Дархан Қыдырәлі Әзербайжанның Жастар және спорт министрімен кездесті

10 Наурыз 2023, 14:17 944

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибовпен кездесті. Министр бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, екі министрліктің басты бағыттарының бірі - жастар саласындағы жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрлікке сілтеме жасап.

"Жастардың дамуына Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында айрықша көңіл бөлді. Мәселен, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Осылайша, біз жастарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды 1,5 есе 3,7 млн адамнан 5,7 млн адамға дейін кеңейтеміз", - деді Дархан Қыдырәлі.

Оған қоса министр Қазақстанда жастар ресурстық орталықтары дамып жатқанын әрі волонтерлікке де ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Айта кету керек, екі елдің жастары тұрақты негізде халықаралық іс-шараларға белсенді қатысады. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда өткен Орталық Азия Волонтерлер форумы жастарға арналған бірегей алаңға айналды. Ал биыл олар Халықаралық волонтерлер форумы, және Түркі мемлекеттері ұйымы Бас Ассамблеясының жастар платформасы аясында өзара жолығып, тәжірибе алмасып, пікірлеседі.

Өз кезегінде Фарид Гаибов екі ел және ведомство арасындағы қарым-қатынас беки түсетініне сенім білдірді.

"Екі елдің арасында тығыз ынтымақтастық орнаған. Біз осы байланысты одан әрі дамытып, жастар саласында бірге жұмыс істеуге әзірміз. Жастар тәжірибе алмасып, ортақ жобалар жасаса деген тілегім бар", - деді Фарид Гаибов.

Айта кетейік, Әзербайжанда "Бүгінгі әлем: сындар мен үміттер” тақырыбындағы Х Баку жаһандық форумы басталды. Үш күнге жалғасатын форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: