Жастар арасында энергетикалық сусында құмартқандар артып келеді. Оның зияны, салдары туралы көп айтылып, жазылса да, пайдаланатындар саны азаяр емес. Ал оның соңы жүрек талмасына алып келуі мүмкін. Бұл туралы спорт дәрігері Азамат Нұрмаханов El Sport YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Спорт дәрігерінің сөзінше, мұның бәріне жарнамалар кінәлі.
Балаларға, жасөспірімдерге энергетикалық сусынның зияны туралы үнемі айтып отыру керек, себебі олар жарнамадан мүлде басқа сөздерді естиді: сенің күшің көбейеді, жылдамдығың артады, сергек боласың, тағысын тағы. Мұны көріп алған бала энергетикті ішіп алып гол соғамын, жылдам жүгіремін, шаршамаймын, бапкерлердің назарын аударамын деп ойлайды, - дейді маман.
Азамат Нұрмаханов энергетикалық сусынның зияны уақыт өте көрінетінін, оның адам денсаулығына да, психологиялық жағдайына да кері әсер ететінін алға тартты.
Оның 21 жастан асқандарға ғана сатылуы бекер емес. Құрамында кофеин жоғары, ол қантпен қосылғанда тіпті қауіпті. Бірінші күн солай жүгіреді, екінші күн солай жүгіреді, уақыт өте келе жүрек соғысы жиілейді, адамның бойын үрей билейді, ұйқы қашады. Ал оның соңы жүрек жұмысына тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн. Сондықтан ата-аналар да, бапкерлер де энергетикалық сусынның зияны туралы көп айтуы қажет, - дейді ол.
Дәрігердің сөзінше, 12 жастан асқан балаларға және олардың ата-аналарына арнап семинар өткізеді және жас спортшылардың кестесі қалай болуы керектігін түсіндіреді. Соның ішінде ұйқы, тамақтану және қалыпқа келу процесі жайлы айтылады екен.
Футболшылар бес күн жаттығу жасайды, ал алтыншы күні ойын өткізеді, мұның бәрі адам ағзасына қаншалықты ауыр екенін ата-ана да түсінуі қажет, әсіресе кішкентай балаларға ол ауыр соғады, сондықтан олардың уақтылы ұйықтап, дұрыс тамақтануы өте маңызды, - дейді спорт дәрігері.
Бұған дейін елімізде спорт дәрігерлері тапшы екендігін айтқанбыз.