мектептің 5 сынып оқушысы. Инклюзия сыныбында оқиды. Аптасына үш рет логопед пен дефектологтың қабылдауына барады. Сейсенбі-бейсенбі күндері ерекше балаларға арналған UniFotoball лигасына қатысады. Күн сайын екі мезгіл жүзеді.
Сонымен, «Барыс-Аренадағы» жаттығуына қатысуға келістік. Әдемі көріністің үстінен түстік. Әкесі Санжарды жетелеп, бассейнге әкелген екен.
Авторы: Артем Чурсинов
Бізді жаттықтырушы Ернұр Төлеуханұлы қарсы алды. Санжарға дене қыздыру жаттығуын жасауға тапсырма берді. Бір топ бала қуана басып, бапкерінің жанына келді. Мұнда Санжардан басқа, аутист балалар да бар. Бәрі бірге Астана қаласының атынан сынға түседі.
Авторы: Артем Чурсинов
Осы аралықта әкесін әңгімеге тарттық. Асқардың айтуынша, ұлы жүзуден мұншалықты нәтиже көрсетеді деп ойламаған.
Бірде отбасымызбен теңізге бардық. Санжар шамамен 9 жаста. Көтеріп алып, аяғын суға салдым. Қорқып, жылғанын көрсеңіз, анасы екеуміз әрең сабасына түсірдік. Астанаға келген соң, ұлыма жүзуді үйрететін бапкер іздедім. Ешкімнің ерекше баланы қабылдағысы жоқ. Сөйтіп, жаттықтырушы Дәулетбек Балташ жанына алып, жарты жылдың ішінде жүзуді үйретті. Икемі барына, қолынан көп нәрсе келетініне сендірді. Онымен қоймай, ашық теңізде жүзуге де бейімдеп, Санжар Oceanman атанды, - дейді әкесі.
Авторы: Артем Чурсинов
Әкесінің айтуынша, Санжар ашық теңізде өзін еркін сезінеді. Мұны бірінші рет Қапшағайда 500 метр қашықтыққа жүзгенде байқаған. Аталған межені оңай еңсерген. Сөйтіп, 1000 метр, 2000 метр қашықтықтың бірінен соң бірін бағындырған. Қапшағайдан бөлек Дубайда өткен әлем чемпионатына қатысқан. Асқар ұлының жүзген сайын дамып, алға бір қадам жасайтынын түсінген. Аралықта бассейндегі жаттығуынан да қалдырмаған.
Жалпы, Санжардың су спортымен дос болғанына үш жылға жуықтапты. Бапкері одан үміт күтетінін, потенциалы жоғары шәкірт екенін атап өтті.
Авторы: Артем Чурсинов
Санжар алғаш келгенде жүзудің екі тәсілін білетін. Оған суды сезінуді, жүзуді үйреткен алғашқы бапкеріне алғыс айтамын. Білесіз, жүзудің төрт тәсілі бар. Көмекшім екеуміз қалған екі тәсілін үйреттік. Осы жылдар ішінде бірнеше халықаралық жарысқа қатысып қайттық. Өткен жылы Virtus ұйымы ұйымдастырған әлем чемпионатына бардық. Мұнда интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар спортшылар өнер көрсетеді. Санжар болашақта әлем чемпионы атанады деп ойлаймын. Болашағынан үлкен үміт күтемін, – деді бапкері.
Авторы: Артем Чурсинов
Иә, Санжар 20-30 тамыз аралығында Бангкокта интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар спортшылар арасында өткен әлем чемпионатына қатысты. Оның турнирге барып-келу шығынын «Болашақ» қоры көтерген. 31 елден 300 спортшы барған біріншілікте Санжармен бірге Әмір Алпамыс пен Валерий Югай ел намысын қорғады. Жасөспірімдер арасындағы турнирдің бейресми есебі бойынша, Санжар 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде күміс медаль еншіледі. 200, 400 метрге еркін жүзуден қола медаль алған.
Авторы: Артем Чурсинов
Біз сұрағымызға жауап алып жүргенде, Санжар өзіне берілген тапсырманы орындады. Ауық-ауық үшінші жолаққа қарап, аяқ-алысын бақыладық. Расымен, Санжар суда өзін еркін, тең, рухты сезінеді. Бапкерін тыңдап, жанындағы достарына жымияды. «Күн баласының» судан үйренгені, түйгені көп екенін түсіндік. Түсіндік те, бапкеріне: «Санжар сізге не үйретті?» – деп сұрақ қойдық.
Авторы: Артем Чурсинов
Санжар маған біраз дүниені үйретті. Бұдан бұрын кеш дамып жатқан балаларды жаттықтырған болармын. Бірақ Санжар сияқты ерекше қажеттілігі бар балалармен бірінші рет жұмыс істедім. Арада екі жыл өтіп кетті. Мен одан сабыр сақтауды, қарым-қатынасты реттеуді, үнемі күліп жүруді үйрендім. Ол ешқашан алға қойған мақсатынан қайтпайды. Осы мінезіне қайран қаламын, – дейді бапкері Ернұр.
Әкесі де спорттың Санжарға көп нәрсе үйреткенін айтады. Бастысы, оған спортта жеткен жетістігі қалыпты дамып жатқан балалармен теңдей болуға көмектеседі. Мысалы, сыныпта ешкім турникке тартылудан Санжардың алдына түспейді. Дене шынықтыру пәнінен үнемі бестік алады. Мектептегі ағайы Қанат – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі тюторы. Кейіпкерімізді барынша демеп, көмектеседі. Ата-анасы ұлының қоғамның бір бөлшегіне айналып келе жатқанына дән риза.
Авторы: Артем Чурсинов
Спорттың сиқыры дейтінімізге тағы бір себеп бар. Санжар кішкентайынан футбол көргенді, доп тепкенді жақсы көреді. Теледидар алдында сағаттап отырудан жалықпайды.
Әуелі аулада балалардың футбол ойнағанына қызыға қарайтын. Ортаға қойып кеткісі келгенімен, оны қоспайтын. Өйткені қай қақпаға гол салатынын, команда болып жұмыс істеуді білмейтін. Кейінірек, «Болашақ» қорының UniFootball лигасы туралы естіп, бардық. Міне, екі жыл ішінде біраз нәрсені үйренді. Білесіз бе, өткенде турнир кезінде Санжардың басына доп тиіп кетті. Өзін-өзі ұстай алмай ма деп шошыдым. Жоқ, керісінше, тұрды да, үстін қағып, командаласына қарай жүгірді. Гол соққанына қуанғанын көрсеңіз. Санжардың дамуына спорттың қосып жатқан үлесі көп. Сондықтан барынша дамытуға тырысамыз, – дейді әкесі.
Қазір Санжар – ерекше қажетілігі бар адамдарға арналған спорт федерациясының (IDSport) мүшесі. Бос уақыты жоқ. Спорттан тыс №96 мектеп жанындағы ерекше балаларға арналған инклюзив театрда өнер көрсетеді. Түрлі сән көрсетілімінде бой көрсетеді. Бос уақытында әпке-қарындасымен ойнайды. Ата-анасымен бірге болашаққа жоспар құрғаны тағы бар.
Авторы: Артем Чурсинов
Санжардың әлем чемпионатында (Virtus) топ жарғысы келеді. Ашық теңізде жүзуді де жалғастырады. Trisomy Games атты Даун синдромы бар атлеттер арасындағы жарысқа қатысу жоспарда бар. Бұл – Паралимпиада сияқты төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын турнир. Білесіз, интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар адамдар Паралимпиадаға қатыса алмайды. Егер сондай мүмкіндік болса, ұлымның Олимп шыңын бағындырғанын қалаймын, – дейді әкесі Асқар Абашұлы.