Дәрігер: «Газдалған сусындар ағзадағы кальцийді шайып кетеді»

31 Мамыр 2021, 10:28 5405

Травмотолог маман Айдос Сапаровпен сұхбат

 

Қазақта «қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген тәмсіл бар. Расында, медицинаның қай саласы болмасын, адам жаны қысылғанда араша түсуге тырысады. Бүгін біз сөз еткелі отырған травмотология саласы жасты да, жасамысты да айналып өтпейтін тақырып. Сонымен қатар, айтып келмейтін апатқа ұшырағандар алдымен осы травмотолог мамандардың көмегіне жүгінеді. Осы ретте біз Қызылорда облысындағы медициналық орталықтың травмотология бөлімінің меңгерушісі, кәсіби маман Айдос Сапаровпен тілдескенді жөн көрдік.


 

Травматология – бұл тірек-қимыл қызметінің зақымдануы туралы медициналық ғылым. Бұл сала жарақаттардың себептерін, оларды емдеу әдістерін және салдарын зерттейді, әлеуметтік сақтандырумен, қауіпсіздік техникасы, гигиена және еңбекті қорғаумен байланысты. Травматология саласы травматология және ортопедия мамандықтарының бірігуі нәтижесінде қалыптасқан. Травматология көп жағдайда шұғыл шаралар үшін қолданылады. Өйткені ол тірек-қимыл аппаратының жарақаттарын диагностикалау және емдеу үшін арнайы жасалған. Ортопедия, әдетте, жоспарлы емдеумен айналысады, себебі ортопедтің қызмет ету саласы зерттеуді, диагностиканы, емдеуді, тірек-қимыл аппаратының аурулары мен деформацияларының алдын алу әдістерін қамтиды.

 

Тірек-қимыл аппаратының туа біткен және жүре пайда болған аурулары (омыртқа, кеуде және аяқ-қол) кездеседі. Тірек-қимыл аппаратының аурулары мен жарақаттарының алдын алу, диагностикасы және емдеу әдістерін жетілдіру халықтың денсаулығын сақтауға, жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруге, емдеу ұзақтығын қысқартуға және оның сапасын арттыруға көмектеседі.

 

Медицина саласы қарқынды дамымай тұрып, белгілі ғалым, пәлсапашы, дәрігер Ибн Сина буын ауруларынының емделу жолдарын өз еңбектерінде жазған. Ерте кезден-ақ аталмыш ауру тұрмыстық орта болғандықтан талайды толғандырған. Батыс елдеріне Авицина атымен белгілі ғалым – Ибн Сина медициналық энциклопедиясына түрлі жарақат, сыну және буын ауруларының емдеу жолдарын баяндаған. Х ғасырдың өзінде травматогиялық құралдарды қалай пайдалану керектігін суреттеп, көркем бейнелеген. Бүгінге дейін өз күшін жоймаған әдістердің біршамасы медицина саласында қолданылып келеді.

 

«Қазір үлкен кісілерге де операция жасауға мүмкіндік зор»

 

Айдос Дарханұлы 30 жылға жуық тәжірибесі бар білікті дәрігер. Бүгінде ол жетекшілік жасайтын бөлімшеде өзінен бөлек үш дәрігер халық игілігі үшін қызмет етеді. Жалпы Сыр өңірінде травмотология бөлімшесі 1968 жылы ашылған. Ал 1998 жылы сол кездегі қысылтаяң кезеңге орай оптимизация әсерінен жалпы хирургия бөліміне біріктірілген. Арада үш жыл өткен соң травмотология бөлімі қайтадан жеке бөлім ретінде жұмыс істей бастаған.

 

-  Жалпы, жыл сайын емделетін науқастардың саны шамалас. 2018 жылы – 728, 2019 жылы – 775, 2020 жылы – 744 науқас біздің бөлімнің қызметіне жүгінген. Осы уақытқа дейін де, бұдан кейін де қолымыздан келгенше науқастардың емделіп, жақсы көңіл-күймен үйіне қайтуы үшін барымызды салып жатырмыз. Алайда олардың дені ауруын асқындырып, жанына қатты батқан шағында келеді. Көбіне біздің бөлімге егде жастағы кісілер жиі түседі, - дейді Айдос Дарханұлы.

 

Жоғарыда атап өткендей, былтырғы жылы келген 744 науқастың 262-сі – жоспарлы түрде, 476-сы жедел түрде түскен. Ал биыл қаңтар-наурыз айларының аралығында 200 пациент осы бөлімде емделген. Жедел түрде түсетін науқастардың дені сынықпен келеді екен. Ал жоспарлы түрде емделетін буын аурулары, яғни артрозбен (тізе және жамбас буындарының деформациялы остеоартрозы) ауыратындар.

 

- Жедел түрде түсетін науқастарға тоқталып өтсем, олар көбіне сан сүйегінің мойын сынықтары сынған, жасы егде тартқан – қартайған кісілер. Қазіргі таңда бұл жағдайды операция бойынша реттеп, науқастардың хал-ахуалын оңалтып жатырмыз. Бүгінгі таңда заманауи технологиялардың жетілу нәтижесінде жаңа әдістерді кеңінен пайдаланып, операция арқылы аяққа тұрып кеткен қарт кісілер көп. Қазір регионалды анестезия кеңінен қолданылады. Бұл науқасқа да, ота жасаушы маманға да ыңғайлы, ауру есін жоғалтпайды, - дейді бөлім меңгерушісі.

 

Бұрындары үлкен кісілер наркозға жарамаймын деп көп ем-домға келісе бермейтін. Ал қазір ұршығы сынғандардың дені операция әсерінен ауруынан айығып шығуда. Осындай кіші инвазивті оталарды ендіруге байланысты жас үлкен науқастардың жағдайының жақсару деңгейі өсіп, соған сәйкес өмір сүру ұзақтығы да артады екен.

 

- Мәселен, ұршық сынғанда гипс салу тиімсіз. Сол себепті уақытылы дәрігерге қаралып, операция көмегімен емделген дұрыс. Кейбір ауруханаларда дәрігерлер гипс салуға кеңес береді. Ал бізде мамандар өзара кеңесіп, эндопротез жасалады. Егер ауру асқынып кетсе, алғашқы үш айда науқас қайтыс болуы мүмкін. Сондықтан бар мүмкіндікті қалт жібермей, денсаулыққа күтім жасау қажет», - деп кеңес береді Айдос Дарханұлы.

 


«Кальций жетіспеушілігінің алдын алу қажет»

 

Травмотологтың айтуынша аталмыш ауруға жиі шалдығатындар көбіне әйелдер, яғни науқастардың 60 пайызы әйел адамдар екен. Олар климакстан кейін, немесе қатты депрессиядан кейін осындай дертке шалдығып жатады. Бұл ауру организмде кальцийдің жетіспеушілігінен пайда болады. Ал үлкен кісілер жасы келген соң, оларда сүйек жұқару кезеңі басталады. Сондықтан травмотологиялық аурулардың дені кальциймен тікелей байланысты екенін дәрігер айтып өтті.

 

- Дәрумендерге бай көкөністер мен сүт өнімдері кез келген аурудың алдын алады. Кальцийдің ағзада жеткілікті көлемде болғаны дұрыс, кальций балықта, тоңбада (холодец) көптеп кездеседі. Сондай-ақ қазіргі таңда халық газдалған сусындарды көп тұтынады. Ал бұл организмдегі кальцийді шайып кетеді. Әсіресе, жастар газдалған сусындарды көп ішеді. Бұл олардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз, - дейді кәсіби маман.

 

Травмотологтың пікірінше, қазақта жасы ұлғайып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін өмір сонымен тоқтап қалғандай сезінетін адамдар кездеседі. Алайда кімнің дәм-тұзы қашан таусылатынын ешкім де білмейді. Сондықтан қанша жасқа келсе де, денсаулық ерекше көңіл бөлгенді керек етеді. Айдос Дарханұлы осы менталитеттен арылып, өмір сүруге деген құлшынысты бір сәтке болса да жоғалтпау қажеттігін алға тартады.

 

- Бізде аяғы ауырса, төсек тартып жатса, «Төрімнен көрім жақын» деп айтатын үлкен кісілер көп. Олай болмайды. Ауруханаға келсе, дәрігерлер оның жас мөлшеріне қарамай, аман-есен, отбасына дені сау қалпында оралуы үшін қолынан келгенін аянып қалмайды. Сол үшін бірде-бір мүмкіндікті қалт жіберуге болмайды. Мысалы, бізге аяқ-қолы балғадай ірі жігіттер түсіп жатады, наркоздан кейін есін білмей, әрең дегенде қалпына келеді. Ал кейбір қарт кісілер наркозды жеңіл еңсеріп кетеді. Нақты бір кесімді шешім айтуға болмайды. 94 жастағы кісі де операциядан кейін аман-есен отбасына оралған. Көбіне үлкен кісілерге ота жасап жатамыз. Сондықтан туысқандардың, көршілердің сөзінен гөрі, нақты диагнозға сену керек, - дейді жанашыр маман.

 


«Буын ауруына шалдыққандарға жылына 200 эндопротез жасалады»

 

Енді травмотологиялық аурулардың ішінде жоспарлы түрде түсетін науқастардың жай-күйіне тоқталсақ. Жылына буын ауруымен, яғни тізе және жамбас буындарының деформациялы остеоартрозы ауруынан емделетін науқастардың 200-не эндопротез жасалынады. Бұл да операция арқылы жүзеге асады. Байқасаңыз, жасы егде тартқан адамдардың денін тізесі сырқырап мазалайды. Бұл да ағзадағы кальций мөлшерімен тығыз байланысты, сонымен қатар физикалық жүктеменің шамадан тыс көптігі не аздығы да өз әсерін тигізеді деген пікірді дәрігер алға тартты.

 

- Тізе буыны тегіршектерінің зақымдануы және шеміршектің дегенерациясына артроскопия операциясы жасалады. Бұл да кіші инвазивті операция түріне жатады. Тізе буыны ішіне бес миллиметр кіші тілікпен бейнекамера енгізіледі де, екінші жағынан микрохирургиялық құрылғылардың көмегімен жарақаттанған тегіршек тігіледі және дегенерацияланған тегіршектер алынып тасталады, - дейді операция барысын түсіндірген дәрігер.

 

Сонымен қатар бөлім меңгерушісі соңғы жылдардағы көрсеткішке де тоқталып өтті. Пандемияның әсерінен көше жарақаты, жол көлік апаты біршама азайғанын алға тартады. Ал үлкен қалаларда пандемия кезінде керісінше тұрмыстық жарақат көбейгенін сөз етті. Өйткені онда тұрғындардың басым көпшілігі көпқабатты үйлерде тұрады. Психикалық тұрғыда, бұл қарым-қатынасқа кері әсерін тигізеді екен. Жанжалдардың көбеюіне, қарым-қатынастың нашарлауына әкеледі. Карантин кезіндегі көлік қозғалысының азаюы жарақаттың төмендеуіне септігін тигізген.

 

- Біздің травмотология бөлімінде екі жоғары санатты, екі бірінші санатты дәрігерлер жұмыс істейді. Алайда біз заман ағымына сәйкес, мастер-класстарға қатысып, үнемі өз білімімізді шыңдауды басты назарға аламыз. Телемедицина арқылы аудан дәрігерлеріне кеңес беріледі. Облыстық орталық болған соң, бүгінде Қармақшы, Арал, Шиелі аудандарынан келетін науқастар саны өсті, - дейді Айдос Сапаров.

 

Білікті дәрігер Айдос Дарханұлы халықты салауатты өмір салтын сақтап, жат әдеттерден алшақ болуға шақырады. Денсаулықты күте білу – жақсы өмір сүрудің басты кепілі. Күн сайын операция жасайтын дәрігер алдағы уақытта кімді не күтіп тұрғаны белгісіз, сол себепті қай жаста болмасын, медицина көмегіне жүгінуден бас тартпаған жөн екенін алға тартты. Сонымен қатар дәрігерден халық емшілігіне қатысты пікірін сұрағанымызда:

 

- Қазақта «ауруың сынық болсын» деген бар. Сынықтан басқа ауруды, онкологиялық, созылмалы аурулардың тәуіп жағалап жүріп емдеу мүмкін емес, қайта асқындырып алады, - деп жауап берді.

 

«Жас кезіңде тамақты дәрі сияқты талғап ішпесең, қартайғанда дәріні тамақ сияқты ішесің» дейтін тәмсіл бар. Сол себепті травмотолог дәрігер кез келген аурудың негізгі салдары дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынын, сондықтан құнарлы тағамдарды тұтынуды дағдыға айналдыру қажеттігін қоса кетті. Маманның кеңесіне құлақ асып, денсаулықты күте білейік!

 

(суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: