Дәстүрлі ән өнеріндегі кейінгі буын өкілдері кімдер?

23 Тамыз 2018, 16:51 11336

Дәстүрлі ән - баба аманаты

Қазақ даласы жусанын жел тербей қалса не болмаса қурайына шымшық қонса ән мен күй төгіле кететін мекен екені бесенеден белгілі. Мыңдаған жылдар бойы келе жатқан бұл саф өнер өлмек емес. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Иманжүсіп, Мұхит, Мәди, Нартай, Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтерден бері түгендер болсақ ауызымызға "ә" дегеннен түсетіндер Игілік Омаров, Қайрат Байбосынов,  Жәнібек, Кәрменов,  Мейірхан Адамбеков, Қатимолла Бердіғалиев, Ғалым Мұхамеддин, Жақсыкелді Кемалов, Сәуле Жампейісова, Айгүл Қосановалар.  

Олардан бері тізбектесек Еркін Шүкіманов, Сержан Мұсайын, Айгүл Елшібаева, Клара Төленбаева, Дәуренбек Аркенов, Ерлан Рысқали, Ербол Айтбаев, Ардақ Исатаевалар. Бұлардың барлығы аға буын өкіліне жатады.

Қазіргі жас буын арасында  атадан балаға мұра ретінде келе жатқан осынау өнерді жанына серік етіп жүргендер аз емес. Бірақ, "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" демекші олардың ішінен қара үзіп шыққандары бар ма? Тыңдармандар атын тосылмай айтатын әнші шығады ма? Осы сұрақты біз дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген  бірнеше ағаларымызға қойған едік.

Мейірхан Адамбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры (Қарағанды қаласы):

- Өзімізден кейінгі жастардан Айтбек Нығызбаев, Ербол Айтбаев, Жанат Айтбаев, Медіғат Манаповтарды айтар едім.

-Аға, сіз оларды жас көргеніңізбен олар да аға буын болып қалған екен. Бұлардан кейін кімдерді атар едіңіз?

-Әр облыста бар ғой талантты жастар. Мен өзіміздің Қарағанды өңірінің жастарын айтайын. Арқада жақсы әншілер көп қой. Өз басым Сырым Хордин, Медет Осатаев, Гүлмира Тапайлардан үлкен үміт күтемін. Жылдан жылға біздің колледждің  "Дәстүрлі ән" бөліміне түсуші балалардың саны артып келе жатыр. Мені осы құбылыстың өзі сүйсінтеді.

Ерлан Рысқали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Жер-жерде, әр аймақта дәстүрлі әншілерді өзара тайталастыратын конкурстар өтіп жатады. Бірде мына бала жақсы өнер көрсетсе, бірде ана бала таң қалдырады. Дегенмен, Асқар Мұқият, Медет Осатаев, Жасұлан Сақаев сынды жастардан күтерім көп. Бұлар үнемі ізденісте жүретін әншілер. Дарыным бар екен деп дайындықсыз жүре беруге болмайды - деп әнші ағамыз артындағы бауырлары жайлы жылы лебізін білдірді.

Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртісі:

- Мен Еркін Шүкімановтардың өкшесін басып келе жатқан буыннан Ардақ Мұқышев, Арайлым Омарбекова, Дулат Ақановтарды атар едім.  Жақсы әншілер бар негізі. Жолдарының ашылуы қиын болып тұр ғой. Ал, 25-30 жасар әншілерге келсем Алматы жақта жүрген  Мерей Кәрімов, Астанада Президент оркестрінде қызмет атқарып жүрген Қайыркелді Омарбеков, Еркебұлан Ахметов, Қасиет Қамиев, Жаннұр Мұсылманбек, Медет Осатаевтарды атар едім.

Ағаларымыздың әңгімесінен байқағанымыз  бізден кейінгі ұрпаққа қазақы нақыштағы ән өнерімізді жеткізтуші алтын көпірдің бар екендігі. Аға буынға аяқ асты қойылған сұрақ болған соң, жауап барысында біреулердің есімін ұмытып, атамай кетулері де заңдылық.  Бұл тізімге біз өз жанымыздан Перизат Тұрарова, Сырым Мұхамеджанов, Өзгеріс Шерікбай, Ідірбай Байбақты, Әзімхан Қамысбай, Диас Мұратхан, Азат Әбдіғалым, Аяулым Қамажан сынды жастарды қоса кетсек артықтық етпесі анық.

Қазіргі таңда "Домбыраның заманы өтті. Дәстүрлі әндерге насихат жоқ" дегендей сыңаржақ пікірлерді жиі естіп қаламыз. Дегенмен, елімізде бұл мәселелер бойынша  біраз шаруалар атқарып жатыр.  Күні кешегі Елбасының жарлығымен бекітілген "Ұлттық домбыра күнінің" аталып өтуінің өзі көп сұраққа жауап беруі тиіс. Бұдан бөлек әр аймақтарда облыстық, республикалық дәрежеде біраз конкурстардың аталып өтуі. Мәселен, Жүсіпбек Елебеков атындағы, Мәди Бапиұлы атындағы, Әсет атындағы, Естай атындағы, Тайжан Қалмағамбетов атындағы, Майра атындағы конкурстар жас буынның әнші ретінде қалыптасуына үлкен ықпалын тигізетін шаралар. Сөз басында атап өткен Сержан Мұсайын, Дәуренбек Аркенов, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева сынды қазіргі "Сен тұр мен атайын" әншілер сол конкурстардың алғашқы жылдарындағы жемістер. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған "Мен Қазақпын" телевизиялық жобасы да осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін жасалынған жобалар. Мінекей, осының барлығын саралай келе төл өнеріміздің жетімсіремесіне сеніммен қарайық.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: