26.11.2025
12:35
555
«Дәрігердің көмегіне жүгінген емеспін»: 80 жасында Нью-Йоркті бағындырған марафоншы

«Дәрігердің көмегіне жүгінген емеспін»: 80 жасында Нью-Йоркті бағындырған марафоншы

«Жас дегенін алады» деп жатады. Әсіресе, бұл тіркес ерте қартаюға асығатын біздің қоғамда өзекті. Бірақ «қағидалар бұзылу үшін жасалады» демекші, әлгі ережеге бағынбайтындар бар. Бүгінгі біздің кейіпкер дәл сол «ноқтаға басы сыймағандардың»» қатарынан. Еліміздің танымал марафоншыларының бірі Салтанат ағамыз жасы 80-ді алқымдағанда Нью-Йорк марафонына қатысып, өзіндік рекорд орнатты.

2 қарашада Нью-Йоркте әлемнің түкпір-түкпірінен 55 мыңнан астам қатысушының басын қосқан атақты TCS New York City Marathon-ы өтті. Бұл сынға Астана қаласының тұрғыны Салтанат Түйтебаев та қатысып, 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өтті және өз қатарластарының арасында 2-орын алды. Ол 80-85 жас санатындағы ардагерлер арасындағы сынға қатысты демесеңіз, елімізге танымал марафоншыны ширақтығына қарап «ата» деуге аузың бармайды.

Салтанат Түйтебаев Нью-Йорк марафонында осымен екінші рет бақ сынап отыр. 2021 жылы ол 75-79 жастағылар арасында да екінші орынға табан тіреген. Өзінің сөзіне қарағанда, араға төрт жыл салып оралуды өзінің басты мақсаты санаған, себебі әлемдегі ең күрделі жолдардың бірінде әуселесін жаңа жас категориясында сынап көргісі келген.

Жеңіс жасқа қарамайды. 10 жасар бала да, 90-дағы адам да жеңіске бірдей қуанады. Жапон марафоншысын көрдіңдер ғой, 90+ санатында жалғыз жүгірсе де, мәреге жеткеніне қуанып тұр. Міне, спорттың шынайы қуанышы осы, – деп бастады әңгімесін марафоншы ағамыз.

Астана қалалық әкімдігі

El.kz: Нью-Йорк марафоны туралы ойыңызды білсек.

– Нью-Йорк марафоны – әлемдегі ең мықты жарыс. Былайша айтқанда, бейресми әлем чемпионаты ғой. Трассасы өте ауыр, бірақ атмосферасы керемет. Биылдың өзінде екі миллионға жуық адам көрермен болды. Ал қатысуға өтініш білдіргендер саны 200 мыңнан асса, соның 59 134-і ғана мәре сызығын кесті.

Мен әлемнің көп елінде жүгірдім, бірақ Нью-Йорктегі атмосфераға ештеңе жетпейді. Адамдары да тым мейірімді. Бірде адасып кетіп едім, полицейлер өздері қонақ үйге дейін жеткізіп салды. Бұл – ұмытылмас сәт.

El.kz: Сіздің жасыңыздағы көп адам мұндайға шыдас бермейді. Сіздің құпияңыз қандай?

– Құпия жоқ. Таңертең ерте тұрасың, кроссовкаңды киесің де, далаға шығасың. Бастысы – асықпау. Жаттығуды баяу баста, жүруден баста, сосын жағдайыңа жылдамдықты арттыра бересің. Міне, бар құпия – осы.

Салтанат Түйтебаевтың жеке архивінен

El.kz: Аға, оқырманға сіздің спортқа келу жолыңыз да қызық шығар. Осы жайлы айтып берсеңіз.

– Бала күнімде әке-шешем маған спортпен шұғылданудың пайдасы туралы айтып, дене тәрбиесіне көңіл бөлуімді талап етпейтін. Бірақ біз өзіміз қызығып, тырысып, тырмысатынбыз. Газет не радиодан, теледидардан көрген спорт саңлақтарына еліктеуді әдетке айналдырдық.

Бүгінде заман өзгерген. Сондықтан балаға алдымен ата-ана үлгі болуы керек. Хоккей, баскетбол, футбол, волейбол секілді толып жатқан спорт жарыстарын тамашаласаң, арасынан бір қазақты әрең табасың, қазақстандық дегендердің өзі саусақпен санарлық. Бәрі легионер. Мейлі, ол енді басқа әңгіме.

Біздің үйдегі апаң гимнастшы болған. Әлемді бағындырмаса да, Талғар қаласының, тағы бірқатар жарыстың жеңімпазы деген атақтары бар. Мен де есімді білгелі спортты жаныма серік етіп келемін. Қыздарымыздың біздің жолды қуып, үлкеніміздің – волейболшы, екінші қызымның – гимнастшы, ал кенжемнің шахматшы болуы заңдылық еді. Оларға еліктеген немерелерім де әртүрлі спорт үйірмелеріне барып, бүгінде біраз жетістіктерге де жетіп үлгерді. Қызым Динара – халықаралық дәрежедегі шахмат шебері. Немерем Анель – Қазақстанның U17 және U19 футбол құрамасының бұрынғы ойыншысы, қазір балалар жаттықтырады. Оның ата-анасы бастапқыда футболға баруына қарсы болған, ұлдарға арналған спорт деп уәж айтатын.

Екінші немерем Сабина – көркем гимнастикадан Қазақстанның 2024 және 2025 жылдардағы абсолютті чемпионы. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш.

Астана қалалық әкімдігі

El.kz: Ал сіздің спорттың осынау күрделі түрін таңдауыңызға не себеп?

– Өзім Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында туып-өстім. Жамбылдың топырығаның ерекшелігі шығар, талай дарын дүниеге келді ғой. Соның ішінде біздің шағын ғана ауылымыздан КСРО-ға танылған бірнеше спортшы шықты. 1956 жылғы Спартакиадада күрестен қола жүлдегер атанған Ырысманап Саңлақбаев, 1958 жылы Қазақстан біріншілігінде топ жарған боксшы Мұхамед Хасенов, 60-жылдары бокстан КСРО чемпионы атағын иеленген Таңырберген Алдабергенов, жеңілатлет Айдар Әшімов, боксшы Тасболат Жүнісов секілді облыстық чемпионаттардың жүлдегерлеріне қарап тәлім алдық, бой түзедік. Одан қалды мектептегі дене тәрбиесінен сабақ берген мұғалімдерімізден де көп үлгі алдық. Олар өзімізбен бірге жүгіріп, бізбен қатар жаттығу жасайтын. Қазіргі дене шынықтыру мұғалімдеріне қарап қарның ашады. Балаларға тапсырма береді де өздері қалталарына қолдарын салып тұрады да қояды. Кеңес кезеңін жамандап жатамыз. Бірақ ол заманның да үйренетін, үлгі алатын талабы, тәрбиесі аз болған жоқ. Әсіресе, осы спорт саласында. Ол бала кезден басталады. Оқушылар түгел спортқа тартылып, кейіннен Мәскеуде өтетін спартакиадаға жіберілетін. Яғни балалар қаласа да, қаламаса да спорттан қаша алмайтын. Меніңше, сол жүйені қазір де енгізу қажет. Әйтпесе, әлгі компьютер деген аурудан жазылу, тіпті, қиындап кетеді. Компьютер, неше түрлі гаджет, интернет дегенге қарсы емеспін. Технология қарыштап дамыған тұста оған қарсы тұрып береке де таппайсың. Дегенмен барлығының өз шегі болуы тиіс.

Жастарымызды спортқа марапат, сыйақымен қызықтырып жатсақ, ол кезде әлем, Олимпиада чемпиондарына бір тиын да берілмейтін. Дегенмен мектеп қабырғасынан қалыптасқан тәрбие алға жетелейтін де тұратын. Құдайға шүкір, спорттың арқасында темекі мен арақтан алыс жүрдік, есесіне оқуда, одан кейін жұмыста озат болдық. Қос жоғарғы білімімнің ешқайсысының спортқа қатысы жоқ, бірі – физика, енді бірі тау-кен жұмыстары саласына бағытталған. Сонда да жүгіру, күнделікті жаттығуды қалдырған жоқпын. Себебі іргетас мықты қаланған.

Салтанат Түйтебаевтың жеке архивінен

Университет қабырғасында жүріп 28 панфиловшы саябағының маңында парашют спортымен шұғылданып, кейін әскерде сол бағытта қызмет еттім. Жүгіру айтпаса да түсінікті. Күніне 30-40 шақырымды бағындыру арқылы марафонға деген қызығушылығым оянды. Бұл үрдіс 1990 жылға дейін жалғасты. Сол жылы Қырғызстандағы Шолпан атада Олимпиада чемпионына арналған марафонда бақ сынадым. Алайда аумалы төкпелі-заманда ешқандай жарысқа қатысуға мүмкіндік те болмай кетті.

El.kz: Сонда сіз бірнеше жыл бойы марафонға мүлде қатысқан жоқсыз ба?

– Оның рас. Араға 25 жыл салып 2015 жылдың 25 сәуірінде інім Серіктің кеңесімен Алматыдағы үлкен марафонға қатысуға бел будым. Жеңу, жүлде алу мақсат болған жоқ. Өз мүмкіндігімді сынап көргім келді. Қалай дегенмен ресми сайыстарға қатыспасам да, сонша жыл күнделікті 10-15 шақырымнан жүгіріп жүргенмін. Қазір оңтүстік астанамыздағы марафонның деңгейі өскен, шетел азаматтары да қатысады. Себебі, Халықаралық марафон және жүгіру қауымдастығының қатарында. Нар тәуекел деп бастап 42 шақырым 195 метрді 5 сағат 45 минутта бағындырдым. Мәреге жету керек болды қалай да. Менен озбаған жан жоқ. Әсіресе, егде тартқан америкалық әйел зу етіп өте шықты да, құр кетпей орысшалап «шамаңа қарамайсың ба» дегендей кемсітіп кетті. Қатты намыстандым. Дайындықты үдету керектігін түсініп, жаз бойы жаттығу ретінде үш марафон жүгірдім. Сонымен 4,5 айдан соң, 13 қыркүйекте «Эйр Астана» компаниясының ұйымдастыруымен Астанада өткен алғашқы марафондағы көрсеткішім 3 сағат 47 минут 15 секунд болды. Тексеріп көріп едік, Азиядағы 2015 жылдың үздік нәтижесі екен. Содан шабыт алып әрі қарай Сингапурде топ жардым. Міне, осылай марафонның қызығына кіріп кеттік.

El.kz: Алыс қашықтыққа жүгірудің оңай болмайтыны түсінікті. Ал сізге жолда кездескен қиындықтардың қайсысымен күресу ауыр?

– Ең бастысы – Астананың аязы. Мұны күнделікті елордамызда жүгіріп дайындалатын болғандықтан да айтып тұрмын. Мойынқұмда туған маған құмың да, аптап ыстығың да қорқынышты емес. Ал Сарыарқаның ұлыған аязына ұйытқыған желі қосылған шақта, «құрдастарың аяғын аспанға көтеріп теледидар көріп жатқанда, сенің мына жүрісің не?» деп өзіме ұрысып та аламын. Бірақ адам баласы қызық – Эвересті де бағындырды, мұхит түбіне де сүңгіді. Сондықтан шамам барда мен неге тырыспаймын деп өзімді қайта қамшылаймын. Әсіресе, букмекерлік кеңселерден бас алмайтын түрлі жастағы тұрғындарды көргенде, шетелдің клубтарына ақша құртқанша, неге далаға шығып жүгірмейсіңдер дегім келеді.

Салтанат Түйтебаевтың жеке архивінен

El.kz: Аға, еліміздегі марафонның дамуына қандай баға берер едіңіз?

– Қазір Астанада тұрақты өткізіліп келе жатқан марафондар бар. Мұндай бұрын-соңды болған емес. Елордаға жан-жақтан қатысушылар келеді. Алматыдағы жарыстың да ауқымы кеңейіп келе жатқандығын, тиісінше ұйымдастырылу деңгейі де біраз артқанын әлгінде айттым. Осыларды көріп қуанамын. Әсіресе жүгіремін деген жерлестеріміздің қатары артқандығын атап өту керек. Маған еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, ақыл сұрап тұрады.

El.kz: Сізді шабыттандыратын, алға ұмтылдыратын не нәрсе, аға?

– Әр адамға ертеңгі күнге үмітпен қарау үшін мақсат керек. Ол жасқа байланысты емес. Мақсатсыз, жоспарсыз атқан таңың мен батқан күніңнің, күнделікті жұмысқа барып қана келгеніңнің еш мәні жоқ. Уақыт босқа өтіп жатқандай болады. Сондықтан да мен де әрбір күнімді тиімді пайдалансам деймін. Үйде жата бергеннен жасармайсың, қайта жүгіру арқылы кәріліктің сынақтарын ұмытасың. Күш-қайраты тасып тұрған жастар әрбір сәттің қадірін білсін деген оймен айтып отырмын.

El.kz: Ал мықты марафоншыға шыдамдылықтан бөлек тағы қандай қасиеттер қажет?

– Ең бастысы, еңбекқорлық. Осы қасиет сені қай салада да пұшпаққа шығарады.

El.kz: Жүгіру кезінде шөлмен қалай күресесіз?

– Халықаралық марафонның стандарты бар: әр 5 шақырымда суы бар бекет болуы тиіс. Ал ауа райы орташадан жоғары елдерде ол әр 3 шақырым сайын орналасады. Суды жарыстың басынан аяғынан дейін ішіп отырған жөн. Біреулер суға аздап тұз қоссаң, шөлдемейсің деп жатады, бірақ ондай тәсілді өзім қолданып көрген жоқпын. Шөл қанғанша ішу тағы зиян. Өз басым әр бекетте екі жұтымнан артық ішпеймін. Одан қалды, тәжірибесі аз марафоншыларға кеңесім – тамақты сайыс жолына шығардан үш сағат бұрын ішіңіз. Сонда асқазаныңыз да қорытып үлгереді, әлсіреп те қалмайсыз. Ондайда менің азығым – қайнатылған екі жұмыртқа мен бір қасық бал араластырылған су.

El.kz: Спортпен шұғылдану қай жағынан да пайдалы деп жатамыз. Ал тәжірибелі спортшы ретінде сіз бұл көзқарасты растай аласыз ба?

– Мен саған мынаны айтайын, қызым, өмірімде бір де бір рет дәрігердің көмегіне жүгінген жоқпын. Жұмысқа анықтама керек дегенде ғана поликлиникаға баратынмын. Дүниеге келгенде қатарластарыма қарағанда әлсіздеу болсам керек, жиі сырқаттанып қалады екенмін. Кейін спортқа ден қойып, ауру дегенді білмей кеттім. Тіпті, тұмаудың өзі маған жолап көрмепті. Ол мақтанғаным емес, рап-рас сөз.

El.kz: Дұрыс тамақтануға қаншалықты көңіл бөлесіз?

– Күніне міндетті түрде үш рет тамақтану қажет: таңертең, түсте және кешке. Меніңше, тағам талғаудың керегі шамалы. Мысалы, жапондардың марафоншылары шетінен күшті. Бірақ олар күріштен басқа не жейді? Әлемде алыс қашықтыққа жүгіруде ешкімге дес бермейтін Кения, Эфиопия секілді Африка елдерінің өкілдері ерекше тамақтанады деймісің? Жо-оқ. Әр ұлт өзіне не жақын, сонымен қоректенсе жетіп жатыр. Бұл менің пікірім емес, оны ғалымдар, марафоншылар дәлелдеп шыққан. Ең бастысы, аптасына бір рет таразыға салмағыңды өлшеп отырсаң болғаны.

Салтанат Түйтебаевтың жеке архивінен