Дәстүрлі музыка конференциясы өтуде

24 Тамыз 2015, 05:25

Астанада дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясы өтуде

Биыл тұңғыш рет Астанада Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңес (ICTM) 43-ші Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясы өтуде. 90 елден келген өнер өкілдерінің басын тоғыстырған халықаралық шара шілденің  22-не дейін жалғасады.  

Дүниежүзілік конференция Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қамқорлығымен Қазақ ұлттық өнер университетінде өтіп жатыр.

Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңес (ICTM) 43-ші Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясының тарихы 1947 жылдан бастау алады. Бұл – әлемнің 90 елінің өкілдерін біріктірген Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес. Конференцияның негізгі мақсаты барша әлем елдерінің дәстүрлі музыкасы мен билерін зерттеу, құжаттау, сақтау және кеңінен насихаттау болып табылады.

ICTM 43-ші Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясының тарихи ерекшелігі – бұрынғы Кеңес Одағы мен Оталық Азия аумағында алғаш рет өтетіні. Шараға 600 астам адам қатысуда.

 

«Осы сияқты шараны өткізу - елімізді брендке айналдыру. Осылайша, біз бүгінде мәдени саясаттың мемлекеттің идеологиялық және саяси-мәдени тұрақтылығының ажырамас бөлігі екенін түсінеміз. Жаһандану кезеңінде барша Еуразия құрлығында мәдениеттің дамуы бізбен байланыста екенін дәлелдейміз», – деді Қазақ ұлттық өнер универститетінің ректоры Айман Мұсақожаева.

Сондай-ақ, Қазақ ҰӨУ ректоры конференция бойынша дәстүрлі музыканың дамуына септігін тигізетін материалдар, жинақтар, оқулықтар әзірленетінін атап өтті.

–Бір апта бойы Қазақтан, АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Бразилия, Түркия, Оңтүстік Африка, Чехия, Ұлыбритания, Канада, Португалия және т.б. мемлекеттердің өкілдері ұлттық дәстүрлі музыка мен өнерді зерттеу саласында пікір алмасатын болады. Шараға қатысушылардың пікірінше, конференция соңында ІСТМ қатысушы мемлекеттердің материалдық және материалдық емес мәдени мұрасын мұрағаттау, зерттеу, сақтау мен құжаттаудың жаңа аспектілері пайда болады, - деді А. Мұсақожаева.

Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңес (ICTM) Басқармасының кезекті дүниежүзілік конференцияны 2015 жылы Астанада өткізу туралы шешімі әлемдік мәдени қоғамдастықтың біздің көп ұлтты және көп конфессиялы елімізге деген мәдени және ғылыми қызығушылықтың артып келе жатқанының дәлелі, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікте беделді көшбасшы бола бастағанының белгісі болып табылады. Астанада өтетін 43-ші Халықаралық конференция - еліміз үшін мемлекеттік маңызға ие аса жауапты, тарихи, ғылыми-мәдени жоба, себебі, бұл көп ұлтты Қазақстанның дәстүрлі музыкалық мәдениетін әлемдік ғылыми деңгейде, әлемдік ғылыми кеңістіктің кең шеңберінде алғаш рет таныстыру болып табылады.

Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңестің (ICTM) 43 Бүкіләлемдік конференциясы «Түркі тілдес әлемнің музыкасы. Жаңа саяси география: ішкі және сыртқы көзқарас» тақырыбынан басталды. Конференцияда «Музыка және биді шығарушылар, жеткізушілер мен орындаушылар», «Музыка, би, адам және қоғам»,  «Табиғи және қалалық ортадағы дыбыс кеңістігін жеке түрде түйсіну», «Музыкалық мәдениеттерді көрнекі түрде таныстыру» секілді тақырыптар көтерілмек.

Зерттеу топтары

Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңес (ICTM) зерттеу топтары ғылыми зерттеудің ортақ саласындағы ICTM мүшелерінің қатарынан құрылады. Олар зерттеу топтарының симпозиумдарында тұрақты түрде кездесіп отырады.

Қазіргі таңда ICTM 18 белсеңді зерттеу топтары келесі бағыттар бойынша зерттеу жүргізуде: Африка музыкасы, қолданбалы этномузыкатану, этнохореология, халық музыкалық аспаптар, дәстүрлі музыканың тарихи көздері, орындаушылық өнер түрлерінің иконографиясы, Макама, Жерорта теңізі аймағының музыкасын, көп қатпарлы/көп дауысты музыканы, музыкалық археологияны, Океанияның музыкасы мен биді, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы музыка мен биді, музыка және жыныстық ерекшеліктерді, музыка және азшылықты, түрік тілдіс елдердің музыкасын, араб елдеріндегі музыканы, Шығыс Азия және Оңтүстік-Шығыс Азияның орындаушылық өнер түрлерінің музыкасын зерттеу.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

Бөлісу: