Дәурен Абаев «Базз Лайтер» мультфильмін прокатқа шықпау себебін түсіндірді

15 Шілде 2022, 18:10 964

Аталған мәселеге қатысты бірнеше өңірде митинг өткізуге өтініш түскен

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев аталған туындыны ел аумағында прокатқа шығармаудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Елімізде цензураға тыйым салынған. Сондықтан министрлік «Базз Лайтер» анимациялық фильмін Қазақстанда көрсетуге тыйым салған жоқ. Менің осыған дейінгі жазбам тыйым салу туралы емес. Мен мультфильм прокатқа шықпайды дедім. Одан әрі БАҚ және бірқатар блогер өз бетінше түйіндеді. Осы орайда бірнеше жағдайды ескерген жөн. Алдымен елімізде аталған мультфильмді көрсетуге тек продюсер Нұртас Адамбай ғана қарсы шықты деген бірқатар медиалық тұлғалардың мәлімдемесі – манипуляция. Желіде «Базз Лайтер» мультфильмін көрсетуге тыйым салуды талап еткен петиция жарияланды. Петиция 35 адамның қолын жинап, 4 мыңға жуық адам оған қарсы шыққан», - деп жазды Дәурен Абаев Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, аталған мәселеге қатысты бірнеше өңірде митинг өткізуге өтініш түскен.

«Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың атына азаматтардан көптеген өтініш түсті. Мәселені жауапсыз қалдыру, ел азаматтарының үніне құлақ аспау деген сөз. Ашық Үкімет сол үшін де құрылды. Екіншіден, азаматтар өтінішінің талдау нәтижесі көрсетіп отырғандай оларды бір жыныстылардың бір-бірін сүйгені ғана толғандырып отырған жоқ. Оларды фильмдегі бір жыныстылардың отбасын құрып, ұрпақ жалғастырып, өмірлік тәртіпке айналдыру фактісінің орын алуы алаңдатып отыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы министрліктің сюжет этикасын бағалай алмайтындығын айтып, бастысы заңға қайшы келмеу керектігін ескертті.

Д. Абаев аталған жайтқа қатысты қоғам үнін жауапсыз қалдыра алмайтындығын да тілге тиек етті.

«Үшіншіден, жоғарыда айтылған жағдайларға талдаудан соң министрлік Қазақстан аумағында кинокартина прокатымен айналысушылармен бірнеше рет кеңес өткізді. Нақты ұсынымдар айтылды. Көрсетілімге тыйым болған жоқ. Фильмдер прокаты бұл бизнес. Ал бизнес кез келген сәтте тәуекелдің болу мүмкіндігін ескереді. Жоғарыда аталған барлық факторды ескере келе фильмді прокатқа шығармау туралы шешім қабылданды», - деп түйіндеді министр.

Еске салсақ, кеше Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қызу талқыға түскен «Базз Лайтер» анимациялық фильмі Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейтінін мәлімдеді.

Бөлісу: