Даниал Ахметовті 9 жыл бұрын ШҚО-ға таныстырғандардың ешқайсысы билікте қалмаған

16 Маусым 2023, 10:30 1071

Бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды. Ол өңірді 9 жылға жуық басқарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Бір қызығы, Даниал Кенжетайұлы өңірге әкім болып келгенде ел билігінде болған азаматтардың бір де бірі қазір қызметте жоқ екен.

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып, 2014 жылдың 11 қарашасында тағайындалған. Сол кезде жақында өмірде өткен Бердібек Сапарбаевты алмастырған. Жаңа әкімді Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 23-сессиясында сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов таныстырған.

Менің алдымда үлкен жауапкершілік тұр. Ұлы адамның сенімін ақтап, оның жанында жүруге лайықты болуым керек. Бұл - өте зор тапсырма. Бірақ біз бірлесе отырып, Президент қойған үлкен тапсырмаларды атқара аламыз деген үміттемін. Құрметті Үкімет басшысы Кәрім Қажымқанұлы және Нұрлан Зайроллаұлы (Нығматулин – сол кезде Президент әкімшілігі басшысы болған), мен Президент артқан үлкен сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын, - деген еді Даниал Ахметов.

Осы уақыт ішінде ол үш рет – 2017, 2019 және 2022 жылдары әкім қызметіне қайта тағайындалды. Былтыр әкімдіктен шаршамағанын айтқан еді.

Мен неге шаршауым керек?! Сіз өмірден шаршадыңыз ба? Әрине, жоқ! Мен де әкім болудан әлі шаршамадым, - деді Даниал Ахметов былтыр желтоқсан айында.

Даниал Ахметов – Қазақстадағы облыс әкімдері арасында өңірлерді басқару бойынша рекорд иесі. Ол тоқсаныншы жылдардың басынан бері Павлодар облысын екі рет басқарса, Солтүстік Қазақстан облысын бір рет басшылық етті. 2014 жылдың соңынан таман ол Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған. Сонымен бірге Ахметов вице-премьер, премьер-министр, қорғаныс министрі секілді ірі лауазымдарды да атқарды.

Алмас Абылай
Бөлісу: