01.04.2026
14:10
343

Дарынды оқушылар қандай белестерді бағындырып жүр?

Бір кезде тек арман болған Harvard University пен Massachusetts Institute of Technology бүгінде қазақстандық оқушылар үшін нақты мақсатқа айналды. Қазір әлемдік білім аренасында жарқыраған жас дарындар тек өз жетістігімен емес, тұтас елдегі білім жүйесін жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Harvard-қа жол

Астана қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Бөрте Сайранбекқызы 2026 жылдың наурызында Harvard University бакалавриат бағдарламасына оқуға ресми шақырту алды. Ол инженерлік механика мамандығын таңдаған. Университет талапкерлердің қаржылық қажеттілігінің 100%-ын өтейтінін ескерсек, бұл – үлкен жетістік.

Бөрте аталған мектепте 2020-2021 оқу жылынан бастап білім алып келеді. Ол алғашқы күннен-ақ еңбекқорлығымен, білімге деген ерекше қызығушылығымен көзге түскен. Халықаралық Advanced Placement бағдарламасы аясында 7 емтиханды сәтті тапсырып, AP International Diploma және AP Scholar with Distinction марапатына ие болды.

жеке мұрағат

Оның тапсырған пәндері қатарында математика, физика, экономика және тілдік бағыттар бар. Бөрте қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Қытай тілін де игеріп, AP Chinese емтиханы арқылы білімін дәлелдеді.

Оқушының білім көрсеткіші де жоғары: IELTS – 8.0, SAT – 1530. Ол ғылыми жобалармен де белсенді айналысып, «Дарын» республикалық байқауында жүлделі орын иеленген.

Бөрте халықаралық деңгейде де тәжірибе жинақтап үлгерген. Мәселен Global Problem Solving Institute бағдарламасына қатысып, АҚШ университеті профессорымен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізді.

140 балл жинап үздік нәтиже көрсетті

Ал Абай облысының түлегі Ерасыл Сайлауов наурыз айындағы ҰБТ-да 140 балл жинап, Қазақстан бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Ерасыл – Бородулиха ауылының тумасы. Ол – Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебі мен «Тарих мектебі» білім беру орталығының түлегі. Тестілеу қорытындысы бойынша ағылшын тілі пәнінен 50 балдық конвертация жасалған. Бұл оның тілдік дайындығының да жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ халықаралық IELTS емтиханын тапсырған.

жеке мұрағат 

Бос уақытында Ерасыл кітап оқып, шет тілдерін үйренумен айналысады. Сонымен қатар, спортты да назардан тыс қалдырмай, волейболмен тұрақты шұғылданады.

Оның басты мақсаты – негізгі ҰБТ-да осы нәтижені қайталап, 140 балл жинау және «Дипломатия» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болу.

MIT таңдаған жас физик

Халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, Nurorda халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі – Massachusetts Institute of Technology (MIT, АҚШ) университетіне оқуға қабылданды.

Физика пәнінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұргүл бұл жетістікке халықаралық олимпиадалардағы жоғары нәтижелері арқылы жетті. Ол бірнеше мәрте республикалық және әлемдік деңгейдегі білім сайыстарында топ жарып, өзін болашағы зор жас ғалым ретінде танытты.

Оның жетістіктері мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. 2025 жылдың тамыз айында Нұргүл олимпиада жеңімпаздарымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақордадағы ресми қабылдауына қатысты.

жеке мұрағат 

Нұргүлдің академиялық жетістіктері әлемнің жетекші университетінің назарын аударды. Ол University of British Columbia, Hong Kong University of Science and Technology, École Polytechnique, Korea Advanced Institute of Science and Technology, University of Warwick секілді ТОП-100 оқу орындарынан шақырту алған. Дегенмен, оның таңдау MIT университетіне түсті.

Нұргүлдің айтуынша, университет таңдауда тек теориялық білім емес, тәжірибелік дағдылар мен ғылыми зерттеуге ерте араласу шешуші рөл атқарған.

Менің мақсатым – тек білім алып қана қоймай, оны тәжірибемен ұштастырып, жаңа технологияны дамытуға үлес қосу. MIT-те студенттерге ғылыми зерттеулермен ерте кезеңнен айналысуға мүмкіндік бар. Мысалы, UROP бағдарламасы арқылы профессорлармен бірге зертханаларда жұмыс істеуге болады. Сондай-ақ Deshpande Center ғылыми идеяларды нақты өнімге айналдыруға қолдау көрсетеді, – дейді жас талапкер.

Әлем чемпионы атанған шахматшы

Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Ерғали Сүлеймен – халықаралық деңгейде танылған жас шахматшы, халықаралық шебер.

Ол шахматтағы жолын ерте жастан бастаған. Бес жасында алғаш рет шахмат үйірмесіне қатысып, алты жасынан бастап бұл спортпен кәсіби түрде айналыса бастады. Қысқа уақыт ішінде оның өмірінде шахмат маңызды орын алып, болашақ мамандығына айналды.

Ерғали бірнеше мәрте Астана қаласының чемпионы атанып, 2025 жылы 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы болды. Сондай-ақ блиц және рапид түрлері бойынша да ел чемпионы атағын жеңіп алды.

жеке мұрағат 

Халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсетті. 2023 жылы Азия чемпионы атанса, 2025 жылы 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында рапид және блиц бойынша әлем чемпионы атанды. Сол жылы Лондонда өткен командалық әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, алтын жүлдеге үлес қосты.

Шахмат – тек ойын емес, өмір салты. Адамды дұрыс ойлауға, шешім қабылдауға және жауапкершілікке үйретеді, – дейді жас шахматшы.

Ол әрдайым жаттығуын үзбей, өз шеберлігін жетілдіруге мән береді. Республикалық физика-математика мектебінің қолдауының арқасында білім мен спортты қатар алып жүруге мүмкіндік алғанын айтады.

Бүгінде ол Қазақстан құрамасының әртүрлі деңгейіндегі сапында өнер көрсетіп, халықаралық тәжірибе жинақтап келеді. Алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруды мақсат еткен жас дарын үшін ең маңыздысы – тоқтамай даму және үнемі ізденіс үстінде болу.

Геометрия генийі

Математика саласы бойынша тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан 10-сынып оқушысы Батырхан Бейғановтың жетістігі Қазақстанмен шектелмей, халықаралық деңгейде де мойындалып отыр.

Ол XII Иран геометриялық олимпиадасында алтын медаль жеңіп қана қоймай, абсолютті бірінші орын иегері атанды. Елімізде өткен білім олимпиадасында күміс жүлде еншілеп, республикалық олимпиаданың барлық кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.

Батырхан тек математикамен шектелмей, лингвистика бағытында да өзін сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Оның жан-жақтылығы мен терең ойлау қабілеті түрлі пәндерде жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік берді.

жеке мұрағат

Жас дарынның ғылымға деген қызығушылығы ерте жастан басталған. Ол небәрі жеті жасында алғашқы олимпиадаға қатысып, біртіндеп үлкен додаларға шықты. Жылдар бойғы еңбектің нәтижесінде Ресей, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан және Кавказ аймағындағы жарыстарда жүлде алып, өз деңгейін дәлелдеді.

Батырхан жеңілістерді тәжірибе ретінде қабылдап, әр жарыстан жаңа сабақ алады. Табандылығының нәтижесінде математика пәні бойынша Ұлттық олимпиадалық резервтің іріктеу тізіміне енді.

SAT бойынша әлемдік ТОП-1% қатарына енді

Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Әди Құралов – математика мен логикалық ойлау қабілеті арқылы ерекшеленген жас дарын.

Ол халықаралық SAT емтиханынан 1530 балл жинап, әлем бойынша үздік 1% қатысушылар қатарына енді. Бұл нәтиже тек Қазақстан бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде де өте жоғары көрсеткіш саналады.

Әдидің жетістіктері мектеп қабырғасынан әлдеқайда ерте басталған. 3-сыныптан бастап олимпиадаларға қатысып, 7-сыныпта бір оқу жылы ішінде бес бірдей алтын медаль жеңіп алған. Оның ішінде Жәутіков олимпиадасы, МФТИ олимпиадасы, Всесібір олимпиадасы, «Математика шекарасыз» және америкалық AMC 8 жарыстары бар.

жеке мұрағат

8 сыныпта ол халықаралық «Математика шекарасыз» олимпиадасында барлық кезең бойынша жеңіске жетіп, төрт бірдей алтын медаль иеленді.

Бүгінде Әди тек мектеп деңгейінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өз орнын дәлелдеген оқушының бірі.

Физикадан ұлттық резервке енген оқушы

Республикалық физика-математика мектебінің 10 сынып оқушысы Дәуренбай Сұлтанмұрат – физика пәні бойынша жоғары нәтиже көрсетіп жүрген дарынды оқушының бірі.

Ол 2025-2026 оқу жылында өткен бірқатар беделді олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Қазақстан білім олимпиадасында күміс жүлде иеленсе, республикалық олимпиаданың облыстық және қорытынды кезеңдерінде алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, XXII МЖО-да қола жүлдегер атанып, KazYRT турнирінде Гран-при иегері болды.

жеке мұрағат

Дәуренбайдың бұл жетістіктері оның жүйелі дайындығы мен ғылымға деген қызығушылығының нәтижесі. Оның еңбегі еленіп, физика пәні бойынша Ұлттық олимпиадалық резервтің іріктеу тізіміне енгізілді. Бұл – болашақта халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын үздіктер қатарына қосылуға жасалған маңызды қадам.

Информатикадан үздік нәтиже көрсеткен жас дарын

Ал 8-сынып оқушысы Еламан Әлішер информатика пәні бойынша ерекше нәтижелерімен көзге түсіп отыр. Жас болса да, ол бірқатар ірі олимпиадаларда топ жарып, тұрақты түрде алтын жүлде иеленіп келеді.

жеке мұрағат 

Оның білім деңгейі мен әлеуеті ескеріліп, информатика пәні бойынша Ұлттық олимпиадалық резервтің іріктеу тізіміне енгізілді.

14 жасында гроссмейстер атанған дарын

Қазақстандық жас шахматшы Эдгар Мамедов небәрі 14 жасында ең жоғары шахматтық атақ гроссмейстер (GM) деңгейіне жетіп, ел тарихындағы ең жас гроссмейстер атануға жақын тұр.

Гроссмейстер атағы – шахматшылар үшін ең беделді әрі өмір бойына берілетін мәртебе. Оны FIDE (Халықаралық шахмат федерациясы) арнайы конгресстер мен кеңес отырысында бекітеді. Бұл атақты алу үшін шахматшы бірнеше халықаралық турнирде жоғары нәтиже көрсетіп, үш мәрте гроссмейстерлік норманы орындап, сондай-ақ 2500 рейтингтік межеден асуы тиіс.

жеке мұрағат 

Эдгар бұл талаптың барлығын небәрі бір жылдың ішінде орындап шықты. Ол гроссмейстерлік нормаларды Ақтөбе Open-2024 турнирінде, сондай-ақ Испанияның Аликанте мен Менорка қаласында өткен жарыстарда сәтті орындады. Ал БАӘ Шарджа қаласында өткен халықаралық турнир барысында оның рейтингі 2500 ұпайдан асып, шешуші межені бағындырды.

Эдгардың жетістігі – тек жеке жеңіс емес, қазақстандық шахматтың болашағына салынған сенімді инвестицияның айқын көрінісі.

Батырхан Ескендірдің математикаға деген қызығушылығы небәрі 7 жасында қарапайым «ұнайды» деген сезімнен басталған. Алайда осы бір сөздің артында он жылдан астам еңбек, талай турнир, жеңілістер мен жеңістер жатыр. Бірі оны шыңдаса, бірі қанаттандырды. Бүгінде оның жетістіктерінің географиясы Иран, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Кавказ елдерін қамтиды. Бұл – жас дарынның деңгейін айқын көрсететін көрсеткіш.

Ол дарынды балаларға арналған мектепте білім алып, барлық пәннен үздік болғанымен, математиканы ерекше жақсы көрді.

Олимпиадалар туралы да ол өз бетінше біліп, қатыса бастайды. 2-сыныпта «Математика шекарасыз» олимпиадасында қола жүлде алса, 3-сыныпта сол жарыстан күміс жүлдеге қол жеткізеді. Ал 4-сыныпта «Бастау» олимпиадасында I орын иеленеді. Осылайша, қарапайым қызығушылық үлкен мақсатқа ұласты.

жеке мұрағат 

Орта буынға өткен сайын бәсекелестік те күшейе түсті. 2023 жылы қалалық Жәутіков олимпиадасында I орын иеленсе, 2024 жылы бұл жетістігін тағы қайталап, қатарынан екі жыл чемпион атанды.

2024 жыл Батырхан үшін табысты кезең болды. Ол Эйлер олимпиадасының қорытынды кезеңінде II орын алып, Шарыгин атындағы геометрия және Иран геометриялық олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Айта кетерлігі, Иран олимпиадасында ол екінші жыл қатарынан жүлде иеленді. Сонымен қатар, республикалық ғылыми жобалар байқауында да күміс жүлдеге ие болды. Бұл жарыста тек есеп шығару жылдамдығы емес, терең ойлау қабілеті бағаланады.

8-сыныпта ол халықаралық деңгейдегі МЖО және АТМО турнирлеріне қатысып, тәжірибе жинақтады. Жүлде алмаса да, мұндай деңгейдегі додаға қатысудың өзі үлкен жетістік болды. Ал 9- сыныпта Ташкент, Қарағанды және Кавказдағы халықаралық олимпиадаларда бақ сынады. 2025 жылы Қырғызстан республикалық олимпиадасында жеңіске жетіп, Кавказ математикалық олимпиадасында қола жүлде иеленді. 10-сыныпта да ол жоғары нәтижелерін жалғастырып, АТМО-дан күміс жүлде, ал республикалық олимпиададан тағы да күміс медаль алды.

Айта кетейік, соңғы жылдары республикалық физика-математика мектебінің түлектері Princeton University, Yale University, Cornell University, ETH Zurich секілді әлемнің жетекші оқу орындарына түсіп, табысты білім алып жүр.