22.05.2025
17:28
773
Дәнекерлеуші Бақыткүл: Ерлер ісі демедім, еңбек еттім

Дәнекерлеуші Бақыткүл: Ерлер ісі демедім, еңбек еттім

Бақыткүл Бегалиева – дәнекерлеу ісінің хас шебері, табанды еңбеккер, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан ұстаз.

Қоғамда ауыр, жауапты, техникамен байланысты салалар көбіне ер азаматтардың еншісіндей көрінеді. Алайда сол ұғымды жоққа шығарып, қыз баланың да кез келген мамандықты игеруге қауқарлы екенін өмірімен дәлелдеп келе жатқан әйел-аналар бар. Солардың бірі – Бақыткүл Бегалиева. Ол – темірмен тілдесіп, от пен ұшқынның ортасында жүріп, шәкірт тәрбиелеген, кәсібін жан-тәнімен сүйген шынайы маман.

Қарапайым механизатор әке мен колхозшы ананың қызы еңбекқорлық пен төзімділікті отбасынан сіңіріп өсті. Мектепті 8-сыныпта бітірген соң, оқудан жалыққан ол техникалық училищеге түсуді жөн көрді. Бұл шешімі кейінгі өмірінің кәсіби бағытын айқындады.

Бақыткүл ана дәнекерлеуші мамандығына 1979 жылы бет бұрып, Жамбыл қаласындағы техникалық кәсіптік училищеге оқуға түсті. 1982 жылы оқуын төртінші разрядпен аяқтап, артынша Қарағанды индустриалды педагогикалық техникумына түсіп, білімін тереңдеткен.

Қыз баласы үшін темірмен жұмыс істеу оңай еместігін алғаш күннен-ақ сезіндім. Ауыр құрал-жабдықтар, шуылдаған өндіріс алаңы, күннің аптабы мен темірдің қызуы – бәрі де бірден төзе қоятын дүние емес. Бірнеше рет тоқ ұрып, есімнен танып құлаған сәттерім де болды. Бірақ сол сәттер мені бұл жолдан тайдырмады. Себебі мен бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқпын – жүрегіммен қалап, саналы түрде бет бұрдым. Мамандықты игеру – мен үшін тек кәсіби міндет емес, өмірлік жауапкершілік болды. Көптеген қыздар шыдамай, оқудан кетіп жатқанда, мен өз-өзіме серт бердім: қандай қиындық келсе де, бұл істі соңына дейін үйренем, шебер болам деп. Еңбек маған ерте есейтуді үйретті. Осы жолда мен тек темірдің емес, өмірдің де салмағын сезіндім, – дейді кейіпкеріміз Бақыткүл Бегалиева.

Ол оқу кезінде түрлі қиындықтарға жолықса да, мойымады. Тіпті бір сәтте «қателестім» деп, бәрін тастап кеткісі келгенде, әкесінің қатты да әділ сөзі жігер беріпті:

Оқудың алғашқы айларында қатты қиналдым. Жаңа орта, ауыр құрал-жабдықтар, орыс тілді білім беру – бәрі мен үшін үлкен сынақ болды. Бір күні үйге келген соң, көзіме жас алып: «Әке, училище менікі емес екен, қайта мектепке барсам ба деймін», – дедім. Ол кісі маған ұзақ қарап тұрды да, сабырлы үнмен: «Жоқ, оқисың!» – деді. Сол бір қысқа ғана жауап менің бүкіл өмірімді өзгертті. Әкемнің сол сенімі мен үшін үлкен жауапкершілікке айналды. Сол күннен бастап берілмеуге, шыдауға, алға ұмтылуға бел будым. Қиындықтың бәрі уақытша екенін түсіндім. Әкемнің сол бір сөзі менің ішкі қайсарлығымды оятты. Содан кейін қайтып мойымадым, керісінше білім алуға, өзімді шыңдауға кірістім. Қазір сол сөздің салмағын толық түсінем: ол мені өмірге дайындаған шын шешім еді, – дейді Бақыткүл ана тебірене.

Жас Бақыткүл темірдің тілін үйреніп қана қоймай, орыс тілін де еркін меңгерді. Бұл – сол кездегі техникалық білім саласында өзіндік орны бар маңызды фактор еді.

Білімін тәмамдаған соң, 1985 жылы еңбек жолын №3 кәсіптік училищеде өндірістік шебер болып бастады. Кейінгі жылдары №2 училище, «Аулие-ата», «ПША-6» колледждерінде жұмыс істеді. Жас дәнекерлеушілерді тәрбиелеу ісіне барын салып, біліктілік пен жауапкершілікке үйретті. Оның қолынан білім алған жүздеген шәкірт бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

2014 жылы Тараз қаласында химия технологиялық және политехникалық колледждер бірігіп, жұмысшы мамандар даярлау ісі жаңа қарқынмен жанданды. Осы кезде Бақыткүл Бегалиева аға шебер лауазымына көтерілді. Жаңа технологияларды оқыту, тәжірибелік сабақтарды жетілдіру – оның басты міндеттерінің біріне айналды.

Оқыту – мен үшін жай ғана кәсіби міндет немесе күнделікті жұмыс емес. Бұл – шәкіртпен бірге өмір сүру, оның ішкі әлемін түсіну, болашағына жол сілтеу. Әр баланың мінезі, қабылдау қабілеті, қызығушылығы әртүрлі. Сол әртүрліліктің арасынан ұшқын тауып, оны жалынға айналдыру – нағыз ұстаздың шынайы еңбегі. Мен әр шәкірттің бойындағы туа біткен қабілетті байқап, оны оятып, осы саланы сүйіп, сеніммен таңдаса екен деймін. Себебі адам өз ісін сүйгенде ғана шеберлік шыңына жете алады. Сабақта тек теория беріп қана қоймай, шеберханада бірге еңбек етіп, қиындықты бірге еңсергенде ғана нағыз ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім қалыптасады. Сол сенім – білімге апарар ең берік көпір, – дейді Бақыткүл ұстаз жүрекпен сөйлеп.

Дәнекерлеу – ауыр еңбек. Қауіп-қатері де, жауапкершілігі де зор. Ер азаматтардың өзі бұл мамандықты таңдауға жүрексінетін сәттерде, нәзік иығымен ауыр жүкті арқалаған Бақыткүл ананың өмір жолы – батырлықтың белгісі.

Практика кезінде болат арқандарды көтеру, күннің аптабында ұзақ уақыт дәнекерлеумен айналысу, тоқтың әсерінен есінен тану – оның күнделікті кәсібінің бір бөлігіне айналды. Бірақ ешқашан мойымады, керісінше, сол қиындықтар оның рухын шыңдай түсті.

Бақыткүл Бегалиева тек қолымен ғана емес, жүрегімен де еңбек етті. Ол өз ісін құрметтей отырып, шәкірт тәрбиеледі. Әрбір жастың жетістігі – оның өміріндегі ең үлкен марапат болды. «Білім беру ісінің үздігі», түрлі марапат иегері атанғанымен, өзі үшін ең қымбат сыйлық – ұл-қыздарының, шәкірттерінің биікке көтерілгені.

Қазір менің жолымды ұлым Нұрғалы жалғастырып жатыр. Ол – Астана қаласында кәсіби мамандар даярлаумен айналысатын жеке кәсіпкер. Өз алдына іс бастап, өндірістік бағыттағы оқыту курстарын ұйымдастырып, жастарға нақты мамандық беріп жүр. Мен үшін бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын үлкен қуаныш, жүрегімнің мақтанышы. Себебі еңбектің қадірін біліп өскен баланың сол еңбекті әрі қарай жалғастырып, оны жаңаша форматта дамытып жатқаны – ана үшін ғана емес, ұстаз үшін де зор мәртебе. Мен өз өмірімді босқа өткізбегенімді, шын еңбек ешқашан жерде қалмайтынын ұлымның ісінен көріп отырмын. Ең бастысы – ол да біреуге бағыт беріп жүр. Бұл менің көп жылдар бойғы терім мен төзімімнің шынайы жемісі, – дейді Бақыткүл ана жүзінен шуақ шашып.

Бақыткүл Бегалиева – тек дәнекерлеуші емес. Ол – шебер ұстаз, қайсар әйел, бала тәрбиелеген ана, темірмен тілдескен хас маман. Оның еңбек жолы – шыдам мен сенімнің, қажыр мен махаббаттың бір арнаға тоғысқан көрінісі.

Мұндай тағдырлар – көпке үлгі. Жастарға жол көрсететін шамшырақ. Қоғамда әйел адам техника мен өндіріс саласында табысқа жете алмайды деген көзқарасқа шынайы жауап – Бақыткүл ананың өмірі.