Дана Нұржігіт бұрынғы күйеуінің өлімі баласына қалай әсер еткенін айтты

20 Ақпан, 05:26 1649

Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт желіде бала тәрбиесінде өзегін өртеген өкініш туралы айтты. Оған қоса ақпарат өкілі бұрынғы күйеуінің қазасы ұлына қалай әсер еткенін жайып салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол бала тәрбиесінде өзін кінәлі сезінген кездер болғанын жасырмай жазды. Ол туралы Instagram парақшасында әсерлі жазба жариялап, өзегін өртеген өкініші жайлы жан сыры жайлы толғанысын жариялады. 

Дана Нұржігіт бала жалғызсырау мен сағыну деген сезімнің не екенін білу керек деп есептейтінін айтады. 

Әлім дүниеге келген күннен бастап бәрі кітаптағыдай болсын деумен әлек едім. Ондай болмай жатса, өзімді бір түрлі кінәлі сезініп кететінмін. Әсіресе бала қызуы көтеріліп ауырып жатқанда дәрігер мен күтушісіне тапсырып, бәрін аттап түсірілімге ұшып кететінім есіме түссе жанымды жегідей жейтін өкініштің өрті жүрегімді жалмап кететін. Қазір ойласам, осылайша алаңдағаным түптің түбінде баланың көңіліне кесірін тигізеді екен. Иә, ол сағынады. Иә, алаңдайды. Бірақ,бала мұндай сезімнің қандай болатынын, анасын қаншалықты жақсы көретінін, жалғызсырау, сағыну дегеннің не екенін де білу керек деп ойлаймын. Ал, қайта көріскенде мауқын басып, елжіреп, ата-ананың ыстық құшағын, ананың аялы алақанын, әкенің арқасынан қағып, маңдайын иіскегенінің құны мың есе артады. Сағыныштан кейін көрісу бала мен ата-ананы одан сайын жақындата түседі, - деп жазды тележүргізуші.

Сонымен қатар Дана Нұржігіт бұрынғы күйеуінің өлімі ұлына қалай әсер еткенін айтты. Ол баласы үшін қатты алаңдағанын жеткізді.

Әлімнің басына түскен соңғы жағдайда, баланың көңілі қалай болар екен деп алаңдадым. Қатты уайымдадым. Кейін қарасам, Әлім бұған дейін есіне түскенде ғана қолына алатын қойын дәптерін соңғы кездері жиі ашатын болған. Соны көріп, көңілім жайланды. Демек, іштегі сезім, ой жанына беріш боп қатпай, сөз болып, қағаз бетіне түсетін болып тұр ғой! Жан сырын, шерін тарқататын "дос" тапқанына қуандым. Баланың өз ойы, әлемі, өз құпиясы бар деген сөз. Ол әлемге рұқсатсыз кіруге ешкімнің һақы жоқ! Жасөспірім шақта өзіне өзі есеп беріп, өзімен өзі күбірлесіп, жан дүниесімен сырласа білу өте маңызды! Рефлексия - саналы адамның әрекеті, - деп жазды ол.

Перизат Саденова
Бөлісу: