Даррен Аронофски «мамалатады»!

13 Қыркүйек 2017, 09:21 1456

«мама!» - биылғы жылдың ең жұмбақ киножобаларының бірі

«мама!» - осы жылдың ең жұмбақ киножобаларының бірі шығар. Айтпақшы бұл қателік емес – атауы кіші әріптермен «mother!» деп әдейі стилдендірілген.

Үрейлі драма деп ұсынылған картинаның әлемдік премьерасы 30 тамыз – 9 қыркүйек аралығында өткен 74 Венеция кинофестивалінде болды. Біздің прокатқа осы аптада келеді.

Сюжетте бас қосқандарына көп бола қоймаған жұп туралы айтылады. Бірде олардың үйіне бейтаныс адамдар шақырусыз келіп, осында тұрақтайды. Осыдан бастап екеуінің қалыпты өміріне сызат түседі.

Бізге белгілісі осы синпосис қана. Жоғарыда жұмбақ деп бекер жазылған жоқ. Режиссер де, Paramount Pictures студиясы да фильм туралы жақ ашпай отыр. Қаржы тапшылығынан емес, не маркетологтардың сауатсыздығынан да емес, стратегия солай жасалыпты. Мақсаттары - неғұрлым құпия ұстау арқылы көрермендер ынтазарлығын өршіте түсу.

Даррен Аронофски Нью-Йоркта жаңа фильмін тек төрт журналистке көрсеткен дейді және оларға картина туралы айтуға/жазуға үзілді-кесілді тыйым салған.

Режиссердің бұнысын да түсінуге болады. Осыған дейін ол Нұх пайғамбар туралы қымбат фильм түсірді. Алайда 125 млн жұмсалған картина өз шығындарын әрең жапты. Қазір Аронофскиге сыни көздер көбейе түсті және осы жолы не бүлдірер екенсің деп алақан ысқылап отырған сыншылар да аз емес шығар. Сондықтан ол алдын-ала сақтанып, «шеше!» туралы лепіре бермей, барынша өзін жабық ұстауға тырысуы да мүмкін. «Жарылыс» жасаса – қарадан шыққан данышпанның кейпіне еніп, қаһарман болады, «сұйық» шықса – ештеңе уәде етпеген адам болып тағы құтыла салады. Бұл тек автордың пайымы екенін де ескергейсіздер.

Алайда кино шолушылар там-тұмдап болса да пікір беріп жатыр. Олардың сөздерінде айтылған ортақ нәрсе: фильм сұмдық қорқынышты және біртүрлі. Рейтинг сайттардағы бастапқы бағалары мынадай: Metacritic пікірлер агрегаторында - 82/100, ал кәсіби киносыншылар агрегаторында - 76%. Бұл тек бастапқы баға екенін ескергейсіз, фильм қалың бұқараға жеткеннен кейін объектив баға қалыптаса бастайды.

Картинаның актерлік құрамы мықты! «Оскар» иегерлері  - Дженнифер Лоуренс пен Хавьер Бардем, «Алтын глобус» иегерлері - Эд Харрис пен Мишель Пфайффер. Дженнифер Лоуренс осы фильмге түсу үшін басқа бір жобадан кетіп қалыпты. Оның бұл ерлігі фильмнің жасампаздығына қалай әсер ететінін әзірше айту қиын, бірақ режиссермен қарым-қатынасына кәдімгідей әсерін берді. Қазір Даррен Аронофски мен Дженнифер Лоуренс кездесіп жүрген көрінеді.

Орысша трейлері

Ернар Бекенов
Бөлісу: