Қоғамда «ажырасу – жеке адамның таңдауы ма, әлде жүйелік дағдарыстың салдары ма?» деген сауал жиі қойылып жүр. Әсіресе шоу-бизнес өкілдері мен көпшілік алдында жүрген тұлғалардың отбасылық өмірі ашық талқыға түскен сайын, қоғамның да жүйкесі жұқарып барады. Актриса Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаевтың ажырасу туралы сұхбаты осы мәселенің бір көрінісі ғана.
Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісіне «Отбасы хрестоматиясы» авторы Санжар Керімбай, психолог-психолингвист Дина Алланазар және тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Қалыш бұл құбылысты әр қырынан талдап берді.
Қазіргі таңда қоғамда, әсіресе шоу-бизнес пен көпшілік алдында жүрген тұлғалар арасында ажырасу жиі кездеседі. «Отбасы хрестоматиясы» авторы Санжар Керімбай бұл құбылысты кездейсоқ емес, әлеуметтік себептердің заңды нәтижесі деп санайды.
Мұның бәрі өткен дәуірдің салдары. 1990 жылдары мектеп жүйесінің күйреуі, балабақшалардың жабылуы, Кеңес Одағының ыдырауынан кейінгі электрдің сөнуі, ақшаның құнсыздануы, бандитизмнің белең алуы – бәрі қоғамның рухани іргетасын шайқалтты. Сол кезеңде мұғалімдер мен ата-аналар өмір сүру қамымен жаппай саудаға кетті. Балалардың рухани, адамгершілік тәрбиесіне ешкім мән бермеді, – дейді.
Сарапшының айтуынша, дәл сол уақытта өсіп келе жатқан буын бүгінде қоғамның негізгі белсенді бөлігіне айналды. Бірақ олар өмірдің мәнін, отбасылық құндылықты, кешірім мен мейірімнің қадірін түсінбей өсті.
Біз бұл құбылысты болжағанбыз. 1990 жылдары-ақ педагогтар мен ғалымдар «осылай болады» деп ескерткен. Өйткені ұрпақтың бойына мұрат пен жігер егетін ұстаздар да, рухани бағыт беретін ата-аналар да болмады, – деді.
Яғни, сарапшы қазіргі таңда қоғам алдында тұрған басты міндет – сол үзіліп қалған рухани тізбекті қайта жалғау деп есептейді.
Біздің мақсат – күйреп жатқан отбасыларды айыптау емес, оларға қолдау көрсету. Ажырасқан, күйзелген адамдарға психологиялық және рухани көмек көрсету қажет. Бірақ ең бастысы – келер ұрпақ дәл осы жолмен кетпесін десек, мектептен бастап тәрбиені түзеуіміз керек. Бала жастан ер мен әйелдің онтологиялық мәнін, яғни олардың табиғи болмысын түсіндіру қажет, – дейді ол.
Санжар Керімбай қазіргі қоғамдағы отбасылық дағдарыс пен ажырасудың түпкі себебін терең рухани және онтологиялық деңгейде қарастырады. Оның пікірінше, бұл тек әлеуметтік құбылыс емес, адамның мәнін жоғалту, табиғи болмыстан алыстау мәселесі.
Онтологиялық мән» дегеніміз – адамды әуелден адам қылып тұрған, жаратылысынан берілген ішкі ақиқат. Әйелді әйел, еркекті еркек қылып тұрған тектік, мәндік қасиеттер бар. Сол қасиеттер – адам болмысының өзегі, яғни оның эссенциясы, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл болмыстық мән адамның бойына бала кезінен, «сындарлы кезеңде» – туғаннан бастап 12 жасқа дейін сіңірілуі тиіс. Осы уақытта ұл балаға сабыр, жауапкершілік, батылдық, борышты сезіну сияқты ер азаматқа тән қасиеттер дарытылуы керек. Ал қыз балаға нәзіктік, мейірім, қолдау мен қамқорлық секілді әйелдің табиғи болмысына тән құндылықтар үйретілуі қажет деп санайды.
Ер адам – адамдық борышты арқалау үшін өмір сүреді. Ал әйел адам – сол борышты арқалайтын ер азаматқа серік болу үшін өмір сүреді, – дейді ол.
Сарапшы егер ер азамат жауапкершілікті сезініп, күрескер, қайсар мінезді болса, әйел де табиғи түрде оның қолдаушысы, дем берушісі бола алады. Бірақ бүгінгі қоғамда мұндай үйлесім бұзылған. Себебі ата-ана да, мектеп те балаларды онтологиялық тұрғыда тәрбиелеуден алыстап кетті деп отыр.
Сарапшының ойынша, бүгінгі қоғам үшін ең маңызды міндет – адам болмысының онтологиялық мәнін қайта қалпына келтіру. Яғни, отбасы мен мектепті рухани түзеу арқылы ғана ер мен әйелдің табиғи үйлесімі мен ұрпақтың адамдық қадірі сақталады.
Ол бүгінгі қоғамда жиілеп кеткен ажырасулар мен моральдық күйзелістердің түп себебі жеке адамдардың әлсіздігінен емес, рухани және онтологиялық құндылықтардың күйреуінен көреді. Оның айтуынша, қоғамдағы «ажырасу эпидемиясы» – білім мен тәрбие жүйесіндегі терең дағдарыстың табиғи салдары.
Бүгін біреудің ажырасқанына «ұялмай ма?» деп күйінудің өзі – үстірт ой. Бұл жеке адамның емес, тұтас жүйенің күйреуі. Біз соны тоқтатудың жолын іздеуіміз керек, – деді.
Оның пайымынша, қазіргі қоғамда рухани тетіктер сынған. Ата-ананың да, мектептің де тәрбие берудегі беделі жоғалған. Мұғалімнің қолы байланған, ата-ананың өзі ұрпағына рухани бағыт бере алмай отыр.
Бүгінде мұғалім баланың басынан сипаса да, ата-ана сотқа береді. Ал беделі тапталған мұғалімнен рухани ұстаз шықпайды. Ал ұстазсыз қоғам ешқашан ер мінезді, сабырлы, жауапкершілігі бар ұрпақ тәрбиелей алмайды. Бұл – үздіксіз айналып тұратын күйрек конвейер, – дейді Керімбай.
Айтуынша, мәселенің түбі – онтологиялық үзілісте. Яғни, ұрпақ өз болмысынан алыстап кеткен. Мектеп оқулықтары мен оқу жүйесі өмірдің мәнін, ер мен әйелдің табиғи болмысын үйретпейді.
Мектепте баланың құлағына «сен ертең елдің тірегі, қоғам мен отбасының алдында жауапты азаматсың» деген сөз айтылмайды. Ер азаматты ер ететін, әйелді әйел ететін тәрбиелік негіз жойылған. Біз баланың бойына рух пен жігер егудің орнына, ағылшын тілі мен математиканы ғана үйретіп, тұлғаның өзегін ұмыттық, – дейді ол.
Қазіргі қоғамда ажырасу, бір-бірін айыптау, әлеуметтік желілердегі отбасылық драма қалыпты көрініске айналды. Санжар Керімбай бұл құбылысты жай ғана моральдық әлсіздік емес, қоғамдық онтологиялық дағдарыс деп бағалайды.
Қазір біреу ажырасыпты, әйелі ел алдында күйеуін жамандапты, ері бұрынғысын кінәлапты – мұның бәрі айналып тұрған бір «дурной конвейер». Бұл құбылысты жеке адамдардың ұятымен емес, жүйенің іргесін түзетумен тоқтату керек, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, бұқаралық мәдениет пен әлеуметтік желілердің үстірт мазмұны – терең рухани тамырдан ажыраған қоғамның айнасы.
Бүгінгі талқылардың бәрі таяз. Әркім подкастқа барып, «ол сөйтті, мен бүйттім» деп айтады. Ал нақты шешім жоқ. Стратегия жоқ. Егер расында отбасылық құндылықты сақтаймыз десек, ата-аналар мен ұстаздарды біріктіріп, білім министрлігінен бастап, оқулық жазатын агенттіктерге дейін жүйені қайта қарау керек, – дейді ол.
Айтуынша, мектептерде қаһарман тұлғалар, батырлар, идеалдар жойылды. Балалар блогер, әнші, футболшыға еліктейді. Өйткені олардың көзіне тек солар көрінеді. Ал нағыз ер мен әйелдің бейнесі, елдік рух пен қайрат, намыс – еш жерде жоқ екенін айтады.
Қазір адам рухани мазмұннан жұрдай. Бос кеңістік, бос сана. Ал рухани қуыс адам неге толады? Кім жарқырап тұрса, соған ұқсап кетеді. Сондықтан бұл дағдарыс – моральдық емес, мәндік дағдарыс. Мұны тек білім мен мәдениетті қайта жандандыру арқылы ғана тоқтата аламыз, – деді.
Санжар Керімбай журналистер мен блогерлерді әлеуметтік мәселелерді үстірт талқыламауға шақырады.
Бұл тек рейтингтің емес, елдің тағдырының мәселесі. Біз мәселенің түбіне үңілуіміз керек. Ал түбі әрқашан бала мен мектептен басталады. Біз мәселенің бетін ғана сыпырып өтсек ештеңе өзгермейді. Қоғамдағы ажырасу, рухани босалу, отбасының құндылықтарының құлдырауы - бәрі жоғарғы жақтан емес, мектептен, оқулықтан, тәрбиеден басталады, – дейді Санжар Керімбай.
Психолог-психолингвист маман Дина Алланазардың айтуынша, шоу-бизнес өкілдері арасындағы ажырасу бұрын да болған, алайда қазір ол әлеуметтік құбылысқа айналды. Бұрын мұндай мәселелер жабық күйде қалса, бүгінде көпшілік алдына шығып, жеке өмірін ашық талқылау үрдісі белең алды.
Қазір кім болса да бірден сұхбат беріп, жеке сырларын жайып салады. Бірақ көпшілігі артынан өкінеді. Себебі бұл сәттік эмоцияның, ызаның, өкініштің және қимастықтың көрінісі, – дейді маман.
Маман ажырасу – психологиялық тұрғыда адам өміріндегі ең ауыр соққылардың бірі екенін айтады.
Ажырасу кейде бір адамның өлімімен тең әсер қалдырады. Себебі эмоционалды адамдар бір-біріне қатты бауыр басып қалады, ал сол байланыстан үзілу ішкі күйзеліс тудырады. Онымен күресу де оңай емес, – дейді психолог.
Оның пікірінше, қазіргі қоғамда адамдардың арасындағы түсіністік пен өзара тыңдай білу мәдениеті әлсіреген.
Көпшілігіміз біреудің өмірі біздікінен жақсы деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде, проблема бәрінде бар. Тек біз оны жасырып, әлеуметтік желіде бәрі керемет деген иллюзия жасап, өзімізді алдап жүрміз, – дейді.
Психолог-психолингвист Дина Алланазардың айтуынша, ер адамдар ажырасудан кейін психологиялық тұрғыда ұзақ уақыт бойы ауыр күйге түседі. Бұл процесс кейде үш жылға дейін созылады.
Ер адам үшін ажырасу – өзін жоғалтуға тең. Әсіресе ажырасуға бірінші болып әйел қадам жасаса, ер адамның өзін-өзі бағалауда қатты күйзеліске түседі. Сол кезде кек алу, өз мықтылығын дәлелдеу сияқты ішкі реакциялар пайда болуы мүмкін, – дейді маман.
Ол ер адамдардың эмоционалды тұрақтылығы әйелдерге қарағанда әлсіздеу келетінін айтады. Сол себепті олар күйзеліс кезінде ойланбай әрекет жасап, өз өміріне немесе бұрынғы жұбына қатысты жеке мәліметтерді жариялап қоюы мүмкін.
Мұндай әрекеттердің барлығы – ер адамның эмоционалды әлсіреуінің белгісі. Оны алдын алуға болады, – деді.
Психолог Дина Алланазардың айтуынша, кез келген отбасында түсініспеушілік пен дау-дамай болады. Бірақ соны ашық түрде қоғам талқысына салу дұрыс емес.
Қазан ошақ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен барынша адамгершілікті сақтап, ажырасу мәселесін өз отбасыңның ішінде қалдырған жөн, – дейді психолог.
Маманның пікірінше, шоу-бизнес өкілдері мен танымал тұлғалардың жеке өмірін ашық айтуы қоғамға, әсіресе жастарға кері әсерін тигізеді.
Психолог-психолингвист Дина Алланазардың айтуынша, дұрыс бағыттағы психологиялық терапия арқылы көптеген отбасыны сақтап қалуға болады. Қазіргі таңда психология ғылымында адамның ойлау жүйесіне, мінез-құлқына және қарым-қатынасына әсер ететін түрлі әдістер мен техникалар бар.
Көптеген психологиялық әдіс-тәсілдер арқылы адамның миына әсер етіп, оның ойлау бағытын өзгертуге болады. Дұрыс қолдау мен ашық әңгіме көптеген дағдарыстың алдын алады, – дейді маман.
Дина Алланазардың пікірінше, ең басты ұстаным – адамдардың бір-бірімен ашық сөйлесіп үйренуі.
Қазіргі жас жұптар еркіндікке бейім. Бірақ сол еркіндік көбіне түсініспеушілікке ұласып жатады. Егер жұптар өз сезімі мен ойын ашық жеткізе алса, көптеген жанжал мен ажырасудың алдын алуға болар еді, – дейді сарапшы.
Дегенмен маман қазіргі қоғамда психологиялық мәдениет енді қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
Қандай да бір терапия бірден нәтиже береді деу қиын. Біз әлі даму процесіндеміз. Әр адамның ойлау қабілетін анықтау қиын. Сол себепті мұндай сұхбаттардың қаншалықты кесірі тисе, соншалықты пайдасы да тиюі мүмкін. Егер адам ашу мен ыза үстінде отырып сұхбат берсе, өзіне қажет емес жеке ақпаратты жариялап, керексіз хайп жасап алады, – дейді Дина Алланазар.
Маманның пікірінше, мұндай жағдайлар қоғамды да екіге бөледі. Біреулер жақтап, енді біреулер айыптап, бос эмоцияға беріліп кетеді. Психолог бұл тұрғыда әркімнің өміріне еліктемей, өз жөнімен жүрсе, әсері мүлдем тимейтінін айтады.
Психолог Дина Алланазардың пікірінше, ажырасу кезінде ер адамдардың эмоциясы ерекше шиеленіс күйіне түседі. Бұл олардың психологиялық тұрақсыздығын күшейтіп, кейде бақылаудан шығуға дейін апарады.
Ашулы ер адам ажырасу кезінде өте эмоционалды тұрақсыз болады. Бірақ ұмытпау керек – ер адам әйел адам секілді адам. Оның да көңілі, сезімі бар. Тек айырмашылығы – сол сезімді қалай жеткізетіні мен басқара алуында, – дейді сарапшы.
Дина Алланазар ер адамның қоғамдағы рөлін ұстаным мен сабыр арқылы көрсету маңызды екенін айтады.
Қоғамда ер адам жылап, эмоциясын ұстай алмай, тұрақты ойын жеткізе алмаса, бұл болашақ ұрпаққа әлсіздік үлгісін қалыптастырады. Сондықтан ер азаматтар ұстамды болып, сезімін сабырмен жеткізе білуі керек, – дейді маман.
Оның пікірінше, эмоцияны тұншықтыру да, шектен тыс көрсету де дұрыс емес.
Ажырасуда эмоцияны сол кезде сөйлесу барысында шығарып, қоғамда еркек деген статусқа сай болған дұрыс, – деді.
Психолог-психолингвист маманның айтуынша, қоғамдағы гендерлік стереотиптер ер мен әйелдің мінез-құлқына және ажырасу кезіндегі реакциясына әсер етеді. Кейде адамдар өздерін аянышты етіп көрсету арқылы назар аудартуға тырысады.
Кейбір адамдар өздерін аянышты етіп көрсету арқылы көңіл бөлу мен қолдау күтеді. Бұл – өзін жұбатудың және ішкі ауыртпалықтан шығудың тәсілі. Бірақ қандай жағдайда да ажырасу – екі адамның ортақ шешімі. Бір адамды ғана кінәлау дұрыс емес, – дейді.
Маманның пікірінше, ажырасуға әкелетін басты себеп – өзара түсіністік пен эмоцияны басқарудың болмауы.
Адамдар ашу үстінде, әлсіз сәтте шешім қабылдайды. Сол себепті әркім ең алдымен өз психологиялық жағдайына, көңіл күйіне және ұстанымына көңіл бөлуі керек, – дейді Дина Алланазар.
Оның айтуынша, қоғамдағы ер адамның рөлінің өзгеруі де отбасындағы тәрбие жүйесіне тікелей байланысты.
Тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Қалыш қоғамдағы жиілеген ажырасуларды тек шоу-бизнес өкілдерімен немесе танымал тұлғалармен байланыстыруға болмайтынын айтады. Оның айтуынша, бұл – жеке адамдардың емес, тұтас әлеуметтік-экономикалық жүйенің салдары.
Бұл – жалпы қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың көрінісі. Ажырасу мәселесінің түп себебі экономика мен әлеуметтік жауапкершіліктің өзгеруінде, – дейді профессор.
Сарапшының айтуынша, қазіргі рухани және әлеуметтік дағдарыстың бастауы Кеңес Одағының соңғы жылдарынан бастау алады.
1980 жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес Одағында, соның ішінде Қазақстанда дағдарыс басталды. Экономикалық тұрақсыздық адамдардың өмір сүру салтына, отбасы құрылымына, тәрбиесіне әсер етті. Біз сол құбылыстың салдарын әлі күнге көріп отырмыз, – дейді ғалым.
Профессордың айтуынша, өзі ұзақ жылдар бойы Қазақстанның әр өңіріндегі сот, АХАЖ және архив мәліметтерін зерттеген.
Батыс, Солтүстік, Орталық, Шығыс және Оңтүстік аймақтар бойынша ажырасу статистикасын қарадық. Сот құжаттарынан бастап АХАЖ деректеріне дейін сараладық. Мұның бәрі кәсіби және әлеуметтік топтарға тікелей байланысты екенін көреміз. Яғни, жұмысшылар, қызметкерлер, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер барлығында да тенденция бар. Бірақ себеп бір – әлеуметтік теңсіздік пен жауапкершіліктің төмендеуі, – дейді Аманжол Қалыш.
Профессордың пайымынша, қазақ қоғамындағы негізгі рухани дағдарыс – ата-ананың шектен тыс қамқорлығы мен баланың жауапкершілік сезімінің жойылуы.
Батыс елдерінде бала кішкентайынан еңбек етіп, өз өміріне жауап беруге үйренеді. Ал бізде әке-шеше баласын қырыққа келгенше жетелеп, бәрін дайындап береді. Оқуға түсіреді, үй әперіп, той жасап береді. Осы арқылы біз өз қолымызбен ұрпақты жауапкершіліктен айырдық, – дейді ол.
Ғалымның пікірінше, дәл осы фактор – қазіргі ажырасулар мен рухани әлсіздіктің негізгі себебі.
Бізде ата-ана баласының өмірін түгел жоспарлап қояды. Ал батыста бала өзін өзі қалыптастырады. Сол себепті олар өмірдің қиын сәтінде төтеп беруге бейім, ал бізде дайын жүйеден шыққан адам алғашқы соққыда әлсірейді, – деді профессор.
Профессор Аманжол Қалыштың айтуынша, қазіргі қазақ қоғамындағы ажырасу мен отбасылық тұрақсыздықтың терең себептерінің бірі – жауапкершілік пен үлгінің жоғалуы.
Біздің қоғамда материалдық бәсеке күшейіп кетті. Той жасау, үй әперу, көмек көрсету сияқты сыртқы көріністер өмірдің басты мақсатына айналды. Балалар да ата-анасына «басқалар көмектесіп жатыр, сендер неге көмектеспейсіңдер?» деп өкпе артады. Бұл – жауапкершіліктің емес, тұтынушылық психологияның көрінісі, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, қазіргі той мәдениеті мен несиеге батқан отбасылар – әлеуметтік бедел мен сыртқы имиджге тәуелді қоғамның нәтижесі.
Бір торт пен сусын қойса да соны жарысқа айналдырып, несиеге той жасайтын жағдайға жеттік. Бұл – әлеуметтік қысым мен рухани тепе-теңдіктің жоғалғанының белгісі, – дейді тарихшы.
Сарапшы бүгінгі қоғамда үлгі боларлық тұлғалар азайғанын, ал бұрын рухани тұрақтылық пен адалдыққа негізделген некелік құндылықтардың жоғары болғанын атап өтті.
Бұрын Дінмұхамед Қонаев сияқты елге үлгі болатын тұлғалар бар еді. Ол кісі мен жұбайы бала сүймесе де, өмір бойы сыйластықта өмір сүрді. Ал қазір белгілі адамдардың жеке өмірі жиі талқыға түсіп, қоғам күлкіге айналып барады. Бұл – мәдениеттің емес, құндылықтың құлдырауы, – дейді профессор.
Сонымен қатар ғалым қазіргі жағдайды өткен дәуірмен салыстыра отырып, отбасылық тұрақтылықтың бұрын да сынға түскенін, бірақ сол кезде мұндай ашық насихат пен даңғаза көрсетілім болмағанын айтты.
Бұрын да жазушылар мен қайраткерлердің арасында жеке өмірінде қиындық болған. Бірақ олар оны жарнамалаған жоқ, қоғамға үлгі болуға тырысты. Қазір бәрі керісінше жеке өмірін жариялау мәдениетке айналды, – дейді Аманжол Қалыш.
Тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Қалыштың айтуынша, қазіргі қоғамдағы гендерлік дағдарыс пен отбасылық жауапкершіліктің әлсіреуі – Кеңес дәуірінен қалған әлеуметтік саясаттың салдары.
Тоталитарлық жүйе ер мен әйелді теңестірді. Бұл идея бастапқыда дұрыс көрінгенімен, оның салдары ауыр болды. Әйелдерді өндіріс пен құрылысқа, ауыр еңбекке жаппай араластырды. Осылайша әйел үйдің тірегі, аналық миссиясынан алыстап, дәстүрлі рөлдер бұзылды, – дейді профессор.
Ғалым қазақ қоғамындағы дәстүрлі жүйеде ер мен әйелдің өз орны болғанын айтады.
Қазақ қоғамында әйелдің де, ердің де шекарасы айқын еді. Еркек – сырттағы тірлікті атқарып, отбасын асыраушы, қорғаушы. Әйел – ошақтың ұйытқысы, бала мен шаңырақтың тәрбиешісі болды. Ұл әкесінен ер болуды, қыз анасынан инабаттылық пен мейірімділікті үйренді. Бұл үйлесім қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етті, – дейді ол.
Профессордың пікірінше, әйелдердің жаппай жұмысқа тартылуы аналық тәрбиенің әлсіреуіне әкелді.
Кеңес заманында әйел де, ер де бірдей жұмыс істеді. Ал баланың тәрбиесі балабақша мен мектептің мойнына өтті. Нәтижесінде отбасындағы рухани сабақтастық үзілді. Егер ана мен әке баласына тәрбие бере алмаса, оны ешқандай үкімет те, мектеп те толық бере алмайды, – дейді тарихшы.
Профессордың айтуынша, қазақ қоғамында бұрын ажырасу, жетімдік, қарттар үйі деген ұғым болмаған.
Біздің дәстүрлі мәдениетте жесір әйел мен жетім бала ешқашан қараусыз қалмаған. Әр отбасы, әр ру өз жесіріне де, жетіміне де қамқор болған. Кеңестік жүйе осы моральдық байланысты үзіп тастады. Ал қазір егемен ел болған соң да сол дәстүрді қайта жаңғырта алмай отырмыз, – дейді ғалым.
Дегенмен профессор әйелдің қоғамдағы белсенділігіне қарсы емес. Оның ойынша, мәселе теңдікте емес, рухани жауапкершілікте.
Ақылды әйел мен парасатты еркек болса, отбасы сақталады. Ал ақыл мен сабыр жетіспесе, ешқандай заң да, идеология да көмектесе алмайды. Нағыз еркек – өз орнын білетін, отбасын қорғайтын адам, – дейді тарихшы.
Сарапшының пікірінше, қазіргі қоғамдағы ажырасулардың бір себебі – ұрпақтан ұрпаққа берілетін тәрбие мен жауапкершіліктің үзілгендігі.
Егер әкесі ер мінезді, жауапты адам болса, баласы да сондай болып өседі. Ал егер әкесі «тряпкадай» әлсіз болса, баласы да дәл сондай болады. Бұл – отбасылық модельдің тікелей көрінісі, – дейді ғалым.
Профессордың айтуынша, ажырасу мәдениетке айналып, тұқым қуалайтын мінездік үлгіге айналып барады.
Қазір кей әулеттердің өзінде ажырасу қалыпты жағдайға айналып кеткен. Егер ата-анасы, аға-әпкелері ажырасқан болса, кейінгі буын да еркін ажыраса береді. Бұл – жауапкершілік дағдысының әлсіреуінің белгісі, – дейді ол.
Ғалым шоу-бизнес өкілдерінің жеке өмірін жиі жариялап, жастарға теріс үлгі көрсететінін де айтады.
Телевизия мен әлеуметтік желіде бәрі көз алдымызда болып жатыр. Бірі ажырасып, бірі жаңа өмір бастап жатыр. Бірақ жақсы өмір сүріп, отбасын сақтап отырған адамдар да бар. Олардың да үлгісі айтылуы тиіс, – дейді профессор.
Аманжол Қалыштың айтуынша, бүгінгі таңда көп жастар отбасын махаббатпен емес, есеппен құрып жатыр.
Көп жағдайда жастар бір-бірін шын сүйіп емес, түрлі себеппен қосылады. Бірінің жағдайы бар, екіншісі жүкті болып қалған, бірі қызметке қызығады. Мұндай неке – тұрақсыз. Ал нағыз махаббат болса, ондай отбасы сабырлы, ұстамды және мықты болады, – дейді тарихшы.
Ол сондай-ақ баланың тәрбиесінде әкенің белсенді рөлі ерекше екенін атап өтті.
Баланы еркекке ұстату керек. Ер адам баласының иісін иіскеп, бауыр басуы керек. Сол кезде ғана нағыз әкелік сезім оянады. Мал да төлін бауырына баспаса, оны бөтен көреді ғой. Сол сияқты әкені де балаға жақындату керек, – деді тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Қалыш.
Қорытынды ой: Ажырасу – бір отбасының емес, бүтін қоғамның жарасы. Санжар Керімбай айтқандай, адам өз онтологиялық мәнінен алыстаса – отбасы күйрейді. Психолог Дина Алланазар ескерткендей, ашу мен эмоция үстінде қабылданған шешім адам тағдырын бұзады. Ал тарихшы Аманжол Қалыштың пікірінше, рухани жауапкершілікті жоғалтқан қоғамда үлгі де, тұрақтылық та болмайды.
Бүгінгі міндет – кінә іздеу емес, жүйені түзеу. Отбасын сақтау – мемлекеттің стратегиялық мәселесі. Өйткені берік отбасы – берік қоғамның іргетасы, ал отбасындағы махаббат пен жауапкершілік – ұлттың рухани өзегін сақтап қалудың жалғыз жолы.