Дамуға және үздік болуға ұмтылу керек - Ақбота Қайыркен

7 Шілде 2022, 17:59 1810

«Жаңа Қазақстан дипломатиясының дидары» айдарының кезекті кейіпкері - Ақбота Қайыркен

Халықаралық ақпарат комитетінің Үшінші хатшысы Ақбота Қайыркен «Жаңа Қазақстан дипломатиясының дидары» айдары бойынша сұхбат берді, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сұхбаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

– Қайырлы күн, Ақбота. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Алатаудың ақ гүліндей жайнаған Алматы қаласының тумасымын. Аталарым мен әжелерім атышулы Қазан төңкерісіне дейін Солтүстік Қазақстанда қоныс тепкен. Жастайымнан әке-шешемнің ата-бабаларым туралы айтқан әңгімелерін тыңдап өскен мен Қазақстанды жиі аралап, туған өлкемді аралаудан әлі де шаршаған жоқпын. Туған жерге деген махаббат менің дүниетанымымның қалыптасуына әсер етті. Осындай шексіз де риясыз сезім мені Сыртқы істер министрлігіне жетелеп алып келді. Өткен ғасырлардан жеткен аңыз-әңгімелердің ғажайып көркемдігі менің бос уақытымда қолыма қалам алуыма себеп болды деп ойлаймын.

Қандай да бір іске әуестігім жайында айтатын болсам, мен екі-ақ нәрсе істегенді, Қазақстанның әсем жерлерін саяхаттағанды және көшпенді халқымыздың наным-сеніміне, өткен ғасырлар лирикасының сарынындай төгілген балалар ертегілерін жазғанды жанымдай жақсы көремін. Сыртқы істер министрлігіндегі қызметім менің туған жерге деген махаббатымның заңды жалғасы, ал әуестенетін істерім оны ерекше нұрландырып, түрлі түстерге бөлейді.

Сіздің қандай да бір өмірлік ұстанымыңыз бар ма?

– Менің ешқашан қандай да бір өмірлік ұстанымым немесе пір тұтар тұлғаларым болған емес. Меніңше, өмір жолының көпқырлылығы адам ойының икемділігіне орайлас болуы тиіс. Өмірдегі бірқалыптылық мен үшін үрей туғызарлық дүние, себебі онда даму жоқ. Әйгілі адамдардың нақыл сөздерімен келіспеуге болады, өйткені өмірде сүттен ақ, судан таза адам болған емес. Солай емес пе?

– Сіздің жеке тәжірибеңізге келетін болсақ, дипломатиялық жұмыстың ең қызық тұстары қандай?

– Дипломатиялық жұмыс көпқырлы. Қолымнан қаламымды тастамасам да, біздің мекемедегі жұмыстың түсін, оның дәмі мен дыбысының тереңдігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең алдымен, Сыртқы істер министрлігі – бұл біздің адамдар. Менің әріптестерімнің берілген тапсырмаларды орындаудағы жанқиярлығы мені қатты сүйсіндіреді. Менің бұған сүйсінетінім соншалық, «Артта қалуға әсте болмайды!» деп өзімді өзім жігерлендіремін. Сыртқы істер министрлігінің сәйкестігінің біртұтастығын осындай жігерленіп, шабыт алған, жұмыс кестелерінің тығыздығына қарамастан білім мен ғылымға ұмтылған кемел адамдар сомдайды. Меніңше, тыным таппай жұмыс істеу, даму және үздік болуға ұмтылу, бұл – ХХІ ғасырдың табысты адамының бейнесі. Көбіне осы жердегі жұмыс менің өсіп-өркендеу жолыма үзік сызықпен сызғандай бағыт сілтеп, менің мінезім мен ұмтылыстарымның кескін-келбетін айқындады. Үзік сызықпен деп отырған себебім – жүруге мәжбүр болғаннан емес, өте анық жолмен жүру.

Халықаралық ақпарат комитетінің қызметкері ретінде өз тәжірибеме сүйене отырып, дипломатиялық қызмет – бұл әр нәрседен аз-аздап үзіп алу деп айта аламын: бұл медиация да, жан-жақты білім де, коммуникациялар құра білу де. Дипломатия менің көз алдымда лакмус қағазын елестетеді – ол сенің мінез-құлқың мен қабілетіңнің барлық қырларын сәулелендіреді. Бұл – адам жан-тәнімен беріле жұмыс істейтін отандық дипломатияның шынайы бейнесі деп ойлаймын.

Сіз «Жаңа Қазақстанды» өзіңізге қалай елестетесіз?

– Менің арманымдағы «Жаңа Қазақстан» бұл – ата-бабаларымыз мақтан тұтатын, біз сүйсінген және сол үшін болашақ ұрпақ бізге алғыс айтатын ел. Бұл жетілмеген қабілеттер жетіліп, қасиеттер бірегей артықшылықтарға айналатын ел.

Жігерлі жауаптарыңызға рахмет.


Бөлісу: