Дәрігерді қорлағандарға қатаң жаза ұсынылды

Дәрігерді қорлағандарға қатаң жаза ұсынылды

Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолданғандар мен тіл тигізгендерге арналған жаза түрлері күшейтілмек. Мәжіліс депутаттары бұл бағыттағы заң жобасын қарауға кірісті, деп хабарлайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитеті денсаулық сақтау саласының өкілдерін агрессивті науқастар мен азаматтардан қорғауға бағытталған бастаманы талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

Біз дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды құжат әзірледік. Онда медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен немесе қорлаған адамдарға қатысты жазаны едәуір қатаңдату ұсынылады, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, соңғы жылдары дәрігерлерге шабуыл жасау деректері жиілеп кеткен. Біреу жұмыс орнында соққыға жығылса, енді біреуі жедел жәрдем кезінде балағаттауға тап болып жүр.

Заң жобасы Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулерді қамтиды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жаңа 158-1-бап енгізілетінін хабарлаған болатын. Бұл бап бойынша:

дәрігерді қорқытқан адам 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеледі;

күш қолданған жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін түрме жазасы қарастырылады;

егер қылмыс төтенше жағдай кезінде жасалса - 10 жылға дейін;

бірнеше медицина қызметкеріне немесе топ болып шабуыл жасалса - 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Қазір Мәжіліс бұл түзетулердің жаңа нұсқасын талқылап жатыр. Жазаның нақты қандай болатыны алдағы отырыстарда белгілі болады.

Дәрігерлерді қорғау шараларын күшейту туралы бастама шілде айында болған екі оқиғадан кейін көтерілді. Қарағандыда науқас медбикені ұрып-соққан, ал Қостанайда ер адам облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде хирург Антон Кистановқа шабуыл жасап, дәрігер ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскен болатын.