Соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланған оқиғаның бірі – танымал спорт қайраткері, депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасылға қатысты іс. Бұл жағдай тек бір отбасының емес, жалпы қоғамның назарын аударған күрделі мәселеге айналды. Әкесі алғаш рет QRNews.kz тілшісіне ашық пікір білдіріп, болған жайтқа қатысты өз көзқарасын жеткізді.
«Ұлым сот шешімімен босап шықты»
Дәулет Тұрлыхановтың айтуынша, оның ұлы Нұрасыл заң аясында жазасын өтеп, сот шешімімен бостандыққа шыққан.
Иә, бұл – рас ақпарат. Ұлым Нұрасыл соттың шешімімен, белгіленген мерзімін өтеп, босап шықты. Барлығы заң шеңберінде өтті, – деді ол.
Бұл жерде ол қандай да бір жеңілдік немесе сыртқы ықпал болмағанын ерекше атап өтті. Оқиға кезінде қоғамда «әкесі ықпал етті ме?» деген сауалдар жиі қойылды. Алайда Тұрлыханов мұндай әрекетке бармағанын нақты айтты.
Маған журналистер сол кезде: «Ұлыңызды қорғап, тезірек шығарып алуға тырысасыз ба?» деп сұрады. Бірақ мен ондайға бармаймын дедім. Егер бала осындай іске өзі түссе, ол жауапкершілікті өзі көтеруі керек, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл ұстанымнан таймаған. Әкенің сөзінше, бұл жағдай отбасы үшін үлкен сынақ болған.
Баланың аты – бала. Бірақ ата-ана үшін мұндай жағдай өте ауыр тиеді. Әсіресе біз сияқты ата-аналар үшін бұл үлкен соққы болды, – дейді ол.
Сонымен қатар, ол ата-ана ретінде жауапкершілікті де мойындайтынын жасырмады.
«Бала тәрбиесіне уақыт аз бөлдім»
Тұрлыханов өз өмір жолына тоқталып, спорттағы мансабы отбасыға жеткілікті уақыт бөлуге кедергі болғанын ашық айтты.
Мен спортшы ретінде ұзақ жылдар ұлттық құрамада болдым. Ол кезде 8-9 ай бойы үйде болмайтынбыз. Кейін жаттықтырушы болдым, басқа да қызметтер атқардым. Сол кезде бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмадым. Қазір соған өкінемін, – деді.
Оның айтуынша, өзге спортшыларды тәрбиелеуге көп уақыт жұмсап, өз балаларына аз көңіл бөлген. Дәулет Тұрлыханов қоғамдағы жастар тәрбиесіне қатысты ойын білдірді.
Әр ата-ана баласының жаман болғанын қаламайды. Мен де солардың бірімін. Қандай жағдай болмасын, әр қазақтың баласы дұрыс жолда жүрсе екен деймін, – дейді.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Тұрлыхановтың атына түрлі айыптаулар айтылған. Соның бірі – қылмыстық топтарға қатысы бар деген пікірлер.
Бұл – шындыққа жанаспайды. Мұндай әңгімелер – негізсіз. Мен өмір бойы Қазақстанға қызмет еттім. Спортшы болдым, жаттықтырушы болдым, мемлекеттік қызметте жұмыс істедім, – дейді депутат.
Ол өз ар-ұятының таза екенін және халық алдында жауапкершілікті сезінетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты «Бұзақылық» (ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы) және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылған.
2023 жылғы 11 ақпанда Нұрасыл адвокаттар Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққан. Жәбірленушілердің айтуынша, олар Болат агрессия көрсеткен қызды қорғамақ болған.
2023 жылғы 9 қазанда әскери сот оны бұзақылық ниетпен денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салды. Ал 2024 жылы үкім өзгеріп, 2 жылға сотталған еді. 2026 жылдың сәуір айында Нұрасыл Болат тағайындалған жаза мерзімін толық өтеп, бостандыққа шықты.
@qrnewskz Депутат Дәулет Тұрлыханов ұлы Нұрасыл Болат жазасын толық өтеп, абақтыдан босап шыққаны туралы пікір білдірді. Сұхбат барысында ол баласының тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмағанын айтып, өкінішін жеткізді. Сонымен қатар, Тұрлыханов өзіне қатысты «қылмыстық топ мүшесі» деген айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
♬ оригинальный звук - QRNewskz