Дәстүрге берік ұлт

10 Қараша 2020, 16:43 6300

Кәріс халқы – 5000 жылдық тарихымен мақтанады.

Қазақстандағы кәріс этносының тарихына тоқталар болсақ, олардың алғашқы легі қазақ даласына 19 ғасырдың аяғында келе бастады. Жалпы саяси репресиия жылдары Қазақстанға жер аударылған ұлт өкілдерінің ұрпақтары қазақ жерін мекен етті. Тарихи деректерге сенсек, 1937 жылы жер аударылып келген кәріс халқы біздің кең байтақ даламызға келген алғашқы ұлттардың бірі.


Қазақ топырағына аяқ басқан алғашқы корей ұлты өкілдерінің мекеніне айналған өлке – Қызылорда облысы болды. Осылайша алғаш рет сыр өңірінде корей театры ашылып, «Ленин кичи» газеті шыға бастады. Себебі, жер аударылып келген кәрістерге билік тарапынан Қазақстанның күріш өндірісін дамыту жүктелген еді.

Кәріс халқының ұрпақтары осылайша қазақ топырағында өсіп-өне бастады. Олар урбанизациялық процесстерге бой үйретіп, ғылымды меңгеріп, әлеуметтік мобильді топқа айнала бастады сондай-ақ біртіндеп экономикасы дами бастаған Алматы сынды ірі шаһарларға қоныс аудара бастады. Ал, 1997 жылы Астанаға қарай ойысты. 


2015 жылғы санақта көрсетілген деректерге сенсек, Қазақстанды мекендеген кәріс ұлтының саны 106,3 мыңға жеткен. Олардың 1,4 мыңы Ақмола облысына қоныс аударса, 1,5 мыңы Ақтөбе облысына, 3,1 мыңы Атырау, 917 Батыс Қазақстан, 9,4 мыңы Жамбыл, 13,3 мыңы Қарағанды, 3,8 мыңы Қостанай, 7,9 мыңы Қызылорда, 846 Маңғыстау, 9,1 Оңтүстік қазақстан, 1091 Павлодар, 1,4 мыңы Солтүстік Қазақстан, 5,5 мыңы Астана, ал 28,6 мыңы Алматы қаласында тұрады екен.

Деректерге назар аударсақ, Корей Ұлттық Демократиялық Республикасында бүгін де 25 896 495 адам тұрады. Ал, Корей Республикасында 48,5 млн адам бар. Жалпы саны – 82,5 млн. (2013 жылғы дерек).

Тілі

Корей халқының тілі әртекті тілге жатады. Диалекті бойынша бірнеше түрге бөлінеді: солтүстік-шығыс, орталық, оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс сондай-ақ сондағы бір аралдың атауына байланысты чечжду деп аталса керек. Ондағы әдиби тіл орталық диалекті негізінде қалыптасқан. Корей Ұлттық Демократиялық Республикасында жазба саласында корей тілі қолданылса, Корей Республикасында қытай-корей тілі аралас қолданыста. Бірақ, халқы кәріс тілінде тілдеседі.


Діні

Кәрістердің негізгі діні – будда. Десе де христиан дінін ұстанатындар да бар. Буддизм корей мәдениетінің дамуына үлкен ықпалын тигізді. Сол себепті казір будда мәдениетінен сыр шертетін көптеген шіркеулерді кездестіруге болады. Шіркеулер жарқын түстерімен эмоцияға бай тарихымен ерекшеленеді.

Тарихы

Кәріс халқының тамыры Шығыс Азиядан бастау алатын көне ұлттардың бірі. Корей халқының қалыптасуына үш тайпа ықпал еткен. Олар – палеоазиаттық, протоалтайлық және австронезийялық тайпалар. Десе де басымдылық протоалтай тайпасына тән. Біздің эрамызға дейін 1 ғасыр бұрын Оңтүстік Манчжурия және Солтүстік Корей жерінде Чосон мемлекеті пайда болды. Кәріс ұлтының түп тамыры осы Чосон елінен тарайды.


Мәдениеті

Кәріс халқы ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы сақтаған ұлт деп айтуға болады. Олар ғасырдан ғасырға жалғасқан ұлттық мәдениетін, әдет-ғұрпын заман талабына сай жаңа элементтермен толықтырып отырған ұлтқа жатады. Қазір олардың музыкасы, биі, сурет өнері таза күйінде замануи жанрлармен үйлесіміділік таба отырып, үздіксіз дамуда. Корей ұлтының ұлттық музыкасы мен биі екі типке бөлінеді. Қоғамның жоғары тап өкілдеріне арналған өнері мен халық музыкасы және биі болып жіктеледі. Чонак аталған сарай музыкасы шығармашылығымен, әуенділігімен ерекшеленсе, сарай биі кербездігімен, эмоциясын тежей білетіндігімен, ұстамдылығымен айырықша. Жоғары буын өкілдеріне арналған өнер түрі өнбойына осы қасиеттерді сіңіріп әрі сақтай отырып, конфуций ілімін меңгеруге зор ықпал етті.


Минсогак және пхансори атты қарапайым шаруалардың музыкасы эпикалық әндерімен ерекшеленеді. Шаман музыкасы жылдам темпті әрі экспресс ретінде айырықша. Бұл халықтың дәстүрлі биі қарапайым корей халқының тұрмыс-тіршілігі мен еңбекқорлығын, мінез-құлқын, бостандығын және көңіл-күйін бейнелейді. Ал, ұлттық ерекшелігін сипаттайтын дәстүрлі биіне бетперде киіп билейтін, шару биі және шаман биі жатады. Дәстүрлі би арқылы Корей халқының рухани ерекшелігін аңғаруға болады.

Бейнелеу өнері

Көркемсурет өнері Корея мәдениетінің ажырамас бір бөлігі іспетті. Чосон әулетінің билігі кезінен жалғасын тапқан ерекше өнер түрінің тарихы ертеде жатыр. Сол дәуірдің өнерпаздары өз туындыларын жібек матаға, қағазға, өзге де мата түрлеріне арнайы өсімдік және минералды бояулармен салған. Бейнелеу өнерінің туындыларын екі бағытқа бөліп қарастырар болсақ, бірі суретшінің көзқарасымен бейнеленген әлемнің келбеті болса, екіншісі қарапайым халықтың тұрмыстық ерекшеліктері деп айтуға болады. Көркемсурет өнері болғанын және үздіксіз жан-жақты дамығанын бүгінгі күнге дейін жеткен баға жетпес туындылардан байқауға болады.


Кәрістердің дәстүрлі бейнелеу өнерінің батыс өнерінен үлкен айырмашылығы бар. Оның түп тамырында Шығыстың қайталанбас түстері мен дара жолы жатыр. Құмыра жасау өнері, арнайы технологияның көмегімен шалғын шөптен тоқыма тоқу сынды ерекше өнер түрлері жақсы жолға қойылған. Кәріс ұлтында үлкенге құрмет көрсету, үлкенді сыйлау дәстүрі өте жақсы сақталған. Олар адам баласының жас мөлшері мен әлеуметтік статусына қатты көңіл бөледі. Мәселен, сенің жасың 30-ға толған немесе одан да үлкен болса, бірақ әлі үйленбеген болсаң оны үлкен адам санатына қоспайды.

Айтпақшы, Кореяда екі жұптың шаңырақ көтеріп, некеге тұруы – өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі саналады. Ал, ажырасу – бүкіл әулеттің атына кір келтіретін ұят іс ретінде бағаланады. Қайтыс болған ата-бабасын еске алу салты "чере" деп аталады. Ол салт ескі түсінік бойынша соллаль немесе чусок күні яғни жаңа жылда жасалады. Немесе кісінің қайтыс болған күні еске алады.


Сәлемдесу мен «рақмет» сөзі корей ұлты өкілдері үшін өте маңызды. Олар сәлемдесу мен алғыс айту барысында міндетті түрде бастарын иіп, еңкейеді. Иілудің өзі қарсы тұрған адамның жас мөлшеріне қарай өзгереді.

Ұлттық киімдері

Кәріс халқының ұлттық киімі – ханбок деп аталады. Мыңдаған жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан ұлттық киім үлгісі. 100 жыл бұрын ханбок күнделікті киетін киім болған. Қазір кәрістер бұл киім үлгісін үйлену тойы, жаңа жыл, рақмет айту күні секілді ерекше мерекелерде ғана киеді. Ханбок "чогори" атты кеудеше мен "чхима" атты белдемшеден тұрады. Ұлттық бас киімінің атауы "кванмо". Қысқы маусымда кәрістер мақтадан тігілген киімдер киген. Тері өнімдері де өте көп қолданыста болған.


Салт-дәстүрдің ұлттық элементтері өмір сүру салты мен киіну мәдениетінде сондай-ақ отбасылық әрі ұлттық мерекелерде кездеседі. Олардың ұлттық музыкасы бес дыбысты болып бөлінетіндігімен ерекшеленеді. Халық әндері еңбекке баулуға негізделсе, отырыстар мен көңіл көтеруге және ғұрыптарын насихаттауға негізделген түрлері бар. Кәріс халқы мәдениетінің ең бір ерекше тұсы – қуыршақ театры деп айтсақ болады. Сондай-ақ олардың мәдениеті мифологиялық және фольклорлы жәдігерге өте бай.

Қолөнері

Ұлттық қолөнеріне керамика бұйымдарын жатқызамыз. Бұған қоса кәріс қолөнер шеберлері лакпен сырлап, түрлі-түсті инструкция көмегімен жасаған ыдыс бұйымдарын тоқыма және ши өнерін айтуға болады. Кореяда қолөнер шеберлігі өте жақсы дамыған. Бұйымдардың басым көпшілігі күнделікті тұрмыстық қолданысқа ыңғайлы етіп жасалады. Басым көпшілігінде қолөнерге темір, ағаш, мата, лак және глина көптеп қолданылады. Соңғы кездері қағаз, шыны және тері сынды шикізат тұтыну сәнге айналған.

Кәрістер үй салғанда терезені оңтүстікке бағыттап орнатады. Себебі адам баласы көбірек күн сәулесінен энергия алуы тиіс деген ұстанымды жақсы көреді. Олардың үйлерінде ішкі (анчхэ) және сыртқа қанат (саранчхэ) деп аталатын бөліктер болады. Корей халқы жер төсекке ұйықтайтындықтан, жылу жүргізу жүйесі еденнің астынан жылу тарататындай етіп жасалады. Сол себепті, олар жерде отырып тамақ ішіп, жерге ұйықтайды. Есіктен үйге енгенде бірден аяқ киімдерін шешетін әдет осыған байланысты болса керек.

Кәріс халқының негізігі шаруашылығы – егіншілік. Егіншіліктің басты бөлігі – күріш өндірісі. Ал, таулы аймақтарда жүгері сондай-ақ өзге де бұршақты дақылдар өсірумен шұғылданатын тұрғындар баршылық. Кәріс ұлты сонымен қатар мақта, қарасора, темекі, арнайы плантацияларда женьшень, кунжут өсіреді. Ал, көкеністерден асқабақ, баялды (баклажан), пияз, картоп, өсірсе, елдің оңтүстік аймағында батат, қияр, қызанақ өсіреді. Қарбыз, қауын да бар.


Малшаруашылығына тоқталар болсақ, ірі қара мал, шошқа және қой мен құс өсіру жақсы дамыған. Оларда ертеден жалғасын тауып келе жатқан тағы бір шаруашылық – жібек мата өндіру екенін атап айтпасқа болмас. Кореяға жібек мата өндірісі біздің эрамызға дейін ІІ ғасыр бұрын пайда болғандығы туралы деректер бар.

Асханасы

Кәріс халқы өте пайдалы әрі құнарлы сондай-ақ калориясы төмен ас ішкенді ұнатады. Көп жағдайда корей ұлтының асханасы көкеніске бай келеді. Кез-келген отбасындағы дастарханда кимчхи (яки ферменттелген көкеніс, ашытылған қырыққабат және ащы бұрыштан жасалады) мен күріш және сорпа табылады. Ал, қалған тағамдар отбасы мүшелері қалауына қарай тұтыну үшін дастарханға ортақ тарту етіледі.


Кимчжан – бұл ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ерекше мәзір. Оны көбінесе қыс алдында даярлайды. Кәрістер дастарханын кимчисіз елестете алмайды. Себебі оның құрамына қыста өспейтін көкеністер қосылады.


Әйгілі ұлттық тағам түрлеріне пульгоги яғни көмір шоғына піскен ет немесе барбекю, пибимбаб яки көкеністер мен жұмыртқа сондай-ақ чили соусы қосылып пісірілген күріштің аралас сорты, кальби (грильде пісірілген қабырға), манду (түшпара), донка сили чи-чи донкас (ірімшік қосылып, жаншылған тауық еті), кимчи чаге (борщ секілді сорпа тағам) жатады.


Оларда барлық тағамдар дастарханға бір мезетте ұсынылатындығымен ерекшеленеді. Үш түрлі тағамнан бастап патша отбасының дастарханы он екі түрлі мәзірге дейін ұсынған. Дастарханға қойылатын қасық, шанышқы сынды керек құралдар ұсынылатын тағам түріне қарай түрленіп отырады. Қытай немесе Жапон елімен салыстырғанда Корей халқы қасықты көп қолданбайды екен.

Корей бағы

Талайдың таңдайын қақтырған Корей бағы екі мың жыл бойы өмір сүріп келе жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Оның құрылысы қарасаң көз тоймайтын пейзаж іспетті. Барлық бақтарда кішігірім өзен, арық, су қоймалары, жаратылысы ерекше ағаштар, сарқырама, тас бағы, тауды еске салатын өзгеше бұрыштар болады. 


Корей бағын тамашалаған туристер ерекше гармонияға бөленіп, демалуға жағдай жасалады. Кәрістердің дәстүрлі бағы Францияда (Нантада), Мехикода (Чапультепек зоопаркінде), Түркияда (Анкарада), Германияда (Берлинде) бар.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: