«Дәрігерлер ұрысты». Мақпал Жүнісова Құрманай Бақтиярқызының соңғы хатын жариялады

29 Қазан, 15:55 4480

Халық әртісі Мақпал Жүнісова ақын Құрманай Бақтиярқызының өлімін ауыр қабылдап, әлеуметтік желіде бірнеше жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнер иесі жазбасында бір ай бұрын ғана Алматыда тойда жолыққанын жазды.

Алматыда тойда жолығып қалған едік. Бұл жалған дүниеде бәріміз қонақпыз, бүгін бармыз, ертең жоқпыз деген осы екен. Аңқылдаған, ақжарқын Құрманайжан қош бол деуге қимасам да, амал қанша, - деп жазды әнші.

Тағы бір жазбасында ақтық сапарға шығарып салуға баратынын мәлімдеп, ақыннан келген соңғы хатының суретін жариялады.

Концерт болмайды. Мақтадайым сол менің, біріншіден сізсіз ешнәрсе қызық емес, екіншіден қайырымдылық концерт дегені ұнамады. Үшіншіден шаршап қаламын, алда бес сағаттық ота күтіп тұр, дәрігерлер ұрысты. Жазылып алған соң сізбен дуэт айтамын, бұйырса, - деп жазған Құрманай Бақтиярқызы әншіге.

Еске салайық, күні кеше ақын Құрманай Бақтиярқызы елу жасқа қараған шағында көз жұмған еді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: