06.05.2025
11:00
2075
Дәстүрлі қазақ киімінде қолданылатын ұлттық элементтер тарихы

Дәстүрлі қазақ киімінде қолданылатын ұлттық элементтер тарихы

"Ең әдемі киім — ұлтыңның киімі"

Халық нақылы

"Қазақтар киімді табиғат пен тұрмыс жағдайына бейімдеп киеді. Әйелдердің киімі айрықша сәнді: барқыт, жібек, алтынмен зерленген бұйымдар мен кестелер көп қолданылады. Ал ерлер көбіне түйе жүнінен тігілген шапан, киізден жасалған күпі мен тымақ киеді"

Алексей Левшин ғалым, этнограф

 

Қазақ халқының дәстүрлі киімі – ұлттың дүниетанымы мен эстетикалық талғамының, табиғатпен үйлесімде өмір сүрген тұрмыс-салты мен әлеуметтік құрылымының көрінісі. Киім – қазақ үшін тек қорғаныш құралы ғана емес, сонымен қатар рухани-мәдени кодтың, тарихи жадының айғағы. Әсіресе, киімдегі ұлттық элементтер – шеберлік пен шежірені, өнер мен өрнекті тоғыстырған көркем мұра.

Қазақтың ұлттық киімдері көбіне табиғи материалдардан тігілген. Мәселен, қой жүні, ешкі түбіті, түйе жүнінен басталған маталар, былғары мен терілер, жібек пен барқыт, қамқа мен атлас секілді маталар сәндік киімдерге пайдаланылған. Осылардың өзі халықтың табиғатпен тығыз қарым-қатынаста өмір сүріп, мал шаруашылығын тұрмыстың өзегіне айналдырғанын аңғартады.

Киім тігушілер мен зергерлер – ұлттық өнердің шебері ғана емес, сол дәуірдің мәдениет сақтаушысы болған. Әр тігіс пен өрнектің, әр әшекейдің өз тарихы, өз айтары бар.

Қазақтың ұлттық киімдерінде қолданылатын ою-өрнектер ерекше орын алады. Олар киімді әсемдеумен қатар, символдық мәнге ие. Мысалы:

«Қошқар мүйіз» – байлық пен молшылықтың, ұрпақ жалғастығының нышаны. Бұл бейне жай ғана сәндік ою емес, ол ежелгі түркілер мен скифтердің дүниетанымынан келе жатқан байлық пен тектіліктің белгісі. Оны шапан, камзол, белдік, бас киім, аяқ киімдерге өрнек ретінде кестелеп салған. Мұндай оюлы киім киген адам – дәулетті, абыройлы, текті тұқымнан дегенді білдірген;

«Түйе табан», «құс қанаты», «өркеш» – табиғатпен үндестікті, көшпелі өмірдің элементтерін бейнелейді;

«Ши өрнек», «тұмарша», «омыртқа» сияқты өрнектер тылсым қорғаушы күш ретінде танылып, тіпті бәле-жаладан сақтайтын тұмар рөлін атқарған.

Әйелдер киімінде көбінесе нәзіктік пен әсемдікке ерекше мән берілген. Олар жібек, қамқа, барқыт секілді маталардан тігілетін көйлек, кимешек, сәукеле, желет, кеудеше, камзол сияқты киімдермен толықтырылып, алтын-күміспен әшекейленетін. Әсіресе, сәукеле – қыз баланың ұзату салтындағы ең салтанатты киімі. Оның төбесіне үкі тағылып, самай тұсына күміс салпыншақтар мен маржан моншақтар ілінеді. Сәукеле – келін түсіргенде киілетін дәстүрлі бас киім. Оның кейбір түрі 1000 қойдың құнына тең болған деген дерек бар. Сәукелені жасауға жібек, қамқа, алтын жіп, асыл тастар, маржан, күміс әшекейлер, үкілер қолданылған. Бұл тек сән емес, келіннің әлеуметтік мәртебесін көрсететін нышан. Бұл элементтердің әрқайсысы – әйел адамның әлеуметтік мәртебесі мен эстетикалық талғамының көрінісі ретінде есептелетінін тарихтан білеміз.

Киімде адамның жасы мен әлеуметтік орны көрініс тапқан. Қыз баланың көйлегі мен келіншектің, ененің көйлегі бірдей болмайтын. Мысалы:

  • Қыздар – ашық түсті, жеңіл маталы, шолпы тағылған көйлек киген;
  • Келіншектер – жабық, сәнді, басына кимешек таққан;
  • Қарт аналар – ақ кимешек, салмақты түсті камзол киген.

Ер адамдар киімінде салтанат пен қарапайымдылық қатар жүреді. Шапан, камзол, ішік, кепеш, тымақ, бөрік сияқты киім түрлері ер адамның жасына, әлеуметтік мәртебесіне және өңірлік ерекшелігіне қарай түрленіп отырады.

Шапан көбіне сыйлы қонаққа тарту етілетін, елге белгілі тұлғаларға сый ретінде берілетін аса құрметті киім саналған. Белбеу – ер адамның қуатын, батырлығын білдіретін элемент. Белді буу – ер-азаматтың жауапкершілік алғанының символы.

Аймақтық және рулық ерекшеліктер де қазақтың ұлттық киімдерінде көрініс тапқан. Әсіресе киімдегі нақыштарға қарап қай өңірдің киімі екенін анық аңғаруға болады.

Ұлттық киім үлгілері аймақтық ерекшеліктерге де байланысты өзгеріп отырған. Мысалы, оңтүстік өңірлерде жібек пен барқыт көбірек пайдаланылса, солтүстікте аң терісі мен жүн киімдері басым болған. Шығыс Қазақстандағы кимешек пішімі мен оюы Батыс өңірінен өзгеше. Мұндай өзгешеліктер қазақ руларының эстетикалық талғамы мен өмір сүру ортасына бейімделуінен туындаған.

Ағылшын суретші-саяхатшысы Томас Уитлам Аткинсон 1847–1852 жылдары Орталық Азияны аралап, қазақ даласындағы өмірді суреттер мен күнделік жазбаларында бейнелеген. Ол қазақ әйелдерінің камзол, көйлек, әшекейлі бас киімдеріне қызыға қарап: «Қазақ әйелдері – шебер дизайнерлер. Олардың киіміндегі әрбір өрнек мағынаға толы, ал киімнің өзі – өмір салтының көрінісі», - деп ерекше бағасын берген.

Қазақтың киім үлгілері – бүгінде бірнеше еуропалық музейлердің этнографиялық коллекцияларында сақтаулы тұр(мысалы, Париждегі Мусе де л’Ом, Лондондағы Виктория және Альберт музейі). Бұл жерде қазақ шапаны, камзолы, сәукелесі мен зергерлік бұйымдары дәстүр мен шеберліктің айғағы ретінде таныстырылады.

Шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде қазақ киімі — жай ғана тұрмыстық киім емес, мәдени код, рухани дүние, символдар жүйесі ретінде бейнеленеді. Олар ұлттық киім арқылы қазақ халқының эстетикалық ойлауын, әлеуметтік құрылымын, өмір салтын жоғары бағалай отырып көрсеткен.

Ұлттық киімнің қазіргі рөлі өте жақсы дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Қазақтың дәстүрлі киімі бүгінде музей жәдігері немесе этнографиялық мұра ғана емес, сән әлемінде қайта жаңғырып келе жатқан ұлттық брендке айналуда. Жас дизайнерлер дәстүрлі элементтерді заманауи стильге лайықтап, киім үлгілеріне енгізіп жүр. Бұл – ұлттық таным мен тарихи жадының үзілмей, жаңа буынмен жалғасып келе жатқанының белгісі.

Дәстүрлі қазақ киіміндегі ұлттық элементтер – бұл халықтың ішкі мәдени коды, дүниетанымы, әлеуметтік болмысы мен көркемдік талғамының шынайы бейнесі. Олар ғасырлар қойнауынан жеткен үн, халықтың тарихи зердесін сақтап тұрған бейнелі шежіре.

Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры