Дәулеткерей Кәпұлы Жазушылар одағының төрағалығына кімнің лайық екенін айтты

20 Сәуір 2023, 10:21 1804

Жазушылар одағы құрылтайы бес жылда бір рет өткізіліп отырады. Кезекті құрылтай жақын арада өтеді деп жоспарланған. Соның қарсаңында өткен жиынға қатысты көпшілік арасында «Жазушылар одағында өзара кикілжің туындап, шу көтерілді» деген пікір қалыптасты. Мәселенің мән-жайын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлынан сұраған едік.

Дәулеткерей Кәпұлы ең алдымен Жазушылар одағы мемлекеттен ешқандай қаржылай көмек алмайтынын, тіпті өңірдегі филиалдарының өзі әкімдікке жаутаңдап, олардың жоспарларына еніп кетуге тырысып отыратынын айтты.

Қоғам Жазушылар одағының мемлекеттен қаржы бөлініп отырған кезіндегі жұмысы мен қазіргі қызметін салыстырғысы келеді. Олар одақты мемлекеттен қыруар қаржы алып отыр деп есептейді. Алайда Жазушылар одағы қаламгерлер мен әкімдіктің, биліктің арасындағы алтын көпірді салатын ұйым. Соның арқасында соңғы 5 жылда қаламгерлеріміздің бет-бейнесі танылып, ел арасында жарқырап қалды. Сондықтан бір тиын айлық алып отырмаған жерден келіп, басқа дүниені талап ету жұрттың одақтың негізгі жұмысын білмей, артық ауыз сөйлей бергені деп ойлаймын, - деді ол.

Айтуынша, 12 сәуірде Жазушылар одағының кезекті «Әдеби жыл қорытындысы» өтіп, оған Жазушылар одағының басқарма мүшелері, барлық облыстағы филиал басшылары қатысқан. Жиында әдеттегідей өткен жылы жарыққа шыққан әдебиеттердің таралуына қатысты баяндама жасалған. Сондай-ақ 12 мамырда Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайын өткізу туралы басқарма мүшелерінің шешімі шыққан.

Дәулеткерей Кәпұлы халық арасында тараған алып-қашпа әңгіме басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің әлеуметтік желіде жазған бір мәлімдемесінен кейін қалыптасқанын айтады.

Ақберен әлеуметтік желіде бәрін оқырмандарға түсінікті етіп жазды. Адам болғаннан кейін эмоция үстінде түрлі сөздер аузыңнан шығып кетуі мүмкін. Сондықтан Ақбереннің сөзін сан саққа жүгіртіп әкеткен өзіміз және әлеуметтік желіде отырған оқырмандар деп ойлаймын. Жазушылар одағы мен одақтың басқарма төрағасы арасында ешқандай дау-дамай жоқ, - деді филиал директоры.

Сонымен қатар алда өтетін құрылтайға өзінің кандидатын ұсынып жатқан азаматтарға да тоқталды.

Әзірге өздерін құрылтайға ұсынып жатқан екі кандидатты білемін. Оның бірі – жазушы Арман Әлменбет болса, екіншісі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, жазушы Нұржан Қуантайұлы. Егер Жазушылар одағын кешегі Сәкен, Ілияс, Сәбит, Ғабит, Олжас сынды классиктердің бастап құрған қасиетті рухтың қара шаңырағы деп білсек, оған келіп аты-жөнін оқырман білмейтін жастардың төраға боламын дегенін онша қош көріп отырған жоқпын. Төраға ретінде осы қоғамдағы жазушылардың рөлін арттырып, бұған дейін қаламгерлердің қадір-қасиетін көтеріп жүрген қазіргі төрағамыз Ұлықбек Есдәулетті, үлкен қаламгерлермен барлығына ортақ әдеби мүддені алға қойып, осы одақтың жұмысын үйлестіре алған Ақберен Елгезекті көргім келеді, - деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: