Даладағы паркоматтардан миллион еуро ұрлаған

Даладағы паркоматтардан миллион еуро ұрлаған

Германияның Бавария аймағындағы Кемптен қаласында автотұрақ қызметінде жұмыс істеген ер адам әйелімен бірге паркоматтардан ұзақ уақыт бойы ірі көлемде ақша жымқырып келгені анықталды. BBC таратқан мәліметке қарағанда, бұл жұп миллион еуродан астам қаржыны қолды қылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тергеу деректеріне сәйкес, инспектор тұрақтағы паркоматтарды бірнеше мәрте ашып, ішіндегі тиындарды алып отырған. Ал түсімнің көп бөлігі әйелінің есепшотына жүйелі түрде аударылып отырғаны белгілі болды.

Қаржы қозғалысындағы күмәнді әрекеттер туралы алғашқы белгі несиелік есеп жасайтын агенттік прокурорларға күдікті транзакциялар жөнінде хабарлама жолдағаннан кейін пайда болған. Қазан айында құқық қорғау органдарына ерлі-зайыптылардың бірқатар банктік шоттарына үнемі түсім түсіп тұрғаны жөнінде ақпарат беріледі. 24 қарашада жүргізілген тінту барысында олар ұсталып, сол күні қамауға алынған. Ер адам 40 жаста, оның жұбайы 38 жаста. Сот шешімі шыққанға дейін олардың есімдері құпия сақталады.

Қазіргі таңда прокуратура бұл іс бойынша 720 эпизодтан тұратын айып тағуды қарастыруда. Алайда ұрлықтың қашан басталғаны және ақша қандай мерзім ішінде жиналғаны әлі белгісіз.

Кемптеннің мэрі Томас Кихле оқиға жайлы білгенде қатты таңғалғанын айтты. Қала басшысы операциялық жүйелерді қайта қарап, кемшіліктерді анықтап, мұндай жағдайдың алдын алуға арналған шараларды әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.