Данияр Берікболұлы: Арманым – керамика өнерін жаңа белеске көтеру

30 Қараша 2021, 11:49 50854

 

Есімде, бала кезімізде арық-атыз жағасындағы балшықтан адамның бейнесін жасап, қала тұрғызатын едік. Ол бейнеге өзіміз мәз болып, балшықтың кепкенін күтіп жүруші едік. Жақында сол кездерді еске алмақ мақсатпен әрі қазір жиі ауызға алынатын «антистресс» болу үшін қыштан құмыра жасауға бардық. Онда түркістандық шебер Даниярмен танысып, аз-кем әңгімелестік.

 

Данияр Берікболұлы – қыш өнері шебері, «Шабыт» халықаралық байқауының «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша III иегері.

 

 

 

Данияр Берікболұлы: Есімім – Данияр Бабашов. 1995 жылы Түркістан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында дүниеге келгенмін. Бала кезден сурет салғанды жақсы көретінмін. Ал қыш құмыра жасау өнеріне келуім кездейсоқ болды. Өйткені Алматыға колледжге түсетін кезде «Суретші-архитектор» боламын деп аттанған едім. Бірақ ол мамандыққа тапсырушы талапкерлер өте көп болды, ол жерде грантқа түсу қиын болатынын сездім. Сондықтан талапкер аз және грант мүмкіндігі көп керамика мамандығына тапсырдым. Шынымды айтсам, алғашында қызығушылығым аса қатты болған жоқ. Бірінші және екінші курста қызығушылығым болмағандықтан, тек жай сабақ ретінде қарап, оқып жүрдім. Тек соңғы курстарда қызығушылығым ашылып, өздігімнен іздене бастадым. Көбірек машықтанып, құштарлығым артқан соң колледжді үздік дипломға бітіріп шықтым.

  

 

​Даниярдың бұл салаға қызығушылығының артуына бұл өнердің тарихы мен тереңдігі себеп болған екен. Керамика яғни қыштан, саз балшықтан керамикалық бұйымдарды жасау өнерінің тамыры тереңде. Күнделікті пайдаланылатын шыныаяқ пен тәрелке сияқты заттарды адамзат 5000 жылдан аса уақыт бойына жасап келе жатқанына дерек жетерлік. Тарихшылардың айтуынша, керамикалық заттар палеолит, неолит дәуірінде пайда болып, жыл өткен сайын жасалу технологиясы күрделене түскен. Төрт жылда бұл өнердің тарихы мен технологиясына үйренсе де, Даниярға ол білім аздық етіп Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түседі.

  

 

Данияр Берікболұлы: 2016 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім, сол жерде шығармашылық жұмыстар жасаудың ауқымы кеңейе бастады. Студент кезімде «Шабыт» халықаралық байқауына қатыстым, ол жерде «Керамика» деген номинация жоқ, сондықтан «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша бақ сынап, жүлделі III орын алдым. Одан кейін мені Мәскеу қаласына Гжель мемлекеттік университетіне тәжірибе алмасу мақсатында 1 жылдық оқуға жіберді.

 

Ол жақтағы керамика саласының жоғарғы деңгейін көріп қатты таң қалдым. Олардың шеберлігі, технологиясы, олардың қыш күйдіретін пештерінің де сапасы алда екенін мойындау керек. Негізі Мәскеуге баруым да қызық болған. Бірінші курс оқып жүргенімде факультетіміздің деканы келіп, «Мәскеуге сен барасың» деп айтты. Бірақ менің орыс тілім аса керемет болмағандықтан, баруға тартындым. Ал екінші курста баратын оқу орнымды зерттеп, тани бастадым, сол кезде олардан тәжірибе алмасу маған пайдалы болатынын түсініп, Мәскеуге баруға өзім сұрандым. Солай бір жыл оқып келдім, сонда өнерге тіл кедергі болмайтынын түсіндім.

  

 

Данияр оқудан келген соң да Мәскеу шеберлерімен байланысын үзбеген. Сонда өткен көптеген фестивальдар мен байқауларға қатысып жүр. Соның бірі жыл сайын өтетін «Көркем керамика» Халықаралық байқауында Бас жүлде және «Үздік жұмыс» номинациясын иеленеді. Онда «Балықшы» деген жұмысын ұсынады. Жалпы керамика мен мүсінге байланыстырылып жасалған әрі бір қарағанда құмыраға ұқсайды. Негізі бір-бірінің үстіне балық, төбесіне мүсіннен баланың бейнесі қойылған бұл жұмыстың алғашқы атауы – «Тіршілік» болған екен, өйткені әркім өз өмірі үшін күресіп жатқанын жеткізгісі келген. Осы жұмысын жоғары бағалаған мәскеуліктер оны мемлекеттік музейлеріне қойған.

 

Әрине, түрлі байқауларда топ жарып жүрсе де, әдетте керамика маманына оқу бітірген соң жұмысқа орналасу оңай болмайды. Данияр да түрлі ойлар мен арманның жетегінде жүреді.

  

 

Данияр Берікболұлы: Оқуды бітірген соң жеке шеберхана ашу, студия ашу ойыма келді. Бірақ, ол үшін үлкен қаражат керек болды, ал менде ондай мүмкіндік болмады. Жобаларымды жеке адамдарға ұсынып, тіпті мемлекеттік гранттарға да тапсырған кездерім болды. Бірақ өкінішке қарай, грант бұйырмады. Сосын кішігірім жинаған қаражатыма шағын студия аштым. Кейін «Отырар» деген атаумен жеке студия болды. Бұл салаға деген сұраныс, бәсеке жоғары болмағандықтан көпшілік біле бермейді. Тек теледидардан көргендері болмаса. Десе де қызығатындар жоқ емес. Ал олардың санын көбейту біздің қолымызда, көбірек дәріптеу қажет.

 

Бұл өнермен айналысу жас талғамайды. Мысалы, кішкентай бала ес білгеннен саз балшықпен жұмыс істеп, көзеші шарығы (гончарный круг) жұмыс жасаса ол баланың жүйке жүйесіне, ойлау қабілетіне өте жақсы пайдасын тигізеді. Тіпті арт-терапия деп атап, медицина қызметкерлері балаларды осы саламен айналыстыруға кеңес беріп жатады.

 

​Қазір керамика өнеріне деген сұраныс бұрынғыдан едәуір өскен. Әлеуметтік желілер арқылы көпшілік ізденіп, бір уақыт шығармашылықпен айналысуға өздері іздеп баратын болған. Жас шебердің айтуынша, қазір құмыра жасауға келетіндердің жасы 4-тен басталып, ұлғая береді, олардың қатарында қарттар да бар. Әсіресе 15-25 жас аралығындағы жастар жиі келеді. Данияр өзінің шеберлік сағаттарын да жиі өткізеді, бір сағаттың алғашқы 5 минутында өзі түсіндіріп, бір дүние жасап келушілерге көрсетеді. Одан кейін ғана қатысушылар өз құмыраларын жасауға кіріседі. Сырттай оңай көрінетін құмыраны 3-4 рет жасайтын келушілер өздері қолмен жасаған кезде ғана бұл өнердің оңай еместігін түсініп жатады.

  

 

Данияр Берікболұлы: Менің шеберханамда қыштан жасалатын кез келген бұйымдар жасалады. Олардың ішінде құмырадан бөлек, тәрелке, шыныаяқ, майшамға арналған ыдыс тағы басқа тұрмыстық заттар бар. Шеберлік сағаттарға келетін қонақтардан өзге, тапсырысқа да заттар жасаймын.

 

Қазір елімізде ұлттық нақыштағы мейрамхана, қонақ үйлер көбейді ғой. Олардың қыштан жасалған ыдыстарға деген қызығушылықтары өте жоғары. Тапсырыс берушінің эскизі бойынша барлық сұраныстарын орындауға тырысамын.

 

​Даниярдың еңбек жолында қызықтар да көп болады екен. Бірінші курстан бастап тапсырыспен жұмыс істеген оның күліп еске алатын оқиғалары жетерлік. Сосның бірі осыдан алты жыл бұрын режиссер Қанағат Мустафиннің «Ең сұлу» деген комедиясына 10 дана құмыра жасауы керек болады. Фильм желісі бойынша музейде ең қымбат вазаны ұрлап, оны көшірмелерінен ажырата алмай әбігерге түседі. Сонда ең алғашқы тапсырысын алған Даниярға ең қысқа мерзімде дайындап беру керек болады. Құмыраның сыртында оюлары да болуы керек еді.

 

Тапсырысты алған бойда іске кіріскен шебер екі күнде 4 құмыраны аяқтап, пешке салады. Ал өзі бесінші құмыраны жасауға кіріседі.

 

Қызығы – 1-2 сағат өткен соң пешті ашып қараса, құмыра жоқ! Оның жоқ екеніне сенбей, анықтап қараса құмыра қайнап жатыр. Бұл оқиғаны өзі қазір күліп еске алады.

 

Данияр Берікболұлы: Пешті ашып қарасам, төрт құмырам қара шайыр сияқты қайнап жатыр ғой. Ал тапсырыс берген кісілер бір құмыраны тезірек дайындап беруімді өтінген. Сосын бар үміт енді дайын болған бесінші құмырада еді. Оны ол пешке қайта салуға болмайтынын біліп, өзім оқыған колледжге алып баратын болдым. Асығып жүріп, ол құмырамды сындырып алдым. Солай алғашқы 5 құмырамнан айырылып отырсам, режиссер хабарласты. Шынымды айтсам, ол кісіге өзімнің жағдайымды айтып отырғым келмей, телефонына жауап бермей қойғаным бар. Кейін бір күн кешіктіріп, құмыраларды дайындап бердім ғой. Қазір қызық оқиға деп еске алғаныммен, сол кезде маған өте қиын болған.

 

​Өнерді кәсіпке айналдырудың қиыншылықтары аз болмайтыны белгілі. Өз ісіне деген шексіз махаббаты мен шығармашылық жолындағы арманы және еңбегі арқылы ғана қол жеткізе алмақ. Оны Данияр жақсы біледі

Данияр Берікболұлы: Менің арманым – керамика өнерін жаңа белеске көтеру. Ол айтуға оңай болғанымен, жеңіл жол емес екенін білемін. Тарихтан білеміз, XI ғасырларда керамика өнері біздің елімізде кең және қарқынды дамыған. Сол кезде Шаш, Тараз, Сауран, Отырар қалаларында осы өнер кең етек жайып, цехтар да пайда болған еді. Оңтүстіктегі тарихи орындардың көбін безендіруге керамикалық материалдар пайдаланылғанын көру қиын емес. Қазір өнерімді сондай дәрежеге жеткізуді көздеймін және отандық қыш ыдыстарды шығару жолында еңбек етіп жүрмін.

 

«Жігітке жеті өнер де аз» деп есептейтін Даниярдың қызығушылықтары да көп. Өзі тек көзеші шарығында ғана емес, домбыраның да құлағында ойнайды. Шетелге шыққан сапарларында домбыраны жанынан тастамайды. Мәскеудің мемлекеттік университетінде әр елден келген студенттермен сайыс ұйымдастырылатын. Сонда италиялықтар фортепианода ойнаса, біздің елдің ұланы домбырамен сахнаға шығады. Түркістандағы керамика өнерінің туындылары көрсетілетін бейнеролик жасап, өзі Сәкен Тұрысбековтың «Ақ жауын» және «Ерке сылқым» күйлерін папурри ретінде орындайды. Көрерменнің қара домбыра мен қара балаға деген қошеметі ерекше болады, тіпті қазылықта отырған кісінің бірі оның өнерін жоғары бағалап сайыстан соң оған ақшалай сыйлығын да берген екен.

 

Ал Данияр қазір керамика өнеріне деген ықыластың да әнші-жыршыдан кем болмауын қалайды. Осы мақсатта түрлі идеяларын да іске асырып келеді, Алматы мен Түркістанда қолтаңбасын қалдырып үлгерген жас шебер болашақта еліміздің әр аумағынан жеке студиясын ашуды көздейді. Сонымен қатар кішкентай балаларды да осы өнерге баулу мақсатында шәкірт тәрбиелеуді де қолға алмақ.

 

 

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: