«Дамудың басты кілті – ғылым»: Ғылыми қызметкерлерге қандай қолдаулар көрсетіліп отыр?

12 Сәуір, 13:00 10491

 Былтыр Пре­зи­дент жа­нын­дағы Ғылым және тех­но­логиялар жө­ніндегі Ұлттық ке­­ңес­­тің алғашқы оты­рысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті – ғылым екенін айтқан болатын. Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Ендеше елімізде ғылым саласына, соның ішінде жас ғалымдарға қандай қолдаулар көрсетіліп келеді? Осы жөнінде EL.kz ақпарат агенттігі мамандармен тілдесіп көрген болатын.     

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отандық ғылымды дамыту векторын қайта қарау үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен тығыз байланыста және құзыреттер ағынын қамтамасыз ететін алаң болып табылады. Былтыр сәуірде өткен кеңестің алғашқы отырысында  Ұлттық ғылыми-технологиялық саясаттың басымдықтары, даму тетіктері айқындалды. 

Кеңесте сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы бұл салаға назар аударылмағанын, соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз еместігін айтқан болатын. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес – мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым.  

Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі,-деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында.

Ғылым саласы туралы сөз қозғағанда, ҚР президентінің жанындағы Ұлттық ғылыми академияның атқарып отырған ерен еңбегін де айта кеткен жөн. Академия миссиясы - тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру. Ұлттық ғылыми академияның жаңа миссиясының негізі - қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосқысы келетін және үлес қосуға қабілетті жетекші ғалымдарды біріктіру.

Ұлттық ғылыми академияның мәліметінше, еліміздегі ғалымдар саны соңғы жылмен салыстырғанда биыл 13 пайызға жуық артып отыр. Бұл, әрине, жақсы тенденция. Алайда салыстырмалы түрде дамыған елдерге қарағанда едәуір аз.

2023 жылғы ресми дерек бойынша 1 млн Қазақстан тұрғындарына шаққандағы ғалымдар саны 1000-ға жуық, ал жалпы ғылыми қызметкерлер саны 25 473 адамды құрайды. Оның 21 534-і зерттеушілер. Ғылыми дәрежесі бар кадрлар саны - 10 438. Ғылыми кадрлардың жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 34 жасқа дейінгі жастар 28%, 35-54 жастағы ғалымдар 49%, ал 55 жастан жоғары зейнет алды және зейнеткерлік жастағы ғалымдар 23% құрап отыр.

Қазақстанда экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды.

Ұлттық ғылым академиясындағылар қазіргі кезде ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейтінін алға тартты. Ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз. Көптеген әкімдіктерде ғылыми ұйымдармен өзара ынтымақтасуға жауапты мамандар да жоқ. 

Жуырда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Академия «Өңірдегі ғылым өңір үшін» атты жаңа бастама ұсынды. Бірінші кезеңде жергілікті атқарушы органдардың басшылығымен құрамына облыс әкімінің орынбасары, өңірлік ғылыми ұйымдардың ғалымдары және бизнес-құрылымдардың өкілдері енетін ғылым және инновациялар жөніндегі Өңірлік кеңестер құру ұсынылады. Олар өндірісті ғылыми қамтамасыз етудің өңірлік проблемаларын зерделеп, шаруашылық жүргізуші субъектілердің инновациялық әлеуетін бағалай отырып, ғылыми білімді тарату орталықтарының жергілікті жерлерде жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Сонымен бірге ғылыми зерттеулердің басымдықтарын айқындау үшін және жергілікті жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып, бар мәселелерді шешу жолдарын әзірлеу үшін бас ғылыми ұйымдарға, Ұлттық ғылым академиясына ақпараттық материалдар беріп отыруы тиіс. Осы жол арқылы ғана жекелеген мәселелерді шешуге жалпы көзқараспен қараудан алшақтап, республиканың қолда бар ғылыми күшін әр өңірдің нақты міндеттерін нысаналы шешуге шоғырландыра аламыз. Өңірде ғылымды дамыту бойынша жұмыстың көрсеткіштерін облыс әкімдерінің қызметін бағалау рейтингіне қосу қажет болады,-деді Ұлттық ғылым академиясындағылар.

Академия өз кезегінде өңірлік университеттер мен ғылыми зерттеу орталықтарына жан-жақты қолдау көрсетеді. Қажет болған жағдайда академияның толық мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірдегі ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеспек. Бұдан өзге Ұлттық ғылым академия Қазақстанда ғылымды дамытуда басым бағыттарды дұрыс анықтап, ғылыми зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізу үшін қандай шараларды жетілдіру қажеттігін де атап өтті. Ең алдымен отандық ғылымды дамытуда ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дұрыс анықтау керек. Өкінішке қарай, біздің дамыған елдерден айырмашылығымыз, басым бағыттар көбінесе елдің қажеттіліктеріне, стратегиялық маңызды мәселелерге емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне негізделген.

Қаржыны бөлу мемлекеттік басымдықтармен, бизнес пен қоғамның өзекті мәселелерімен тығыз байланысты болуы керек. Ғылыми әлеуетті дамытуға қатысты шешімдер технологиялық көшбасшы елдердегідей салауатты прагматизм мен әділ бәсекелестік негізінде кәсіби түрде қабылдануы қажет.

Осыған байланысты Ұлттық ғылыми академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізілетін болады.

Қазіргі таңдағы конкурстық негізде қаржыландырудың үш жылдық кезеңімен ғылымның барлық бағыттарына қолданылатын шаблондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеулер саласында нәтижеліліктің төмендеуіне әкеліп соқты. Осы уақытқа дейін Қазақстанда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің тиімділігін арттыруға негіз болып табылатын, елдің зияткерлік әлеуетін тұрақты түрде қамтамасыз ететін іргелі (фундаменталды) ғылым үшін тиісті жағдайлар жасалмады. Сондықтан біз іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгертуіміз қажет,-деп қосты Ұлттық ғылыми академиясындағылар.

Сонымен қатар академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, шешілуі тиіс мәселенің іргелі білімнен бастап оларды практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектілерін қамтитын тігінен интеграцияланған нысанда құрылатын заманауи цифрлық және геномдық технологияларды пайдалана отырып, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнаралық мегажобаларды даярлауды бастады. Бұл жобаларға мемлекет және бизнес ресурстары біріктірілетін болады және танымал ғалымдарға талантты жастармен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Отандық ғылымда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің жоғары деңгейін іске асыру үшін негіз болатын, елдің зияткерлік әлеуетінің тұрақты түрде жоғарылауын қамтамасыз ететін іргелі ғылыми зерттеулер үшін тиісті жағдайлар жасалмаған. Сондықтан біз үздік әлемдік тәжірибеге бейімдей отырып, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа форматын ұсынуымыз керек. Әсіресе ғылымды қаржыландыру көлемінің елдің жалпы ішкі өнімнің 0,13% - на дейін күрт қысқаруы қиынға соққан. Экономикалық дамыған елдермен салыстыратын болсақ, жалпы ішкі өнімдегі ғылымға бөлінетін шығындар Израильде - 4,9%, Кореяда - 4,6%, Тайваньда - 3,5%, Швецияда - 3,4%, Жапонияда - 3,2%, АҚШ-та – 3,1, Қытайда – 2,2%-ды құрайды.

Академия ғылымды қаржыландыру елдің ЖІӨ-нің кем дегенде 1%-на дейін өсуі керектігін атап өтті. Қазіргі әлемде бұл –  тым болмағанда технологиялық дамудың орташа деңгейіндегі елдердің легіне ілесуге мүмкіндік беретін және озық әлемдік инновацияларды түйсініп, оны өзімізге бейімдейтін қабілетімізді сақтау шегі.

Ұлттық ғылыми академия мәліметінше, елімізде бүгінде ғылыми дәрежесі бар қызметкердің орта жасы - 57 және одан да жоғары, қызметкерлердің 15% - ы зейнеткерлік жасқа жеткен. Бұл ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдығы, ғылымға жас таланттардың келуі үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажеттігін айғақтайды. Сондықтан Ұлттық ғылыми академияның басты міндеті - талантты жастарды тарту орталығына айналу.

(Фото: qazscience.gov.kz)

2024 жылдың 22 ақпанында жас ғалымдармен кездесуде ҚР президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясында тәуелсіздік жылдары алғаш рет жас ғалымдар кеңесінің құрылғанын жариялады.

Жас ғалымдар кеңесінің жұмысын Президиум басқаратын болады. Оның мүшелеріне Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай және ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, республикадағы жас ғалымдар ұйымдарының төрағалары, ұлттық ғылыми кеңес мүшелері, еліміздің ЖОО мен ҒЗИ жас ғалымдары кеңестерінің төрағалары, беделді, жас әрі қалыптасқан ғалымдар енді. Жас ғалымдар кеңесі президиумының жұмысы бөлімшелер бойынша жүргізіліп, аймақтарда өкілдіктері болады. Осылайша, ұлттық ғылым академиясының жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мәртебесі көтеріліп, сәйкесінше ол елдің жетекші жас ғалымдарын біріктіретін және өз қызметі үшін барлық қажетті өкілеттіктерге ие тиімді жұмыс істейтін ұйымға айналады. Президиум мүшелерінің ашық дауысқа салуымен, бір ауыздан – Ұлттық биотехнология орталығы, «Адам генетикасы» зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, Ph.D, қауымдастырылған профессор Мақсат Жабағин жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Жас ғалымдар кеңесінің негізгі функциялары мен қызметтері еліміздің талантты жас ғалымдарын бір ортаға шоғырландыру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудегі ғалымдар үшін өзекті мәселелерді көтеріп, тың шешу жолдарын ұсыну арқылы құзіретті органдарға жеткізу болып табылады. Сонымен қатар сараптамалық-талдамалық материалдарды әзірлеу, нормативтік құқықтық актілерге, ережелерге, конкурстық құжаттамаларға ұсыныстар әзірлеу, ғылымды насихаттау, дәріптеу, тәуелсіз аналитикалық ұсыныстар даярлау, академияның форсайттық зерттеулер мен ғылым бойынша ұлттық баяндаманы әзірлеуге қатысу, халықаралық озық технологияларды трансферт жасау жұмыстары да Жас ғалымдар кеңесінің негізгі фкнуцияларына еніп отыр. Айта кетсек, қазіргі таңда жас ғалымдар кеңесі ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасына бірнеше тың ұсыныстарды беріп, тиісті заңнамалық актілерге жас ғалымдардың мәртебесі және оларды мемлекеттік қолдау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар дайындап, ғылым бойынша ұлттық баяндаманы әзірлеуді бастап, ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындау ережесіне ұсыныстар беру жұмыстарын бастап кетті. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2023-2025 жылдарға ғылым бюджеті 3,5 есеге артқан. Барлығы 643 млрд теңге ғылым саласына  инвестицияланады. (2023 - 158,6 млрд, 2024 - 244,2 млрд, 2025 - 240,2 млрд). Бөлінетін гранттар есебінен ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге өскен.

Мемлекет басшысының әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант бөлу туралы тапсырмасы бойынша "500 ғалым" ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы іске қосылған.  Тағылымдама 134 мамандық бойынша қарастырылған. Бұл инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, өнер, білім беру, агроөнеркәсіптік кешен, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларындағы зерттеулер сияқты бағыттар. Өткізілген конкурстардың нәтижесінде жас ғалымдар 727 жобаны іске асыруда. 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Бұл келешегі зор ғылыми идеяларды іске асыруда мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Халықаралық қаржы ұйымдары қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30% құрайды. Сондай-ақ президент  тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Бірнеше жылдан бері жас ғалымдарға арналған "Жас ғалым" гранттық қаржыландырудың жаңа түрі жүзеге асып келеді.

2021-2023 жылдар аралығында "Жас ғалым" жобаларын гранттық қаржыландыруға 4 конкурс, 2022-2024 жылдарға 3 конкурс және 2023-2025 жылдарға 1 конкурс өткізілді. Төрт байқаудың қорытындысы бойынша жас зерттеуші ғалымдар 462 жобаны іске асыруда. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша бесінші конкурс аяқталу сатысында. "Жас ғалым" жобасын іске асыру ең алдымен инженерлік білімді дамытуға, техника мен технологияларды академиялық зерттеуге бағытталған, постдокторанттарды ұстап қалуға және университеттер мен ғылыми ұйымдарға жас кадрлар ағынын арттыруға бағытталған,-деді Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер.

Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар шеңберінде жас ғалымдар 217 ғылыми зерттеуді іске асырып жатыр. Жалпы бүгінде жас ғалымдар 1130 ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Жас ғалымдар ғылымның дамуына белсенді қатысып келеді.

Ғылымды қолдау және іске асыру мақсатында елде жыл сайын ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру және қаржыландыру үшін конкурстар жарияланады. Бұдан өзге білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу мақсатында ғылымға қосқан үлесі үшін жыл сайын 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 50 "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығы беріледі.

Ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарды ғылым саласында мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар беру арқылы көтермелеу жөніндегі шаралар көзделген. Сонымен қатар, екі жылда бір рет Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы беріледі,-деді ведомстводағылар.

Айта кетсек, 2029 жылдың соңына дейін 7 мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен ғылыми-технологиялық парктердің ашылуы жоспарлануда.  

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында былтыр қазанда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен "Отбасы банк" АҚ арасында жас ғалымдар үшін 2023-2027 жылдарға арналған кредиттеу бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім аясында "Отбасы банк" АҚ былтыр 1 желтоқсанда аталған кредиттеу бағдарламасын іске қосты. 2024 жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша 4,7 млрд теңге сомасына 246 (оның ішінде 2023 жылы – 104, 2024 жылы – 142) кредит берілген. Жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету жобасына қатысу үшін магистр дәрежесі және 3 жыл ғылым жолында жұмыс өтілі болуы қажет.  Үй алуға берілетін максималды сома – 20 миллион теңге. Банкте алдын ала шот ашу және депозитте ақша жату маңызды емес. Алғашқы жарна ретінде үй сомасының 10 пайызын төлеу қажет. Аталған бағдарлама аясында баспаналы болғандардың бірі – Меруерт Мәулет.

Жас ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ядролық физика» мамандығы бойынша білім алған. 2017 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Физика» мамандығы бойынша магистраураға оқуға түсіп, 2019 жылы физика магистрі академиялық дәрежесі берілген. 2019-2022 жылдар аралығында «Физика» мамандығы бойынша докторантурада оқыды. Бүгінгі таңда С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Беттік инженерия және трибология» ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, «Физика және технологиялар» кафедрасының оқытушысы, Материалтану және конденсацияланған күй физикасы саласынның маманы. Газотермиялық әдістермен беттік жабын алумен, жабындардың фазалық құрылымдық өзгерістерін зеттеумен, триботехникалық материалтану саласындағы зерттеулерімен айналысып жүр.

31 жастағы жас ғалымның 20-дан астам ғылыми еңбектері бар. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктердің арқасында Вроцлав технологиялық университетінде (Польша), Клуж Напока техникалық университетінде (Румыния) ғылыми тағылымдамадан өткен.

Меруерт Мәулет жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасының шарты ақылға қонымды және өзі үшін ыңғайлы болғанын айтты. Нәтижесінде Өскемен қаласының жаңа салынған ауданындағы көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған. Жас ғалым баспаналы болғаннан кейін бойында жаңа шабыт оянғанын алға тартты. Білім, ғылымға деген құштарлығы одан сайын артқан.

(Фото: Меруерт Мәулеттің жеке мұрағаты)

Әрқашан үйге оралғанда бұл үйді білім-ғылымға деген сүйіспеншілігімнің арқасында алдым және өмірімді осы жолға арнаймын деген масаттанған, пәк сезім ойымды билейді және қуаныш сыйлайды. Негізі менің қазіргі таңда көріп жүрген ортамда шәкіртақының көтерілуі және баспана алу бағдарламасы жастардың ғылымға келуіне үлкен мотивация берді. Алайда ғалым деген атақты алып жүру үшін Абай атамыз айтпақшы ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай білу керек. Ғылым жолына талмай оқыған, үстіне оқи бергісі келетін адамдар келеді. Мемлекет тарапынан осы тектес адамдарды бағалауы және арнайы бағдарламаларды шығаруы бұл баға жетпес байлық іспеттес. Жалпы ғылымға баулу үшін ғылымды түсінікті және қызықты ретінде жеткізу өте маңызды болып табылады,-дейді жас ғалым.

Меруерт Мәулет өз сөзінде  жас ғалымдарға бірқатар жағдай жасалғанын атап өтті. Жыл сайын шәкірт ақының өсуі, бұл әсіресе магистратура мен докторантурада оқитын, ғылым жолын енді бастап келе жатқан жас ғалымдарға үлкен көмек.

Тіршілік үшін жеткілікті қаражат болатын болса, еш алаңдамай білім нәрімен сусындап, кемелдене беруге болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, жас ғалымдарға арналған арнайы степендия бар, арнайы бөлек жас ғалымдар ғана қатыса алатын «Жас ғалым» мемлекеттік гранттық қаржыландыратын жобалары бар. Мен өзім осы жолғы постдокторантураға түсуге арналған мемлекеттік қаржыландыратын жобаға қатыстым, қазір нәтижесін күтіп отырмын. Бұл менің алғашқы ғалым ретіндегі өзімнің ғылыми ізденістерден туындаған идеямды ұсынған ауқымды жобам,-дейді ол.

Жас ғалым алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін байқауға қатысуды көздеп отыр.  

Меруерт Мәулет ұлттың дамуында ғылым қазақшалану керек деп санайды.

Еліміз әлі дамушы мемлекет болғандықтан әрине ғылым саласында да көптеген өзгерістер ену керек. Соның бірі - мемлекеттік тіл мәселесі. Менің айналысып жатқан салам техникалық сала болғаннан кейін көптеген термин сөздерді сапалы және жұртқа ұғынықты етіп жеткізу біздің міндеттеріміздің бірі болып отыр. Сондықтан қазір орталықта трибология саласы  бойынша қазақша оқу құралдары дайындалып жатыр. Ұлттың дамуында ғылым қазақшалану керек деп ойлаймын. Ғылым бір орында тұрмайды әрқашан ізденіс үстінде болсаң міндетті түрде толқынмен бірге өзгерістер өзіндігінен туындайды. Менен қарағанда алдыңғы буын аға-апаларымыз қажетті өзгерістерді жақсы біледі деп ойлаймын,-деп сөзін түйді Меруерт Мәулет.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ «Машина жасау» мамандығының 2 курс  докторанты, аталған оқу орны құрамындағы «Қорғаныш және функционалды жабындар» ғылыми орталығының қызметкері Нұртөлеу Мағазов та мемлекет тарапынан ғылыммен айналысатындарға көрсетілетін басты қолдау – қаржы деп отыр. Аталған орталық машина жасау, ауыл шаруашылығы, имплант жасау саласында қолданылатын бөлшектердің жұмыс істеу уақытын ұзартатын ресурс үнемдеуші жабын алу технологияларын әзірлеу мен зерттеу жүргізумен гранттық және мақсатты қаржыландыру жобалары аясында айналысады. Жас ғалым бакалавриаттың соңғы семестрінде «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен Польша Республикасындағы Вроцлав қаласына барып, сол жердегі профессорлармен танысу арқылы машина жасау, импланталогия саласында қолданылатын жабындар алу технологияларын меңгерген.

(Фото: Нұртөлеу Мағазовтың жеке мұрағаты)

Нұртөлеу Мағазов та мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған.

Ғалымдардың ойында жүрген, сонымен қатар мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын идеяларды орындауға арналған қаржыландыру жобаларына көп ақша бөлініп жатыр. Соның көп артықшылықтарының бірі студент, магистрант, докторанттарды ғылымға тарту мүмкіншілігі. Ол жас ғалымдарға біріншіден кәсіби өсуді және ауқымды табыс әкелуі мүмкін. Сонымен қатар 2023 жылдан бері Ғылым және жоғарғы білім министрлігі мен «Отбасы Банк» арасындағы келісім арқылы «Жас ғалым» ипотекалық бағдарламасына қатысып, былтыр үйлі болдым. Бұл мен сияқты жастарға үлкен жеңілдік болатыны сөзсіз,-деді Нұртөлеу Мағазов.

Өз сөзінде жас ғалым жастардың ғылым саласына келуін, олардың қызығушылығын арттыру үшін нені назарға алу қажеттігі туралы ойымен де бөлісті.

Көп жерде айтылатын ғылымның имиджі болуы керегі маңызды сияқты көрінеді. Мен ішінде жүргеннен соң ба негізі айналам барлығы осы ғылым туралы, бірақ студенттерден сұраса не екенін түсінбеуі де мүмкін. Осы ғылымның жасалуының бүгіні - докторанттар мен магистранттар болса, ертеңі - сол студенттер. Сондықтан да  студенттердің студент болып жүрген кезінде ғылымға қызығып, магистратураға стипендия үшін емес, сол ғылымға кірсем ғой деген оймен түскені жақсы деген ойым бар,-деді ол.

Еске салсақ, биыл ақпан айында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен алқа отырысы өткен болатын. Отырыста Ғылым және жоғарі білім министрі Саясат Нұрбек  Қазақстан ғылымы мен ғалымдарын дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.  Ғылыми қоғамдастықты ынталандыру үшін ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге артты. Іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми зерттеу орталықтарын тікелей қаржыландыру енгізілді. 2022 жылдан бастап ғылыми зерттеу орталықтарының 700 жетекші ғалымы базалық қаржыландыру шеңберінде жалақымен қамтамасыз етілген.

Жансая Ақбала
Бөлісу: