Қазіргі таңда елімізде 4 900-ден астам дәрі-дәрмек түрінің бағасы мемлекеттік бақылауға алынған. Бірақ болашақта кейбір дәрілердің құны нарыққа байланысты еркін қалуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрліктің айтуынша, дәрі бағасын көтеру немесе төмендету тікелей олардың құзыретінде емес.
Қазіргі кезде МӘМС пен ТМККК арқылы сатып алынатын дәрілердің құны азайтылуда: көптеген дәрінің бағасы шамамен 40 пайызға төмендеді. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруға ниетті.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәріханалардағы бағаны үнемі қадағалайтынын хабарлады. Мысалы, қазан айында жиі қолданылатын 50 дәрінің бағасы орта есеппен 10-11 пайызға төмендеген.
Дәрілердің заңдылығын және шекті бағаны тексеруге арналған Naqty Onim қосымшасы іске қосылған. Қосымша арқылы дәрінің шекті бағадан асып кетуі жағдайында өтініш қалдыруға болады, және тиісті шаралар қолданылады.