12 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігі Солтүстік-батыс антициклонының ықпалында болады, сондықтан жауын-шашын жаумайды, деп хабарлайды El.kz.
Қазгидрометтің болжамына қарағанда, бүгін еліміздің тек солтүстігі, шығысы және оңтүстік-шығысына циклон мен атмосфералық фронттар әсер етеді.
Осыған байланысты аталған өңірлерде жаңбыр жауады, шығыста, оңтүстік-шығыста – қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Түнде Алматы облысының таулы аудандарында нөсер жауын-шашын болады (жаңбыр жылбысқы қарға ауысады).
Қазақстан бойынша желдің күші - 15-23 м/с, еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысында екпіні 23-28 м/с жетеді.
Күндіз Маңғыстау облысында шаңды дауыл соғады.
Елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында – түнде және таңертең тұман болады. Күндіз Жамбыл облысының таулы аудандарында бұршақ жауады.
Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Абай облысының оңтүстігінде, шығысында, солтүстігінде, орталығында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында, Атырау облысының батысында төтенше өрт қаупі, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғарғы өрт қаупі сақталады.
Түнде Ақмола облысының солтүстік-батысында, Солтүстік Қазақстан обласының солтүстік-шығысында, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының солтүстігінде топырақ бетінде 1-2 градус үсік жүреді.